Түркістанда «Әзірейілдің көз жасы» кітабының аудармасы таныстырылды
Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында Ясауитану ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері, ақын, аудармашы Файзулла Гүлназдың мұрындық болуымен халықаралық деңгейдегі ерекше әдеби шара өтті. Іс-шараға арқау болған дүние жаңа кітаптың таныстырылымы еді.
Түркияның көрнекті балалар жазушылары Махмут Өзқожа мен Бүлент Уйғурдың «Әзірейілдің көз жасы» атты туындысы қазақ тіліне аударылған болатын. Шығарма соғыс кезінде отбасынан айырылған алты жасар Афра есімді қыздың жан азабы арқылы бейбіт өмірдің қадірін ұғындыратын, адамгершілік пен мейірімге үндейтін терең мағыналы туынды болып саналады.
Тағылымды жиынды Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Досбол Ислам жүргізді. Іс-шараға түркиялық жазушылар мен түркістандық оқырмандар қатысты. Тұсаукесер рәсімінде лента қию құрметі түркиялық жазушы Бүлент Уйғур мен кеш модераторы Досбол Исламға табысталды. Іс-шара соңында қонақтарға кітапхана атынан естелік ретінде «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» атты кітап сыйға тартылды.
Ал кітапхана қорына «Әзірейілдің көз жасы» және өзге де кітаптар сыйға ұсынылды.
Түркістан қаласы





