ТҮЛКІБАС АУДАНЫНЫҢ КӨКПАРШЫЛАРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Шымкент қаласында көкпардан ерсектер арасында республикалық турнир өтті. Жарыстың мақсаты – биыл елімізде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына үздіктерді іріктеу.
Дүбірлі сынға еліміздегі көкпар спорты өте жақсы дамыған Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының аудандарынан жасақталған 7 мықты команда қатысты. Ұлттық құраманың мүшелері сынға түсті.
А тобында Түлкібас ауданы (Түркістан облысы), Жамбыл ауданы (Жамбыл облысы), Қазығұрт ауданы (Түркістан облысы) және Тұран ауданының (Шымкент қаласы) командалары шеберлік байқасты.
Б тобында Шымкенттің Абай, Қаратау аудандары мен Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданының көкпаршылары өзара кездесті. Әр топта бірінші орын алғандар чемпиондыққа таласса, екінші орын алғандар қола жүлде үшін күш сынасты.
Турнир барысында сенсациялық нәтиже тіркелді. Түлкібас командасы Жамбыл командасын 4:2 есебімен жеңді. Жамбыл командасы Қазақстанда қарсылас шыдатпай жүрген «Әулие ата» командасының көкпаршыларынан жасақталған. Ұлттық құрама мүшелерінен құралған бұл команданы түркістандықтар 5-6 жылдан бері жеңе алмай келе жатқан еді.
Бұл жолы білікті көкпаршы, бапкер Жаныс Саевтың ұтымды тактикасының нәтижесінде түлкібастықтар жеңіске жете білді. Жамбылдықтар Шымкенттің азулы Тұран командасын 10:0 есебімен жеңгенін ескерсек, түлкібастықтардың бұл жеңісінің маңызы айрықша екенін аңғарасыз. Оған қоса Түлкібас көкпаршылары облыс чемпионы Қазығұрт көкпаршыларынан 7:3 есебімен басым түсті.
Өз тобында бірінші орын алған Түлкібас командасы финалда Шымкенттің Абай ауданының командасын 9:7 есебімен жеңіп, турнир чемпионы атанды. Екінші орын Абай ауданына бұйырса, қола жүлдені Жамбыл ауданының командасы жеңіп алды.
Жеңімпазға 8 млн теңге тапсырылса, екінші орынға –6 млн, үшінші орынға 4 млн теңге көлемінде сыйлық берілді.
Айта кетейік, Түркістан облысында көкпарға тиісті қолдау көрсетіліп, жас буынға басымдық берілуде. Нәтижесінде Түлкібас ауданы командасы сапында 18-20 жастағы жігіттер команданы алға сүйреді. Жүректі әрі білекті жас жігіттер ешкімнен сескенбей, аса тәжірибелі, аға буын көкпаршыларды айқын жеңіп, Түркістан өңірінде жаңа толқын пайда болғанын дәлелдеді. Бұл өрендер ұлттық құрамаға іріктеліп, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады деп жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі