Трамптан көмек сұрағандарға жауап!


ОТАНЫМ!

Осы жер мекенім,
жатағым,
тұрамын,
шаршасам жатамын!
Қиналып,
қалжырап жүрсем де,
Мен сені сүйемін,
Отаным!

Мен сенен күш алдым,
от алдым,
Сондықтан жауыма қаталмын!
Ұрпағым жыламау үшін де,
Мен сені сақтаймын,
Отаным!

Біреудің болғанша отары,
Ұл болып өлейін баталы!
Қорғаймын елімді,
жерімді,
Тек сен тұр артымда,
Отаным!

Естіртпен дұшпанның жат әнін,
Жолына көлденең жатамын!
Көнемін азапқа,
тозаққа,
Сен үшін,
сен үшін,
Отаным!

Шығарған даламның атағын,
Бұл дала мекені — атамның!
Шенділер көзге ілмей жатса да,
Жат жұртқа қимаймын,
Отаным!

Қимылын бағамын бұтаның,
Ұғамын сырын да жотаның!
Ешқайда сыймаймын мен сенсіз,
Сенімен егізбін,
Отаным!

Мен сені сатпаймын айтарым,
Мен сенен күтпеймін қайтарым!
Кейде мен жабырқап қайтамын…
Басымнан сипашы,
Отаным!