Түркістанда «Алтынсарин оқулары» байқауы қорытындыланды

Киелі шаһардағы Оқушылар сарайында «Алтынсарин» кітапханасы филиалы ашылған болатын. Жаңа орында «Алтынсарин оқулары» байқауының қорытынды кезеңі өтті. Жиынға Оқушылар сарайы директоры Индира Сарқытқызы мен Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы директоры Рысбек Ермекұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Бірінші кезеңде қатысушылар Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерін мәнерлеп оқып, бейнежазба түрінде жіберу керек еді, ұйымдастыру алқасына 100-ге жуық видео келген. Барлық қатысушылар үлкен дайындықпен, шабытпен, тамаша өнер туындыларын жолдаған дейді ұйымдастыру алқасы. Сайысқа түсушілердің өлең оқу мәнері, видеоның сапасы және көркемдігі ескерілді. Қазылар алқасы құрамында аталған кітапхананың бөлім меңгерушісі Жұмабай Баян Әбдіқадырқызы, Халықаралық туризм және меймандостық университеті тілдер кафедрасының оқытушысы Аблова Гүлнар, Оқушылар сарайы «Қазақ тілі» пәнінің жетекшісі Қоңырбаева Назгүл болды.

«Алтынсарин оқулары» байқауы кітапхана филиаланың ашылуына және Республика күніне орай ұйымдастырылған болатын. Алғашқы кезеңде жүзден аса оқушы қатысып, сайыста оза шапқан 14 оқушы қорытынды кезеңде өзара сынға түсті. Қазылар алқасының шешімімен І орынды Рахым Иманәлі, ІІ орын Әбдіманап Балжан, ІІІ орынды Серікбай Алима иеленсе, қалған қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Түркістан қаласы