ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ АЯҚТАЛДЫ, КАРАНТИН САҚТАЛДЫ…

АЛ ДАҒДАРЫС ПЕН ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ҚАЛАЙ ЖЕҢЕМІЗ?

Екі айға созылған Төтенше жағдай – әлемді қайдам,  еркіндікті сүйетін қазақ үшін тым ауыр сынақ болды. Оған мұнайдың құлдырауы мен доллардың «мың бұрауы» қосылғанын қалай айтпай кетерсің. Жұт жеті ағайынды демекші, қымбатшылық та құлағын қылтитып қояды.

Әлемдік кризистің «дауылы да» жақындап келе жатқанын ескерсек, ел  экономикасына «арық атқа қамшы ауырдың» кебі келейін деп тұр.

Карантиндегі екі ай уақыт билікке де, халыққа да үлкен сабақ болса игі. Билік үшін – елдегі кәсіпорындардың аздығы, орта бизнестің мүшкіл халі, тек мұнайға иек артудың салдарынан туындап отырған қиындықтар ескерілуі тиіс.

 

«5-10-20» және «Отбасы банк» кімге тиімді?

 

Накопления в ЕНПФ хотят использовать как первоначальный взнос по ...

 

“Әлемде 400 миллионнан астам кәсіпорын банкрот алдында көрінеді” деді президент сөз арасында. Жасырмайық, кәсіпорны көп елдер бақытты екен деген бір ой бүлк ете қалды ішімізде. Түгі жоқ елдер бастықтарын банкрот етер  дейміз-дағы.

Ал халыққа Мұхаметжан Тазабеков  балам  жырлағандай:

…Әріден түсінейік әрбір жайды,

Ешкім келіп шамыңды жандырмайды.

Аузыңа әкеп ақ майды салмаса да

Өкімет өзегіңді талдырмайды… дегенді айтқымыз келеді. Мемлекет қысылтаяң кездерде өз халқына қарасатынын көрсете білді. Бұған да шүкір дейміз! Ешкім көштен қалып жатқан жоқ. Қаншама миллион халық 42500 теңгені алды. Қаншама миллиондар жоқ-жітікке таратылды.

Мемлекетке кінә артатындай қолдан жасалған зауал емес бұл, барша әлемді шарпыған індет.

Иә, 11 мамыр күні төтенше жағдай режимі алынып тасталды. Бірақ бұл карантин аяқталды деген сөз емес. Мемлекет басшысы елде коронавирус індеті шарықтау шегінен өтті деді. Лайым солай болсын! Бірақ қауіптің беті толық қайтты деуге бас санитардың өзінің жүрегі дауаламай тұрған секілді.

Қауіп демекші, елдегі індет жұқтырғандар саны 5138-ге жетті. Әлі де (егер сақтану шарасы ескерілмесе) көбейе түсе ме деген күдік басым.

5138 адам. Аз сан емес. «Қазақстанның ең басты байлығы – оның халқы» деген Ата заңымыздың алғашқы бабын ойға алсақ, көңілде түрлі ойлар көлбеңдейді…

Сонымен төтенше жағдай аяқталғанымен, карантин сақталады. Сонда қалай?

Жағымды жаңалықтың бірі «5-10-20» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылып, «Отбасы банк» құрылады.

Зейнетақы жинағын пайдалану мәселесі ше? Жұмыссыздық жайы қалай шешіледі?

Күні кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылатын ТЖ тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысын өткізіп, бірқатар мәлімдеме жасады.

Нақтысы, 11 мамыр Төтенше жағдай аяқталды. Дегенмен карантиндік шектеулер әлі де сақталады.

«…Індеттің шарықтау шегінен өттік. Бүгін бүкіл еліміздегі Төтенше жағдай режимі аяқталды. Алайда, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр. Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады», – деді Президент.

Соған қарамастан, Мемлекет басшысының сөзінше, көптеген саланың қызметі қалпына келе бастады. Қазірдің өзінде 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шықты. Бүгіннен бастап еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады. Саябақтар ашылады. Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. Бұған дейін 6 қаланың әуежайы ашылған болатын. Енді оған тағы 7 қала қосылады.

 

 

ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚТАРҒА ТОЛЫ МӘЛІМДЕМЕ

 

Көптеген шектеулер алынып тасталды. Алайда, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн. Үкімет жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізуі қажет. Шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істеуі керек.

Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс.

Облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер қала береді.

Қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен жұмыс істейді.

Жолаушылардан бетперде тағу талап етіледі.

