Тілек тілеңіз

Бірінші тілек тілеңіз –
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз –
Ер, шұғұл, пасық, залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз —
Үшкілсіз көйлек кимеске,
Төртінші тілек тілеңіз –
Төрде төсек тартып жатпасқа,
Бесінші тілек тілеңіз –
Бес уақытта бес намаз
Біреуі қаза қалмасқа.
Алтыншы тілек тілеңіз –
Алпыс басты ақ орда,
Ардақтаған аяулың
Күнінде біреуге
Тегіннен тегін олжа болмасқа.
Жетінші тілек тілеңіз –
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп,
Сонан сасып тұрмасқа.
Сегізінші тілек тілеңіз –
Сегіз қыйыр шар тарап
Жер тұлданып тұрмасқа.
Тоғызыншы тілек тілеңіз –
Төреңіз тақтан таймасқа
Тоқсандағы қарт бабаң
Топқа жаяу бармасқа.
Оныншы тілек тілеңіз –
Он ай сені көтерген,
Омыртқасы үзілген,
Аязды күні айналған,
Бұлтты күні босанған,
Тар құрсағын кеңіткен,
Тас емшегін жібіткен
Анаң бір аңырап қалмасқа.
Он бірінші тілек тілеңіз –
Он бармағы қыналы,
Омырауы жұпарлы,
Иісі жұпар аңқыған,
Даусы қудай санқыған,
Назыменен күйдірген,
Құлқыменен сүйдірген,
Ардақтап жүрген бикешің
Жылай да жесір қалмасқа.

Бұқар Жырау Қалқаманұлы