Түркістанда шығармашыл балалардың байқауы өтті
Түркістанда «Ақылдыммен ақылдымын» атты балаларға арналған байқаудың іріктеу кезеңі өтті. Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты балалар кітапханасының ұйымдастыруымен қаладағы Сабыр Рахимов атындағы жалпы орта мектебінде ұйымдастырылды.
Байқаудың мақсаты жас ұрпақтың білімге, ғылымға, өнерге қызығушылығын арттыру, балалардың шығармашылық және ойлау қабілеттерін дамыту, дарынды, белсенді балаларды анықтап, қолдау көрсету болып саналады.
Байқау үшін кезеңді қамтыды. Алдымен «Мен қандай адам боламын», содан кейін «Баспасөзбен бірге өсіп келемін»,
«Мен оқығанды жақсы көремін» және «Ертегі менің ертеңім» кезеңдері бойынша балалар өздерің зеректілігімен, ой ұшқырлығымен ерекшеленіп, бақ сынасып, өз өнерлері мен білімге деген талпыныстарын көрсете білді.
Байқауға «Ақылдым» журналының бас редакторы, «Қызмет» газетінің директоры, «Серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы Нарымбетова Бейсенкүл Жақсыбекқызы, «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының балалар бөлімінің кітапханашысы Жетпісбай Балнұр Зейнұрқызы және N2 Хамза атындағы жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Орынбасарова Гүлжаһан әділқазылық етіп, балаларды білімі мен өнерлеріне сай бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды Түркістан қалалалық орталық балалар кітапханасының оқырманы Бабаев Нұрсаян, №6 кітапхана филиалының оқырманы Мансуржанова Чарос және №11 кітапхана филиалының оқырманы Сейтмурза Айша иеленді. ІІ орынды №9 кітапхана-филиалының оқырманы Хасанова Насиба иеленсе, Түркістан қалалалық орталық балалар кітапханасының оқырманы Дүйсенбай Әбибулла І орынды иеленді. Заманауи кітапхана оқырманы Әбдіразақ Мейірім Бас жүлдені иеленіп, облыстық байқауға жолдама алды. Байқауға қатысқан барлық балалар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жалпы бұл байқау Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының бастамасымен бастау алған болатын. Жыл сайын дәстүрлі түрде аудан-қалаларда өткізіліп, содан соң облыстық кезеңі қорытындыланады.
Түркістан қаласы



