Түркістанда халықаралық жастар күніне орай мерекелік концерт өтті

 

Түркістан қаласында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай «Жастармен Birge» атты гала-концерт өтті. Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған мерекелік шараның мақсаты – жастардың қоғамдық-саяси, мәдени және әлеуметтік өмірде белсенділігін ынталандыру. Сондай-ақ жастардың жетістіктерін атап өту, оларды қолдау арқылы жастардың қоғамдық өмірдегі рөлін нығайтуға бағытталған.


Арнайы ұйымдастырылған мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жастарды мерекемен құттықтады. «Құрметті жастар! Сіздерді Халықаралық жастар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Түркістан облысында 671 мыңнан астам жас тұрады. Бұл – облыс халқының 30%-дан астамын құрайды. Яғни, Түркістан – нағыз жастардың өңірі! Облысымызда жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, білім беру және мәдени-спорттық әлеуетін дамыту бағытында нақты шаралар қабылдануда. 2025 жылдың өзінде ғана 22 мыңнан астам жас түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдауға ие болса, 800 жуық жас Серпін бағдарламасы аясында солтүстік өңірлерге оқуға түсті. Түркістан жастары бүгінде республика деңгейінде ғана емес, халықаралық алаңдарда да табысты өнер көрсетіп келеді. Бұл – сіздердің еңбекқорлықтарыңыздың, ұмтылыстарыңыздың жемісі» деген Ертай Кенжебекұлы облыстың дамуына үлес қосып жүрген, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан бірқатар азаматтарға алғыс хат тапсырды. Оның қатарында Ордабасы ауданы өрт сөндіру бөлімінің бас маманы Ұзақбай Нұрболат, Шардара ауданы «Оңтүстік Жарық Транзит» 2 категориялы инженері Қарабалаев Бахтияр, Түркістан қаласы Startup weekend бойынша 1 000 000 теңге қайтарымсыз қаржы алып кәсіп ашқан жас көлік желімдеушісі Құрманбаев Рахым, Төлеби ауданы бір отбасын өрттен құтқарып қалған ерікті жас Иманалы Асыл, Түркістан қаласы қалалық емхана психолог маманы Атажанова Мақпал, Түркістан қаласы «Талғат» клиникасында урологиялық операцияларды сәтті жүргізіп жүрген білікті уролог дәрігер Иманқұл Дінмұхамет, Отырар ауданы Отырар аудандық «Ветеринариялық қызметі» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Вет дәрігері Аман Нұрдос, Сарыағаш ауданы «Сұңқар Мед клиникасы» ЖШС директоры Бердалыұлы Сұңқар, Бәйдібек ауданы Жасыл саябақ мемлекеттік мекемесінің электригі Әуелхан Мирас Бағланұлы, Түркістан қаласы ерікті жас Ермахан Нұрдаулет бар.
Әрі қара мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Гала-концертте жергілікті өнерпаздар мен жастар арасындағы танымал әншілер өз өнерлерін ортаға салып, жиналған қауымға есте қаларлықтай мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Түркістан қаласы