Көшеде топтасып жүретіндер 3 адамнан аспауы керек.

Мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істей береді.

Жеке кәсіпорын басшылары қанша қызметкерді жұмысқа шығаратынын өздері анықтауға тиіс.

«Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл – ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе. Жұмыс орнында әлеуметтік арақашықтық және қатаң санитарлық режим сақталуы қажет. Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін», – деп ескертті Мемлекет басшысы.

Індет қайта өршіген жағдайда Үкімет нақты шұғыл іс-қимыл жоспарын дайындамақ.

Әлемде 400 миллионнан астам кәсіпорын банкрот болудың алдында тұр. Дегенмен елімізде қаржы қоры жеткілікті, жаңа ахуалға көзқарас айқындалған.

Отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған мемлекеттік сатып алудың ерекше тәртібі ағымдағы жылдың тамыз айына дейін сақталмақ.

Инфрақұрылымдық бағдарламалар бойынша жерсіндіру деңгейі 70 пайызға дейін көтеріліп, Үкімет пен әкімдердің, квазисектор компаниялары басшыларының жұмысы негізінен осы көрсеткішке қарай бағаланбақ.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауылшаруашылығына қолдау жасалып, кооперациялық тізбекті егістік даласынан дүкенге дейін толық дамытуға күш салынатыны жоспарлануда.

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген 1 триллион теңгеге жуық қаржыны, Президент, шағын бизнесті несиелеуге де ұсынды. Ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашу қажет.

Баспанамен қамтуда «7-20-25» сынды «5-10-20» несиелік тұрғын үй жобасы іске қосылатыны күтілуде. Осы орайда «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» аясында «Отбасы банк» мекемесі дүниеге келмек.

Ел арасында қызу пікірталас тудырған зейнетақы жинағының бір бөлігін қазірден кәдеге жарату бастамасы тұрғысында Үкімет 1 шілдеге дейін түпкілікті бағыт-бағдарын анықтауы тиіс.

Жалақыдан табыс салығын ұстауда айлығы аздарға жүктемені азайту арқылы еңбегінің ақысын «тығылып» алатындарды заңдастыру көзделуде.

Қаржы нарығын реттеу агенттігіне қарызға батқан азаматтарды оңалтуға қарайласу тапсырылды.

Тағы бір оң жаңалық, келесі жылдан шағын қаржы ұйымдарын лицензиялау енгізілмек.

Бірыңғай жиынтық төлем төлеу арқылы белгілі болған жандарды барынша экономикаға белсенді тарту межеленіп отыр. Бұл тұста жұмыссыз ретінде тіркеліп, жәрдемақы алу жеңіл күйге түспек.

Президент алдағы мемлекеттік активтерді жекешелендіру кезінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетін жан-жақты қолдану керектігін меңзеді.

Мемлекет қазіргі ахуал мен болашақ өзгерістер 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының жаңа нұсқасында ескерілуі қажеттігін айтты.

Ұлттық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет күшейтіліп, Биологиялық қауіпсіздік жөнінде кеңес жасақталмақ.

Қашықтан оқыту жетілдіріліп, оқу орындары іс жүзінде цифрландырылып болуы тиіс. Үкімет пен министрліктер, әкімдіктер де мәжілістерін қашықтан жүргізуге төселіп, артық әрекеттерден арылмақ.

Сөз соңында Президент Өзбекстандағы су қоймасының бұзылуы салдарынан Түркістан облысында су тасқыны болғанын еске салып, тұрғын үйлер салынатынына, барлық шығынның өтелетініне, ешкімнің назардан тыс қалмайтынына тоқталды.

 

ҚАЗАҚ БИЛІГІ СЫНҒА ДА САРАБДАЛ ҚАРАСА…

 

Еске сала кетсек, әлемдегі коронавирус қаупіне байланысты, елімізде 16 наурызда ТЖ тәртібі жарияланып, Нұрсұлтан мен Алматы және Шымкент сияқты ірі қалалар оқшаулануға жабылды. Қоғамдық тәртіп күшейтіліп, көшеде бей-берекет жүруге тыйым салынды. Сонымен қатар, ірі сауда нысандарының жұмысына шектеу қойылды. Қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылды. Санитариялық-эпидемияға қарсы ауқымды іс-шараларға Қорғаныс министрлігінің және ішкі істер органдарының құрылымдық бөлімшелері жұмылдырылды. Кейбір мекемелер қашықтан жұмыс істеуге көшіп, жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге әлеуметтік төлемі төленді. Коронавируспен күреске жұмылған дәрігерлер қауымына көтерме ақы төлеу қолға алынды.

