Түркістанда балалар арасында Несіпбек Айтұлының шығармалары насихатталды
Түркістан қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасында №28 мектеп-лицейі оқушыларының қатысуымен ақын, аудармашы, журналист Несіпбек Айтұлының туғанына 75 жыл толуына орай «Өлеңнің қазынасы кеудем менің» атты танымдық сағаты өтті. Қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан Несіпбек Айтұлының шығармашылығын жас ұрпаққа таныту, поэзиясының тереңдігін ұғындыру, жас оқырмандардың әдебиетке, ұлттық рухани құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру, патриоттық сезім мен елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған.
Мазмұнды жиын аясында ақынның кітаптарынан кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандар назарына ұсынылды. Арнайы бейне көрсетілім арқылы қаламгер шығармашылығы таныстырылды. Шара барысында қатысушылар Несіпбек Айтұлының өмір жолы мен шығармашылық мұрасынан ақпарат алды. Сонымен қатар ақынның өлеңдері оқылып, әдеби пікірталас жасалды.
Несіпбек Айтұлы — қазақ әдебиетінің алтын қорына енген, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген ақын. Оның шығармалары жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге, поэзияға жақындатуға үлкен ықпал етіп келеді.
Түркістан қаласы



