Тірліктің көзін тапқан, пайданың өзін табады  

Тауық өсіріп пайда табу — аз уақытта ең тез жетілетін, аз шығынмен мол табысқа кенелетін ең тиімді кәсіп түрі. Егер құс шаруашылығына тиісті жағдай жасалып, оған нақты көңіл бөлінсе, іс дөңгеленіп сала беретіні анық. Оның үстіне бұл кәсіп еңбектенуді де, қаржы салуды да аз қажет етеді. Жемі мен бабы жақсы болса етті де, жұмыртқаны да жылдың төрт мезгілінде  өндіруге мол мүмкіндік бар, —  деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.

Сарысу ауданындағы ауылдық жерде өз үйінің ауласында тауық асырап, тірлігін тіктеп отырған еңбекқор тұрғындар көп. Соның бірі –

Тоғызкент ауылдық округіне қарасты Әбілда ауылының тұрғыны Мәлік Мыңбаев. Ол құс өсіру ісінде қол қусырмай, таңмен таласа тұрып, тынбай еңбектенеді екен. Асырап отырған тауығының жұмыртқасын жұрт табиғи таза өнім болғандықтан, талап әкететін көрінеді.

– Өзiне қажеттi тамағын даладан табатын тауықтың бір пайдасы – шегiрткенiң жауы. Егістікке құрт-құмырсқа, шегіртке деген атымен жоламайды. Отбасымыз оның жұмыртқасын күнделiктi тамаққа қолдануда.

Жалпы, құс өсіру ауыл шаруашылығында маңызды орын алады. Сондықтан да осы кәсіп түрімен түбегейлі айналысуға бел будым. Әзірге аудан халықының тауық еті мен жұмыртқаға деген сұранысын қанағаттандыра алмасам да, келешекте . Құс шаруашылығы өндірісін дамыту жоспарымда бар. Оған қатысты тиімді жұмыс жасау жолдарын, кәсібімнің бәсекеге қабілеттігін арттыратын тетіктерді де жүзеге асыруды ойластырып қойғанмын. Негізінен, дегеніңе жету үшін ең алдымен тынбай еңбектене білу керек. Еңбек адамды жоқшылықтан құтқарып қана қоймай, жайлы тұрмыс кешуге ықпал етеді. Десе де бұл шаруаның қиындығы тауықтың балапан басып шағарғаннан кейінгі кезеңі. Қарамасаң бәрі әдіре қалуы мүмкін. Қазақтың «Балапанды күзде санайды» деген нақылының астары осы, – дейді М.Мыңбаев.

Күнделікті тұтынатын азық-түлік секілді қажеттілікке кететін шығынды тауық асырап өтеп отырған Мәліктің қарапайым істі үлкен тіршілікке айналдыруды жоспарлауы өз кәсібіне деген сүйіспеншілік болса керек. Алпыстан астам тауық асырап отырған ағамыз өткен жылы 70, ағымдағы жылы 100 балапанға дейін шығарып, жылдан-жылға өнімділік көрсеткішін артырып отыр

Аталмыш кәсіпті кеңейтіп, тауық еті мен жұмыртқасын сатылымға шығаруды жоспарлаған кәсіпкердің ісі берекелі болғай!

 

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы