Туған өлкем – бақыт мекенім.

Менің туған жерім тау етегінде орналасқан жүз отбасы тұратын шағын Әбжапар Жылқышиев атындағы ауыл. Иә осы бір  кішкентай ғана ауыл менің бақыт мекенім, менің жаныма жайлы қонысым, маған бақыт пен қуаныш әкелетін алтын ордам. Неге дейсіздер ғой? Ендеше, Мұқағали атам «Үш бақытым» деген өлеңінде жырлағандай сіздерге талдап берейін.

«Ең бірінші бақытым – халқым менің». Ауыл тұрғындарының жарқын көңілдері, кішіпейіл, әдепті мінездері өзгеше. Алыстан қонақ келсе, барын алдына тосатын қонақжайлылығымен, мектепке барар жолда амандасқанымда батасын беретін аталарыммен, апаларыммен  бақыттымын. Ауылдағы әрбір адам маған бауыр, туысқан, жанашыр. Біз бұл ауылда тек бір атаның ұрпақтары секілді тату-тәтті тұрамыз.

«Ал екінші бақытым – тілім менің». Иә, ауыл тұрғындары тек ананың сүтімен берілген қасиетті қазақ тілін шұбарламай, оның көркемдігі мен әсемдігін сақтап сөйлейді.  Үлкен тұрғанда ешуақытта кіші сөйлемейді. Аталарымыз күнде ас алдында бата бергенде бәріміз ұйып тыңдаймыз. Апаларымыз бесік жырын айтып, дүниеге келген сәбилерді қазақтың салт-дәстүрін сақтай отырып, бесікке салады. Немере, шөберелерін ертегімен жатқызып, «айым», «күнім» деп еркелетіп оятады.

«Бақытым бар үшінші – Отан деген». Менің ауылым қарасаң көз тоймайтын көркем табиғатымен, демалсаң тынысыңды ашатын таза ауасымен ерекшеленеді. Мұнда жылдың төрт мезгілінің сұлулығы айқын байқалады. Табиғаттың осындай әсемдігін көру үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен ауылымыздағы тау етегінде орналасқан «Тау қымыз» емдеу шипажайына  адамдар ағылып келіп-кетіп жатады.

«Үш бірдей бақытым бар алақанда, мені мұндай бақытты жаратар ма?!» — деп, Мұқағали атам жырлағандай мен осы ауылда туылғаныма бақыттымын. Өскенде өз ауылымның өсіп өркендеуіне үлесімді қосамын. Себебі, Әбжапар ауылы – менің бақыт мекенім!

 

Доқтырәлі Бірғаным Жуасханқызы, Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, №4 шағын орталықты орта мектебінің 3 сынып оқушысы 

Жетекшісі: Конкашова Фарида Болатқызы