Түркістан тарихының алтын қазынасы

Шойтөбе қалашығы (Шауғар) Шойтөбе ауылынан шығысқа қарай 1,5 км жерде, ал Түркістан қаласынан оңтүстік шығысқа қарай 5 шақырымда орналасқан. Көне Шауғар қалашығы – біздің өлкеміздің ең көне мәдени-тарихи орталықтарының бірі. Қала батыс-шығыс бағытында созылған, өлшемі 400 х 275 м бұрыс тіктөртбұрышты екі қабатты дөңес түрінде сақталған.

Жалпы Шахристанның оңтүстік бөлігінің ортасында батыстан шығысқа қарай созылған іргесінің өлшемі 8,1 гектар, цитадель өлшемі 180 × 90 метр, биіктігі 60м болатын үлкен дөңес түріндегі цитадель орналасқан. Цитадельдің 1-3 қабаттарында тұрғын үй қалдықтары анықталды: еден қабырғалар, суфа, тандыр, толтырылған ошақ. Бекініс қабырғасының бетінде, 8-ші деңгейде (3 құрылыс көкжиегі) өңделмеген кірпіштер қырынан қаланыпжабылған 4 мұсылмандық жерлеу орындары аршылды. Ескерткіштің қорғау аймағы 15,2 гектар. Цитадельдің бекініс қабырғасының сыртындағы қабаттары аршу кезінде қазіргі қабаттағы қаланың алаңқайынан анықталған 10-11 жоғарғы құрылыс көкжиегі керамикасының сынықтары кездеседі.Қорғаныс қабырғалары, мұнаралар мен ор қазбалары жақсы сақталған.

Негізінен Шахристан ішінде тұрғын үйлер, шеберханалар, діни орындар болған. Табылған бұйымдар қатарында қыш ыдыстар, әйнек бұйымдар, алтын сырғалар, тұрмыстық заттар бар. Шойтөбе – тек жергілікті маңызы бар нысан емес, бүкіл қазақ халқының өткенінен сыр шертетін елеулі мұра. Тарихи-мәдени мұраны қорғау,қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық қызметкерлері танымдық мақсатта ескерткіштің жай күйімен танысып қайтты.

Шауғар-Шөйтобе қаласы негізінен
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты археологиялық ескерткішке жатады. Шауғар VIII-XIII ғасыр аралығында өзі аттас аймақтың орталығы болды. Қаланың негізі II-III ғасырларда қаланған, ол туралы араб жазба деректерінде X ғасырдан бастап мәліметтер кездеседі.

Белгілі Араб географы әл-Истахри «Фараб аймағының бас қаласы Кедерден Шауғарға дейін бір күндік жеңіл жүріс» деп жазады. Ал Мақдиси болса «Шауғар бекініс қорғаны жақсы дамыған үлкен қала, оның мешіті қала базарының жиегіне орналасқан» деп баяндайды.

Қала XIII ғасырдың басында Хорезм шахы Мұхаммед ибн Текештің қол астында болды. Моңғолдардың шабуылынан сескенген шах Сырдарияның оң жағалауындағы біраз қаланың тұрғындарын сол жағалаудағы қалаларға көшіріп, бос қалған қалаларды өртке ұшыратады. Алайда, қаладан кетпей қалған тұрғындар сол маңнан Шойтөбе I, Шойтөбе II деген қоныстарды салып XV ғасырға дейін өмір сүрді. XIV-XV ғасырларда Әзірет Сұлтан кесенесі салына бастағанда Шойтөбе қоныстарының халқы Ясы-Түркістанға көшіп келеді. «Шойтөбе» атауы осы маңды IX-XII ғасырларда қоныс еткен Оғыздардың Шой деген тайпасынан қалған белгі. Түркістанның солтүстік бетінде сол заманнан кешеге (XX ғасыр) дейін адам жерленіп келген «Шой мола» деген мазарат бар.

Түркістан қаласы