Түркістанда «Оқырман іздейміз» жобасы қарқынды

 

Түркістанда қаламгерлердің шығармалары кеңінен насихатталып, көпшіліктің кітап оқуға деген қызығушылығы артып келеді. Бұған бір емес, бірнеше қадам жасалып жатыр. Соның бірегейі «Оқырман іздейміз» жобасы аясында «Парақтан парасатқа» атты кеш өтті. Негізінен қаладағы саябақтар мен демалыс орындарында ұйымдастырылады.

Түркістандағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының балалар бөлімі ұйымдастырған бұл танымдық кеш қаланың жас оқырмандарына ерекше көңіл-күй мен шабыт сыйлады. Президент саябағында өткен шарада кітап көрмесі мен шығармашылық тапсырмалар, «Тапқыр бол, шатаспа, қазынаға жет!» атты сергітетін танымдық ойын, мольбертте табиғат аясында сурет салу, викториналық сұрақ-жауаптар ұйымдастырылды. Шараның мақсаты балаларды кітап оқуға ынталандыруға, оқырман мәдениетін қалыптастыруға және шығармашылыққа баулуға бағытталған. Шара соңында белсенді қатысқан балаларға естелік сыйлықтар табысталды.

Кезекті шара Спорт күніне орай ұйымдастырылды. Бұл жиында қатысушыларға арналған тақырыптық FitBook: «Шымыр оқырман — ойлы ұрпақ» атты кітап көрмесі, логикалық тапсырмалар мен қимыл-қозғалысты қажет ететін ойындар ұсынылды. Арқан тарту секілді күш пен шапшаңдықты сынайтын жарыстар қатысушылардың қызығушылығын арттырып, жеңімпаздар естелік сыйлықтармен марапатталды. Осындай әсерлі кештер алдағы уақытта да жалғасын табады дейді ұйымдастырушылар. Әр бейсенбіде әр бөлім түрлі тақырыпта өткізеді. Жаз мезгілінде осындай ашық алаңда өткізілген кеш – кітаппен дос болудың тағы бір жарқын дәлелі болды.

Түркістан қаласы