Түркістан кітапханашылары ұлттық құндылықтар насихаттады

Түркітілдес халықтар кітапханасының ұйымдастыруымен «Керуен сарай» кешенінде өткен «Күмбірле, қоңыр домбыра!» атты мерекелік іс-шара көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Іс-шара барысында ұлттық аспапқа арналған кітап көрмесі таныстырылып, келушілерге танымдық және викториналық сұрақтар қойылды. Кешен аумағында серуендеп жүрген тұрғындар мен қала қонақтары шараны қызығушылықпен тамашалап, ұлттық өнердің әсем әуеніне куә болды. Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, Түркістан облыстық медиация кеңесінің төрағасы, «Бітімгер медиаторлар» қоғамдық бірлестігінің басшысы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Бақытжан Жармаханұлы Бейсембаев өз пікірін білдірді. Сұхбат барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, домбыра өнерінің жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны және ұлттық мәдени мұраны насихаттаудың маңыздылығы жөнінде ой қозғады. Ынтымақ пен берекенің мәнін түсіндірді. Сонымен қатар ұлттық өнерді ұлықтауға бағытталған мұндай іс-шаралардың тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.

Мазмұнды бағдарламаға сәйкес жас домбырашылар күй орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ ақын Әйгерім Жұмабай өз шығармасын оқып, кештің көркін аша түсті. Іс-шара соңында домбыра өнерін насихаттауға белсенді қатысқан жас өнерпаздарға Құлбек Ергөбектің жаңа туындысы – «Өзбекәлі Жәнібек кім?» кітабы сыйға тартылды.