ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС АЙЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында нашақорлыққа қарсы жаппай күрес айы басталды. Жиын халықаралық нашақорлық және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған. Шараның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов арнайы қатысты.
«Түркістан облысында «Есірткісіз болашақ!» ұранымен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы айлық іс-шарасы басталды. Облыс жастары мен балалар арасында есірткіге қарсы иммунитет және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатындағы шараның маңыздылығы бөлек. Еліміздің өркендеуіне, дамыған елдердің қатарына қосылуына және денсаулығы мықты елді қалыптастыру жолында және киелі қаламыздың дамуына аянбай еңбек етіп, баршаңызды Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырамын», деді Бейсенбай Тәжібаев.
Облыста 2024 жылдың 4 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 289 дерек анықталған. Оның ішінде есірткі сату бойынша 12 дерек, есірткіні контрабандалық жолмен тасымалдау бойынша 64 жайт тіркелген. Заңсыз айналымнан 116,6 келі есірткі заттары тәркіленді. Сондай-ақ биылғы 3 айда синтетикалық есірткіні жарнамалаған 60 ақпараттық сайт бұғатталған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі