ТҮРКІСТАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖӘРМЕҢКЕСІ ТҰРАҚТЫ ТҮРДЕ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Түркістан қаласында Жаңа жыл мерекесі қарсаңында, азық-түлік тауарлары жеңілдетілген бағада саудаланды. Жәрмеңке 1 мөлтек тұрғын ауданында өтіп, онда көкөністер, ет және сүт өнімдері, дәнді дақылдар ұсынылды. Жалпы 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауарлар қолжетімді бағада саудаланды.
Атап айтқанда жұмыртқа данасы – 40 теңге, ас тұзы – 45 теңге, бөлке нан– 70 теңге, картоп, сәбіз – 100 теңге, І сұрыпты бидай ұны – 190 теңге, қарақұмық жармасы – 220 теңге, сүт – 260 теңге, күнбағыс майы – 520 теңге, сиыр еті – 2000 теңгеден саудаланды.
«Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бастамасымен жыл бойы дәстүрлі түрде өткізілген жәрмеңкелер бағаны тұрақтандыруға тікелей ықпал етті.
Айта кетейік, биыл Түркістан, Кентау қалаларында 180 рет азық-түлік жәрмеңкесі өтті. Ұйымдастырушылар келесі жылы да көшпелі жәрмеңкелерді өткізу жоспарда бар екенін жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі