Туған жер, тауың да ыстық, тасың да ыстық…

Халқымыздың пейіліндей кең көсілген жеріміз өн бойына небір құпияларды бүгіп жатқандығы сөзсіз. Тау мен тасқа тіл бітсе, талай сырды ақтарып салар ма еді, кім білсін?.. Әсіресе туған жер төсіндегі тұмса табиғатты Тәңірдің таңғажайып тартуы демеске лажымыз жоқ.
Біздің ата-бабаларымыз ежелден-ақ қоршаған ортамен етене өмір сүріп, ашық аспан астында талай мәдени мұралар қалдырған. Балбал тастарға адам, жартастарға үй жануарлары мен аң бейнелерін көркем етіп қашап жазып қалдырып отырған. Елімізде «Аң стилі» өнерінің ежелден дамығаны республикамыздың түкпір-түкпірінен табылып жатқан таңбалары тастарда айқын көрініс тауып, мәңгілікке бедерленіп қалғанын да жоққа шығара алмаймыз.
Жалпы күнделікті өмірде күйбең тіршілікпен көп нәрсеге мән бермейміз. Әсіресе ауылда тұрса да айналасындағы жер-су атауларына көңіл бөлмейтін азаматтарымыз да жоқ емес. Жуалы ауданындағы Қаратау қойнауында толған тарих тастар мен жартастарда, ескі қорғандар мен қорымдарда сайрап жатыр.
Мәселен, Қаратас ауылының іргесіндегі Келтесайда сонау сақ дәуірінен жеткен тас бетіндегі суреттер бар. Бірақ бүгінде ашық аспан астында жатқан ол тастар көнере бастапты. Бетін мүк басқан. Жылтыр тастардағы суреттердің көбі көмескіленіп, аң-құстардың бейнелері әрең көрінеді. Тастарға тауешкілердің суреттері қашалып салыныпты. Мұнда балбал тас та бар.
Қаратау қойнауында петроглифтер де жетерлік. Оның бірі Қызтоған ауылының жоғарғы жағында орналасса, бір бөлігі Қаратас ауылында. Ондағы петроглифтер Қауынбай сайындағы бір төбені тұтас алып жатыр. Жартас бетінен аң аулап жатқан барыс, түйе, тауешкілер дейсіз бе, басқа да суреттерді кездестіруге болады. Оның ішінде таңбалар да бар. Келесі қыраттарда да осындай кескіндемелер мол екен. Бірақ тасқа қашалып салынған көп суреттер көмескіленіп, өшуге айналыпты. Оның үстіне жартастың көп жері құлаған. Қаратас петроглифтері орналасқан төбенің өзі желдің өтінде екен. Қазіргі жартастың жай-күйіне қарап, екі мың жылдық тарихы бар суреттерді алдағы уақытта сол күйінде сақтап қалу мүмкін болмайды-ау деген ойға қаласың.
Алтынбек Қартабай,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
(суреттерді түсірген автор)

Арай Газеті