Түркістанда Абайдың 180 жылдығына арналған мерекелік кеш өтті

Қазақ халқының маңдайына біткен хакім Абайдың биыл 180 жылдығы елімізде кең көлемде атап өтілуде. Абай Құнанбайұлы тек ақын, ағартушы ғана емес, талай шәкіртке ұстаз, көпке үлгі. Сонымен қатар қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, сазгер, аудармашы, саяси қайраткер, либералды көзқарасын ислам дініне таяна отырып, орыс және Еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор.

Қазақтың ұлы ақынының 180 жылдық мерейтойына орай Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» кешенінде «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты мәдени кеш өтті. Іс-шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы мен зиялы қауым өкілдері, шығармашылық ұжымдар мен қала тұрғындары қатысты.

Бағдарлама аясында «АКА» шығармашылық орталығы мен Аяз Илясовтың орындауындағы Абай шығармаларынан композиция ұсынылды. «Самғау», «Әмина», «Бисұлтан» би ансамбльдері, «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблі, Дәулетбек Нұрбол, Райымбек пен Дана дуэті, сондай-ақ «Меломен» тобы көрермендерге ақынның мәңгілік туындыларын паш етті. «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы» сияқты ұлы ақын әндері мен халық күйлері орындалып, би қойылымдары көрсетілді.

Кештің мақсаты – хакім Абайдың мол мұрасын насихаттау, жастардың рухани тәрбиесіне ықпал ету және ұлттық мәдениетті дәріптеу. Абайдың «Физули, Шәмси, Сәйхали». «Сап, сап, көңілім», «Шәріпке», «Абралыға», «Жақсылыққа», «Кең жайлау», «Қансонарда» секілді шығармалары, аудармалары мен қырық бес қара сөзі оқырман үшін мәңгі мұра болып қалары анық. Бүгінгі ұрпақ әрбір өлеңін жатқа оқып, өмірлік бағытына жол бастары хақ. Төрт мезгілді танып, әр сөзінен ғибрат алса нұр үстіне нұр. Жиын барысында көрермендерге арналған викториналық сұрақтар қойылды. Жеңімпаздарға сыйлық берілді. Осылайша Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты танымдық мағлұматтар ұсынылды.

Түркістанр қаласы бүгінде жаңаша бағытта дамуға бет алған. Қаланың әрбір мәдени ғимаратында түрлі шаралар ұйымдастырылып, руханият өмірі қайнап жатады. Зәулім ғимараттар бой көтеріп, жақында Мәдениет үйі ел игілігіне берілмек, құрылысы бітуге таяған мәдени ошақты тек өнерпаздар ғана емес, қала тұрғындары да асыға күтіп жүр.

Түркістан қаласы