Түркістанда еліміздің күйшілері бақ сынады

 

Түркістан төрінде қасиетті күй өнерін дәріптейтін республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауы өз мәресіне жетті. Түркістандағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының концерттік залында өтті. Еліміздің әр өңірінен келген 23 қатысушы екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңде Сүгір Әліұлы мен Төлеген Момбековтің таңдаулы шығармаларынан классикалық күй орындадды. Содан соң екінші кезеңде оркестр сүйемелдеуімен жеке домбырамен өнер көрсетті. Бұл күйшілердің орындаушылық шеберлігімен қатар, сахна мәдениеті мен күйді терең сезіну қабілетін бағалауға бағытталған.

Өнер сайысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жүзбай Жанғали, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының доценті, ҚР Мәдениет қайраткері күйші-зерттеуші Әбуғазы Мұрат, ҚР Мәдениет кайраткері Шымкент Саз колледжінің ұстазы Анашев Марат, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сүгір» атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің дирижеры Шыңғыс Исаев, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының аға ұстазы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Салтанат Құдайбергенова әділ қазылық етті.

 

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Алматы облысынан келген қатсушы Мейірбек Әзімбаевқа бұйырды. І орынды Назымбек Сатпанов (БҚО Орал қаласы), ІІ орынды Асқарбаева Аяулым (Астана қаласы) мен Тұрлыбай Нұрлыбек (Шымкент қаласы), ІІІ орын Сейілхан Сайлауов (Қарағанды облысы), Жүнісбек Медет (Алматы қаласы) пен Жақсылық Ғалымжан (Түркістан облысы) иеленді.
Сондай-ақ үш қатысушы байқау дипломанты атанды. Олардың қатарынжа Бүркіт Қадірәлі (Маңғыстау облысы), Досымжан Маханбетхан (Қызылорда облысы), Шәріп Мағжан (Астана қаласы) бар. Бұдан бөлек Төлеген Момбеков атындағы арнайы жүлде Ақтілек Дәулетоваға (Алматы облысы), Нұрғиса Тілендиев атындағы арнайы жүлде Кубат Темірланға (Қарағанды облысы) және Сүгір Әлиұлы атындағы арнайы жүлде Дінмұхаммед Сұлтанға (Түркістан облысы) табысталды.

Өнер сайысын Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев ашып беріп, Ұлттық домбыра күнімен құттықтаған болатын. Сондай-ақ бұл шараның ұлттық өнерді дәріптеуде маңызды екенін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Марапаттау рәсімен қатысып, бас жүлдені табыстады. Ал қазылар алқасының төрағасы Жүзбай Жанғали сайыстың тартысты өткенін айтып, алғысын білдірді. «Үміткерлердің барлығы да талантты. Көбісі шәкірттеріміздің шәкірттері келіп отыр. Біз үшін өте үлкен мәртебе. Себебі мына байқаудың мазмұны бұл осы Оңтүстік өңірдің, мына Қаратаудың күнгейі мен теріскейінің фольклорін насихаттайтын ерекше бір мазмұнды оқиға деуге болады. Мынау мемлекеттік мерекелермен қатар, Ұлттық домбыра күні бар ғой. Сол мереге орай осы «Күй құдіреті» байқауы ұйымдастырылып отыр. Қасиетті Түркістан өңірінде өнер жәрмеңкесі болып жатыр. Баршаңызға мың алғыс, қазақ өнері жасай берсін» деді.

Байқауды Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған. Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан байқаудың мақсаты – мәдени мұра мен ұлттық болмысты насихаттау, ұлы даланың төл өнері саналатын күйді ұлықтау, оңтүстік аймағының күй өнерін дәріптеу. Сондай-ақ дарынды орындаушыларға жол ашып, жас буынды дәстүрлі өнерге баулу, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру.

Түркістан қаласы