Түркістанда шағын футболдан үздік полиция командалары анықталды
Қазақстан полициясы күні қарсаңында Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері арасында шағын футболдан дәстүрлі жарыс ұйымдастырылды. Спорттық шараның басты мақсаты жеке құрам арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, ұжымдық бірлікті нығайту және қызметкерлердің дене даярлығы мен кәсіби шеберлігін арттыру болып саналады.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ғалымжан Қуашбаев қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, мұндай спорттық сайыстардың қызметкерлер арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және кәсіби даярлықты жетілдіруге ықпал ететінін жеткізді. Ол өз сөзінде: «Полиция қызметкерлері үшін жоғары дене дайындығы, төзімділік, тәртіп пен жауапкершілік – күнделікті қызметтің ажырамас бөлігі. Бұл жарыс ұжымдық ұйымшылдықты арттыруға зор үлес қосады», – деп атап өтті.
Жасыл алаңдағы тартысты ойын нәтижесінде І орынды Кентау қалалық полиция бөлімі, ІІ орынды Түркістан облысы Полиция департаментінің аппараты, ІІІ орынды Ардагерлер командасы иеленді. Жеңімпаз командалар Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының грамотасымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Спорттық дода тәртіп сақшыларының ұйымшылдығын, төзімділігі мен жеңіске деген жігерін айқындап, қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын дәріптеу бағытындағы жарқын шаралардың бірі болды.

