«Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе»

«Таластан шыққан ақын көп, Шудан шыққан әкім көп» деген сөз бар ел арасында. Бұл бұқараның биліктегі ауыс-түйісті байыппен бағып айтқан байламы. Шынында, Шу шөбімен ғана емес, шенділерімен де танылған өлке. Таразға таяқ ұстап келгендер тай мініп кетіп жатса, Шудан шыққандар болса былғары орынтақтан кенте болып жатқан жоқ.
Ал осы шырайлы Шу өңірін тәуелсіздік жылдарынан бері қанша әкім басқарды? Арыдан айтсақ, 1991-1996 жылдары өлке тізгінін Аменгелді Кәрентаев ағамыз қолға алды. Ол әкімдікпен қатар, Шу аудандық кеңесі қызметін қоса атқарған. Одан кейін, 1996-1998 жылдары Шуды Құрманғали Уәлиев басқарды. Білетіндер жақсы әкім болды деседі. Ал 1998-2004 жылдары өңірдің өрісін Болат Рысмендиев өрістетті. Одан кейін, бүгінде облыстық мәслихаттың хатшысы болып отырған Бағлан Қарашолақов 2004-2010 жылдары елдің еңсесін көтерді. Ал 2010-2012 жылдары Қожахан Жабағиев ел есінде жақсы атымен қалды. Бертін келе, Тараздың тірлігін тұп-тура төрт жыл тіктеп, артынан арыз емес, аңыз қалдырған Ілияс Тортаев Шуға 2012-2013 жылдары басшылық етті. «Астаевтан мал, Тортаевтан тал қалды» деп жүрген жұрт Ілияс Әлімұлынан ауқымды жобалар күткені рас. Алайда өлкені небәрі бір жыл басқарған ол 2013 жылы орнын Бақытжан Нүркеновке босатып берді. Нүркеновтің болмысы да, білігі де нар жүгін көтеруге келген-ді. Алайда 2015 жылы Бақытжан Мойынқұмды бетке алып, қазіргі облыс әкімінің аппарат басшысы Рүстем Дәулет Шуға табан тіреді. Рүстем Рысбайұлы Шудың рельсінен бастап, ауыл-аймақтың айналасын тұтастай ретке келтірді. Екі жылда елеулі еңбек еткен ол 2017 жылы өз орнын Қайрат Досаевқа босатып берді. Қайрат Әскербекұлы ауданға «әскердей» тәртіп орнатты дейтіндер көп. Оған қоса, ол бұқараға инвестицияның игілігін көрсетіп, бұрын соңды болмаған жобаларға жан үрлеген. Күні кеше Тараздың тізгінін қолға алған Қайрат Досаевпен қара халық қимай қоштасқанын шулықтар бүгінде таңды-таңға жалғап айтып отыр.
Енді міне, сәуірдің сәтті күнінде Шуға оныншы әкім болып Жарылқасын Айтақов тағайындалды. Жарылқасын Әбдіғапарұлының еңбек жолын електен өткізсек ол әр жылдары Ресей Федерациясы, Калуга облысындағы Кондров жылжымалы механикаландырылған колоннасының учаскелік механигі, Жуалы ауданы №15 Бурный кәсіптік училищесінде оқытушы, директордың орынбасары, Жуалы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудан әкімінің аппаратында бөлім меңгерушісі, аппарат басшысы, аудан әкімінің орынбасары, Жамбыл облысы әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, Жуалы аудандық мәслихатының хатшысы, Т.Рысқұлов ауданының әкімі қызметтерін атқарған. Ал Шуға әкімдік қызметке тағайындау туралы шешім шыққанға дейін Жамбыл облысының Тексеру комиссиясының төрағасы лауазымында болған. Осылайша мемлекеттік қызметтің сан сатысынан өткен маман тоғыз жолдың торабында орналасқан мекеннің жауапкершілігін мойнына алып отыр.
Жарылқасын Айтақов 1962 жылы туған. Бүгінде елуді еңсеріп, алпыстың асуына келіп қалған ел ағасы. Қолында Жамбыл гидромелиоративті құрылыс институтының «гидромелиоративті жұмыстарды механизациялау», М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «заңгер», «Әулие Ата» университетінің «педагогика және психология», Жамбыл гуманитарлық техникалық университетінің «экономика және бизнес» маманы сынды төрт бірдей дипломы бар. Бір сөзбен айтқанда өзі құрылысшы, өзі заңгер, өзі педагог, өзі экономис, қысқасы бес аспан тұлға.
«Т.Рысқұлов ауданына «болыс» болған үш жыл, сегіз айында жұртты жүрісінен жаңылдырған жоқ. Әлеуметтің әлеуетін көтеруде аз тек төкпеді. Әсіресе балабақша құрылысы, аграрлық саланы алшаң бастыруға көп көңіл бөлді. Бүгінде аудандағы ауқымды жобалардың денінде Жарылқасынның жаны мен ізі бар» — дейді құландықтар.
Міне, осылайша бұқараның алғысына бөленіп, ел есінде елеулі іс қалдырған азамат енді Шудың шырайын келтіруге күш салмақ. Әрине, біз де Мәскеу көрген әкім мекенді молшылыққа кенелтеді деп сенеміз. Ең бастысы тоғыз әкім «тастай батып, судай сіңген» өлкені Жарылқасын мырза жатсынбай, бұқарамен жұмыла жұмыс жасайды деген үміт мол.