Түркістанда балаларға арналған жаңа кітап жарық көрді

 

Жақында Түркістан қаласында журналист, «Сарасөз» журналының құрылтайшысы Гүлжаз Қарыбектің «Достардың махаббаты» атты балалар хикаяты оқырманға жол тартты. Түркияның белгілі қаламгері Фатма Гүнердің бұл туындысын аудармашы түрік тілін жетілдіру барысында қолға алып, соңында қазақ оқырманына танытуға бел байлайды. Шығарманың терең мазмұнын балаларға жеткізуді ойлаған. Туынды жайында қаламгер «Бұл еңбек – таза қызығушылықтан туған дүние. Осы авторды оқуды Мұхит Төлеген бауырым ұсынған еді. Мазмұны жүрегімді тербеген соң, уақыт өте келе тәржімалауға бекіндім.Бүгінде бұл кітапты балалар да, ата-аналар да, ұстаздар да алғыс айтып оқып жүр. Достықтың жөні бөлек қой… Ал достар махаббатының хикаясы – көптің көкейіндегі мәселені қозғай отырып, соның шешімін де көрсетеді» дейді.

Қаламгердің бұл ниетін Ыбырай Алтынсарин атында балаллар кітапханасының директоры Рысбек Летаев қолдай кетіп, демеушілік жасайды. Аудармадағы тырнақалды бұл туындысын тек балалар ғана емес, ата-аналар мен ұстаздар қауымы да оқыса артық етпейді. Неге дейсіз бе? Себебі баланың жанын түсінуге көмектеседі. Біз күнделікті мән бере бермейтін, тіршіліктегі қарбаласты сылтау етіп ұмыт қалдыратын құндылықтарды қайта қарауға мүмкіндік береді. Тым өбектеу пең қатаң тәртіптің аражігін ажыратады.

Қазақ тілінде жарық көрген «Достардың махаббаты» атты балалар хикаяты балалық шақтан басталған достықтың, еңбек пен адалдыққа негізделген табыстың көркем көрінісі. Аталған шығармада бала кезден фабрикада қатар жұмыс істеген екі достың өмір жолы суреттеледі. Олар өмірдің түрлі сынақтарынан бірге өтіп, қиындық пен әділетсіздікке мойымайды. Табандылық олардың ерекшелігі болады. Уақыт өте келе екеуі де жоғары білім алып, инженер-механик мамандығына қол жеткізеді. Мұны достық пен еңбектің, сенім мен төзімділіктің жеңісі ретінде көруге болады. Кітап авторы – Түркияның белгілі қаламгері Фатма Гүнер (1926–2004). Оның балалар кітаптары мен романдары күні бүгінге дейін оқырман арасында сұранысқа ие. Жалпы хикаятты бір деммен аз уақытта аяқтайсыз. Беті де көп емес, бұл дегеніміз балалар үшін де ұтымды. Үлкенге құрмет те, кішіге ізет те, отбасы құндылығы да, ең бастысы нағыз достық үлгісі де көрсетілген. Кейде себебін білмей біржақты ойлайтынымыз бар, мұнда да досының ауырып жатқанынан бейхабар Сәлім оның әкесіне мінез көрсетеді. Кейін естіген соң бұл қылығына қатты ұялып, Хаканға қарай құстай ұшады. Досын көріп көңілі толған ол да ауруынан айығып, қатарына қосылады. Сондай-ақ балаларды фабрикаға жұмысқа орналастырған соң, жалпыға ортақ тәртіппен еңбекке баулуы, қаржылық сауаттылыққа үйретуі де әкенің көзге көріне бермейтін қамқорлығын көрсетеді. Ал қос ұлдың анасын суреттеу арқылы дүниеде ешнәрсе тең келмейтін мейірім мен қамқорлықты түсіндіреді.

Аудармашының ұстазы, белгілі журналист, профессор Бекжігіт Сердәлі әлеуметтік желі парақшасында шәкірті туралы ой бөлісіп, жаңа туындымен құттықтаған. «Гүлжаз Қарыбек шәкіртімінің Түркияда білім іздеп жүргеніне биыл төртінші жыл. «Уақыттың жүйрік шабысы бір сәтке де аялдатпай, құйындай ұйтқып өтеді екен» деп өзі мойындайтындай, «Қазақстан әйелдері» журналында, «Түркістан» телеарнасында, Түрксойда қызмет еткен жылдары сағымдай боп артта қалыпты. Қазір өзі де «Сарасөз» әдеби журналын шығарып отыр. Артына қарап, әр күнінің ізденіске, әр қадамының жаңа бір белеске бастар баспалдақ болғанына шүкіршілік етеді. Енді жеті жұрттың тілін білмек ниетте. Қазақ, қырғыз тілдерінде еркін сөйлейді, көркем жазады. Түрік тілін оқып, тілді меңгеріп алса, нағыз полиглоттың өзі болып шыға келмек. Байқаймын, тәуекел деп аудармаға ден қойыпты. Кешегі шыққан кітабы соның айғағы. Түрік балалар жазушысы Фатма Гүнердің «Достардың махаббаты» хикаятын қазақша сөйлетіпті. Бұл бір-біріне арқау бола білген екі баланың еңбекпен, адалдықпен өрілген жолы туралы көркем хикаят. Олар бала кезден фабрикада бірге жұмыс істеп, өмір мектебінен бірге өтті. Ыстық пен суыққа, әділет пен әділетсіздікке де бірге төтеп берді. Уақыт өте келе армандарын жүзеге асырып, жоғары инженер-механик дәрежесіне дейін жетті. Кітаптың беташар сөзін ұстазы Ұлжан Жолдасова жазды. Беттелуіне осы жолдардың авторы да менімен бірге үлес қосты. Мұқабасына суретші Мұрат Шахан сән берді. Редакторлық еткен Еңлік Қалдарханға, қателерін түзеген Гүлсім Елубайға алғысы шексіз» дейді ұстаз парақшасында.

Түркістандық оқырман Бағила Абзейтова өз пікірінде: «Хакан мен Сәлім» – достықтың дастаны, еңбектің жемісі! Бұл хикаятты оқи отырып, балалар тек қызықты оқиғаға куә болып қана қоймайды, сонымен бірге еңбекқорлықтың, адалдықтың, шынайы достықтың шынайы құнын сезінеді. Фатма Гүнердің жүрекке жетер шығармасын қазақша сөйлеткен Гүлжаз Қарыбекке алғысымыз зор. «Кітап – бала санасының қалқаны» десек, дәл осы туынды жас оқырманды сабырлы болуға, мақсатқа ұмтылуға, қиындыққа мойымауға тәрбиелейді. Біз, кітапханашылар, бұл еңбекті балаларға ұсынуға қуаныштымыз. Өйткені әр оқырман осы кітаптан өзіне күш-қуат пен шабыт табады» дейді.

Кітаптың таныстырылымы қыркүйек айында Түркістанда өтеді. Шынайы достық, еңбекқорлық пен адамгершілік құндылықтарын насихаттайтын бұл туынды балалар әдебиетінің маңызды бір бөлігіне айналмақ.

Түркістан қаласы