Кейін карантин талаптары жеңілдетіліп, бірқатар кәсіпорындарға жұмысын қайта жандандыруға рұқсат етілді. Мәселен, салыстырмалы түрде жағдайдың тұрақтанғанын ескеріп, 1 мамырдан бастап Елорда мен Алматы арасындағы әуе рейстері ашылды.

Әлеуметтік желідегі өріп жүрген ақпараттарға сенсек, 350 млн халқы бар АҚШ коронавирусқа 8,3 млрд доллар, 1,5 млрд халқы бар Қытай 10 млрд доллар бөліпті. Ал Қазақстан 19 млн халық үшін 13,5 млрд долларды шашу  етіп шашыпты. Бұл қазақ билігінің қай дарақылығы деген сауал қазір көптің көкейінде жүр.  Ең бастысы, бұл қыруар ақша қайда кетті? Жемқорлардың жемсауына түсіп кетпеді ме? Үкімет  алдағы уақытта мұның есебін жіліктеп-жіліктеп береді деген ойдамыз.

Президент Тоқаев  айтпақшы біздің елде ел сөзіне құлақ салатын үкімет бар. Олай болса әлеуметтік желідегі Серик Тулекбаев деген азаматтың мына жан айқайына да жіті назар аударса дейміз. «Біздің елдегі ауылшаруашылығын жайлап алған мафиялық кландық топтардан құтылмайынша ауылда еш даму болмайды. Оған себеп, үкіметтің осы салаға бөлінген қаржысын тонап алатын топтардың тым көптігі. Мысалға, ауылшаруашылық техника алған шаруаға төленетін 25% субсидияны алу үшін қаншама пара бересің, мал шаруашылығына берілетін күн көзінен қуат алатын қондырғылардың өзі де, ұйымдасқан қылмыстық топтардың қолында екенінігн көріп жүрміз. Егер, олардан алмасаң 80%-дық супсидияны ала алмайсың. Біздегі ауылшаруашылығына бөлінген субсидиялар шаруаларға емес, жекелеген мафиялық топтардың қолында екені шындық. Ауылшаруашылық министірлігіне ауқымды реформа керек».

Халықтың ортасында жүргендіктен көпшілік арасында  7 – 20 – 25 – тің орнын 5 -10 – 20 алмастырды. Тұрғын үй банкінің орнына Отбасы банкі келді деген сыни пікірлер айтылып жатыр..

«Өзгерген бағдарлама атауы мен банктің маңдайшасындағы жазу ғана. Ал түпкі мәні сол баяғы», – дейтіндерге не дауа!

ЭКОНОМИКАДА СҰРАНЫС БОЛМАСА, ХАЛЫҚ ТАҚЫР КЕДЕЙ БОЛСА (ПРЕЗИДЕНТІМІЗДІҢ ӨЗІ БІР СҰХБАТЫНДА ХАЛЫҚ КӨШЕГЕ КЕДЕЙЛІКТЕН ШЫҚТЫ ДЕГЕН БОЛАТЫН), КРЕДИТТІ ҚАЛАЙ АЛАДЫ? СТАТИСТИКАҒА ҚАРАҢЫЗ, 7 – 20 -25 БАҒДАРЛАМАСЫ ӨЗ-ӨЗІН АҚТАҒАН ЖОҚ. КҮЛ-ПАРША БОЛДЫ. ҚАЙТА ҚАТЕЛІК ЖІБЕРУДІҢ ҚАЖЕТІ БАР МА?

Аузы күйген үрлеп ішеді дейді қазақ. Әйтеуір қауіп еткесін айтамыз ғой біз.

Сосын мемлекет қаржысын ірі бизнеске, банктерге көмектесуге бағыттау да ақылға сыймайды. Әсіресе банктерге құйылған миллиардтардың қызығын халық көріп жатыр ма? Қайта керісінше банктер несиені жоғары ставкамен қойып халықты сорып жатыр.

Айта берсек, үміт пен күдік көңіл алаңында тайталасып, итжығыс түсуде…

Иә, әр адамның өзіндік пікірі, пайымы, қалауы бар. Өмір сонысымен де қызық. Сонысымен де қымбат….

Әлеуметтік желілерде сыртта жатып алып,  қазақ билігіне «тісін қайрап» жүрген Әблязовты «пір тұтатындар» көп. Оның үндеуіне елітіп, жылтыр сөзіне алданып жүргендер қаншама!

