Түркістанда батагөйлер сайысы өтті
Киелі Түркістанда халқымыздың асыл мұрасы – бата беру дәстүрін насихаттауға арналған «Қыдыр дарып, бақ қонсын» атты бата-тілек айту байқауы өтті. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жас буынның бойына ата-баба аманатын сіңіріп, бата беру мәдениетін кеңінен насихаттау мақсатында өткен байқауды Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастырды. Мәдениет үйінің директоры Шәмет Лиза «Ұлттық рухты ұлықтап, бабалардан жеткен тағылымды дәстүрді дәріптеуге, бірлік пен ынтымақты арттыруға бағытталған мұндай байқау көрерменге ерекше әсер сыйлап, қатысушылардың бата өнеріне деген қызығушылығын арттырады» дейді.
Байқау шымылдығы «Бата – адал азамат тәрбиесінің бастауы» атты театрландырылған қойылыммен ашылып, одан әрі өнерпаздардың ән шашуымен жалғасты. Іс-шара барысында қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқауға төрт буын өкілдері қатысып, өз өнерлері мен білімдерін сынға салды. Атап айтқанда, ата буыннан – 5 қатысушы, әке буыннан – 2 қатысушы, орта буыннан – 2 қатысушы және бала буыннан – 8 қатысушы бақ сынады.
Қазылар құрамында медицина ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысбеков Қыдырәлі, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының төрағасы Темірхан Асылхан, Философия және теология ғылымдары докторы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-і дінтану кафедрасының профессоры Кенжетеаев Досай болды. Қатысушылар екі кезең бойынша өнер көрсетті. Бірінші кезеңде әрқайсысы өз таңдауларындағы баталарды мәнерлеп жатқа айтып, сөз саптау шеберлігін танытса, екінші кезеңде ұлттық дәстүрлер мен батаға қатысты сұрақтарға жауап берді. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.

