Түркістанда жазушы Бабыр Отызбаймен кездесу өтті

Түркістан төрінде қаламгерлермен кездесу жиі ұйымдастырылады. Оқырман үшін де, шығармашылық тұлғаға да пайдасы зор екені анық. «Кітап пен қалам – руханияттың қос қанаты» атты шығармашылық кездесу бұл жолы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Отызбай Бабырға арналды. Кездесу барысында ол шығармашылық жолы мен шабыт бастаулары туралы сыр шертті, жүрекжарды жырларын оқып, жастарды кітап оқуға, әдебиетке құштар болуға шақырды. Әдебиет пен руханиятқа арналған бұл шара оқырмандарға тың ой, жаңа серпін сыйлап, көпшілікке рухани азық болды. Шара соңында «Фараб» кітапханасы директорының орынбасары Шахмира Шаматайқызы қонаққа ризашылығын білдіріп, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» көптомдық кітабын естелікке сыйға тартты. Сондай-ақ, оқырмандармен еркін сұхбаттасып, кітап оқудың маңызы мен жас ұрпақ үшін рухани құндылығы жайында ой қозғады. Шара соңында естелік суретке түсіп ерекше көңіл-күйде тарқасты.

Отызбай Бабыр 1996 жылдың қараша айының Түркістан облысы Кентау  қаласында дүниеге келген. Жастайынан  тек ертегі ғана емес үйдегі бай кітапханадан «Бес ғасыр жырлайды», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», «Ғашықтар», «Алтын құс», Сәкен Жүнісов, Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Әуезов сынды алыптардың шығармасымен сусындап өседі. Мол мұраны атасы мен әкесі жинақтаған.

«Бойында дарыны бар  дараланып тұратын жастардың бірі, қарапайымдылығымен айналасындағы жандарды өзіне баурап, шынайылығымен  бірден көздің жауын алатын, көңілділігімен  адамдардың  жай-күйін сезініп, өзіне деген сенімділігімен  қандай істі болмасын тиянақты орындайды» дейді жақындары. Мектеп қабырғасындағы Бабыр тұйық мінезді, көпке сыр ашпайтын, арманшыл бала болған. Арманшыл бала  бастауыш сыныпта-ақ  қиялға ерік беріп, түрлі ертегілер жаза бастайды. Кейін жоғары сыныптарда балалық сезімдер тек ертегі жазумен шектелмей, алғашқы өлең жолдарын жазуға түрткі болды. Жазған өлеңдерін өзінен өзгеге көрсетпей жасырып, тасада қалдыруды жөн санайтын. Ол мектеп бітіруін күьпей, бір жыл қалғанда, яғни 10-сыныпта медициналық колледжге оқуға түседі. Бабырдың бойындағы таланты мен талабы ұштасып, оқуды үздік тәмамдайды. «Іште қайнап жатқан бір нәрсені қалайда сыртқа шығару керек» деп түсінген Бабыр колледжді қызыл дипломға бітіргеніне қарамастан, 2017 жылы Түркістан қаласындағы  Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өнер факультеті,соның ішіндегі «Актерлік өнер» мамандығына тапсырады. Сөйтіп қатарластары арасында ақындығымен көзге түсе бастады. Әлеуметтік желіге  жариялаған өлеңдері оқырманның ыстық ықыласына бөленіп жатты. Екінші мамандығын сонау бала кезден ұнатып, жанына жақын тұтқан Бабыр театр саласын зерттей түседі. Осылайша драматургиялық бағыттағы шағын пьесалар жаза бастаған болатын. Тәлім берген ұстаздары бұл қырын жоғары бағалап болашағынан үлкен үміт күткен. Қазіргі таңда ол Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында режиссер болып жұмыс істейді. Ұқыпты  ісімен көзге түскен жас маман иесі мәдени іс-шаралар сценарий де жазады. 2023 жылы ақынның «Айдин» атты кітабының тұсауы кесілді.

Түркістан қаласы