Иә,  білікті экономист, мықты менеджер болар. Шешен шығар. Биліктің де осал жері мен ұрымтал  тұстарын нақты бағамдар. Халықтың саяси сауатын жетілдіруге күш салып жатқан болар өзінше. Бірақ қазақ ұлтына жаны аши ма? Қазақы болмысқа сай келе ме? Ұлттық мүддеге терең тамыр жібере ала ма? Маған осы қызық!

Мәселеге осы тұрғыдан қарауға шақырамын баршаңызды.  Ақшасы көп зеріккен адам ғой ол, ел экономикасының кірісі мен шығысын шотқа қағып, халықтың әлеуметтік ахуалын, бүгінгі коронавирус жағдайын жақсы пайдаланып жатқаны да шындық.

Әблязовтың көтеріп жатқан проблемалары соншалықты үлкен жаңалық деуге де келмейді. Ондай «еркін ойларды» ел ішіндегі кей оппозиция «сарқыншақтары» да айтып жүр. Алайда кейбір ұсыныстары мен пікірлеріне, сыни көзқарастарына билік құлақ асса одан жаман болмас дегіміз келеді.  Қадыр ақынның  «…Сөзі ұнаса несі бар, Жынмен – дағы достасамын есі бар» деуінде бір гәп жатқандай көрінеді бізге.

Қоғамдағы шіріген  олигархтарды,  яғни,    «ев» тер мен «ов» тарды,  «ин» дерді сынап- мінеп, келекелеп жатқандар, мазақ етіп өлең шығарып таратып отырғандар әлеуметтік желілер мен ютуб каналдарда толып тұр. Қазір кім билікті қараламай жатыр? Кім «сөз қамшымен» сабамай жатыр? Бір ғана Жанболат Мамайдың өзі неге тұрады!  Биліктің «қол астында» отырып- ақ «ауыр артилериядан» оқты жаудырып жатыр. Барлық халықтың мемлекет несиесін кешірсін деп соғып жатыр. Бірақ әзірге өзі тіл мен көзден, қудалаудан дін аман…

Елді арандатып, мыңдаған адамдарды желіктіріп билікке қарсы қоюдағы мақсаты да айқын. Ол – биліктің мазасын алу. Сөйтіп мүмкіндік болып жатса партиясын парламентке өткізу. Оппозиция «жалауын» желбірету…

Қазақ бұларға «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деп баяғы да бағасын беріп қойған жоқ па!.

 

ПРЕЗИДЕНТ ЕЛ СЕНІМІН АҚТАЙДЫ ДЕГЕН СЕНІМДЕМІН!

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда төтенше жағдай жариялады ...

 

Түйін сөз: менің жеке пайымым бойынша, Қазақия дәл қазір үлкен дағдарыс үстінде тұр. (Елдің ынтымағы мен бірлігінің сыналар тұсы да осы кез!). Оған себеп көп. Ең негізгісі әлемнің ұйқысын қашырған – коронавирус. Бұған кей адамдар жеңіл қарайтын секілді. Ол құптардық дүние емес. Сақтанғанды ғана сақтайды Жаратқан Иеміз. Сондықтан Бауыржан атамыз айқандай «Тәртіпке бағынған құл болмайды».

Шынымды айтайын, Ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаевты мен кейде аяймын. Ел басқару оңай жұмыс емес қой. Ол бір. Екінші өте зиялы тұлға! Дипломатияға жетік. Алыс және жақын шетелдерде қызмет жасаған. Көргені, көкірекке түйгені мол. Азуын айға білеген, қалтарыс – бұлтарысқа дейін сараптайтын саясаткерлердің көбі (шетелдің және өзіміздің) «Былық- шылықтан ада, қолы таза» деп баға берді Тоқаевқа. Бұл тегін емес болар.

«Сынауға тіпті құмар кім көрінген, Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен» деп Мұқағали ақын айтпақшы, қазір не көп сыншы көп. Отбасына, ошақ қасына, ағайын- туысына сөзі өтпейтіндер, «Қанденнің пілге үргені» сияқты билікті сынауға дайын. Он адамды басқарып көрмегендер «ордалы ой» айтуға құмар. Жан-жақты бағамдап, салиқалы пікір айту қалып барады.

Иә, биліктің де өз қайғысы өзіне жетеді. Қиын-қыстау кезеңде мұқатып, кекетіп не мұратқа жетеміз?

Айту керек болса, билікті, ағынды су шаймаған тоғанға теңерміз. Иістеніп кетті деп мұрнымызды тыржитармыз. Әйтседе жаңа арналар ашылып, тың ағыстар құйылып жатқанын неге көрмейміз? Ел болашағы жастар өсіп келеді. Бәлкім солар жаманнан жиренер, жақсыдан үйренер, оған да көп қалған жоқ қой!

«Президенттің орнында мен болсам «Өйтер едім, бүйтер едім» деу оңай негізі. Кейде беліңнен шыққан өз балаңа бірде сөзің өтіп, бірде өтпей жататыны өтірік пе? Ағайын-туысыңа да солай. Кейде жағасың, қас-қабағын бағасың. Кейде ұнамай қаласың. Осыны біз әркез еске алып жүрсек, көп жерде ұтарымыз анық.

«Базардағы бағаны нарық бұзады» демекші, ол жақтағы сананы да түрлі идеялар өзгеріске түсіруі әбден мүмкін ғой? Ішкі-сыртқы саясат пен белгілі бір кландар арасында бітіспес майдан жүріп жататынын әлеуметтік желідегі шулаған жұрт, біз, қайдан білеміз? «Тисе тереке, тимесе бұтаққа» деп билікке қарата тас ата беру жақсылық нышаны емес, ағайын.

Өйткені екінші президент екі оттың ортасында отыр қазір. Өзіне дейінгі қордаланған проблемалар мен жаңадан бой көтеріп жатқан түйткілді мәселелер қаншама?

Бар-жоғы бір жылда әжептәуір жұмыс жасады халық үшін. Оны айтпасақ арға сын!

Белшеден қарызға батқан көпбалалы отбасылар мен жағдайы төмен халықтың банктердегі қарызын мемлекет өтеп берді. (Өтемесе де болар еді).

Бұған дейін болмаған төрт баладан жоғары отбасыларға (әр балаға 10 мың теңге шамамен ) төлеп жатыр. Әрине, келешекте Қазақстанда дүниеге келген әр балаға, алаламай төлесе нұр үстіне нұр.

Халықтың тұрмысына алаңдайтыны әр сөзінен аңғарылады. Елді жайлаған қымбатшылық, өзге де көкейкесті мәселелер толғантпайды деймісің?

Демократияның да шамшырағын жағып қойды президент Тоқаев. Бұған дейін дәл мұндай ашықтық болып па еді?

Кім не демей жатыр, қазір? Ақ ит кіріп, көк ит шығып жатыр ауыздардан. Біреудікі нысанаға дөп тисе, енді бірінікі лағып кетуде. Құдайшылығын айтайық, Тоқаевқа дейін кім шетелдік журналистке «Халық көшеге кедейліктен шықты» деп айта алды?

Демек, шындықтың жүзіне тура қарай алатын адам, Тоқаев!

Қазақта қосақ арасында кетіп қалатын адамды «Тұзы жеңіл» деп жатады. Мен де президент Тоқаевты сол қатарға жатқызар едім.

Елде болған көптеген апаттар мен келеңсіздіктер осы кісіні күтіп тұрғандай алдынан шыға келді. Ол аз дегендей коронавирус тығырыққа тіреп тұр.

Әйтседе халыққа деген ниеті түзу ең бастысы! Олай болса, халқының қамсыз тіршілігін ойлап, бүгінгі жағдайда тарыққанын қаламай, миллиондап қаржы бөліп жатқан мемлекеттер бізден бай емес. Ендеше көзі ашық, көкірегі ояу президент Тоқаевқа да халқы үлкен сеніммен қарап отыр. Күйзелген елдің күйін күйттесе, жүзі де жарқын, ісі де берекелі боларын «қырық кісінің ақылы болады» деп дәріптелетін президенттің білмеуі мүмкін емес қой..

Иә, ғаламды дағдарыс «елесі» кезіп жүр. Бұл да біздің билікке «Арық атқа қамшы ауыр» болғалы тұр.

Әсіресе мұнай бағасының құлдырап, доллар бағамының шарықтап кетуі де қайбір жақсылық дейсің!

Естеріңізде болса Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде: «Бұл дағдарыс біз үшін, билік үшін сынақ…» деді.

Демек, Ел Президенті ел ішіндегі көп жайдан хабардар. Сыртқы жаулардың да пиғылы таныс оған.

Осындай қысылтаң сәтте, президентке мүмкіндік беріп, тың қадамдарға баруына қолдау білдіру елге сын! «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дейді бабалар даналығы. Ендеше елдік мұрат жолында бірге болайық! Сонда бізді жау да алмайды, дау да алмайды.

 

Сәуле Мешітбайқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған