«Тіл жұмған ауыздың ішінде»

Еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. Менің де ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп, БАҚ саласында қызмет еткеніме 30 жылдан асты. Бұған дейінгі тіл туралы жазғанымды есепке алмағанда 30 жыл бойы газет-журналдарда туған тілімнің тыныс-тіршілігі, тағдыры жөнінде жазған мақалаларым бір кітаптың жүгін көтеріп тұр. Әлі де мемлекеттік тіл мәселесін қаузап келемін. Қаламның ұшымен қандай жетістікке жеттім? Тәуелсіздік алған 90-жылдан бері қарай толғап көрейінші.

 

1924 жылы 17 наурызда «Еңбекшіл қазақ» газетінде қазақтың біртуар ұлы Сәкен Сейфуллиннің «Тіл жұмған ауыз ішінде» атты мақаласы жарық көреді. Онда С.Сейфуллин: «Қазақстанда, мекемелерде Қазақ тілін жүргізуге еңбектеп кірісіп жатырмыз. «Қазақ тілін жүргізу керек» деп құр бұйрық жазып қана қоюмен іс бітпейді. Бұл істі жүргізу жолында көп бөгет бар. Кей қызметтегі адамдар сыртымнан «иә, әбден қазақ тілін жүргізу керек» десе де, бұл іске шындап күш жұмсамайды. Кей қызметтегі адам «қазақ тілін жүргізуге не қылып жатырсың» десек, «ақша керек, ақша», – дейді… Кей жерлерде тілін кеңсеге кіргізбек түгілі қазақ азаматы аузын ашатын емес. Тіл жұмған ауыздың ішінде…» – деп жазады. Осы мақала жазылғаннан бері 96 жыл, яғни бір ғасыр уақыт өтсе де, құнын жоғалтпаған, дәл бүгінгі біздерге арнап жазылғандай. Кешегі Сәкен ағаларымыз сияқты кейінгі қоғам қайраткерлері, қаламгерлер де қазақ тілінің қоғамда қозғаушы күш болуына үлкен үлес қосып келеді.

Бізді құртқан көзбояушылық

Тіл тағдыры қазақ арасында өсіп, тілін жетік меңгерген бірнеше ұлттың басын қосып, мерекелік шара өткізгенмен шешілмейді. Бұл – көзбояушылық. Тілдің келешегі үшін күрес бесікте жатқан сәбиін тербеткен ана әлдиінен басталады. Балабақшадан бастап, бүкіл білім ордаларында, мекемелерде ана тілінің туын жықпау керек.
Қазір қазақ тіліндегі балабақшалар мен мектептер жер-жерде ашылып, ұрпақтарымыз алаңсыз білім алуда. Соған қарамастан кейбір ата-аналар балаларын орыс сыныбына беріп жатыр. Оның бір сыры, менің ойымша, мынада: телеарнада, ғаламтор кеңістігінде балаларға арналған қазақ тіліндегі қызықты мультфильм, тартымды ойындар тапшы. Балаларға арналған бағдарламаларды көбейту керек. Амалсыз балғындар көз тартатын өзге тілдегі қызылды-жасылды әлемге еліктейді. Тілі шығып келе жатқан баласының өзге тілде сөйлеп кеткенін ата-анасы аңғармай да қалады. Одан кейін қазақ балабақшасына барса, сол жерде де өзі сияқты балғындарды кездестіріп, орыс тілде «тіл табысып» кетеді. Мектеп табалдырығын аттаған кезде кейбір ата-ана баласының туған тіліне шорқақ екенін байқап, орыс сыныбына бере салады.
Кейде қала көшелерінде жүріп келе жатып, жылағым келеді. Баяғыда біреу: «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын», –деген екен. Мен де соның кебіне түстім. Көше бойында ілінген маңдайшалар мен жарнамалардың күн өткен сайын мемлекеттік тіл – қазақ тілінде емес, орыс және ағылшын тілінде сайрап кеткені жанға батады.
Жақында ҚР Парламенті мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Берік Әбдіғалиұлы: – Бүгінде мемлекеттік тіл мәселесі баршаны алаңдатады. Атап айтқанда әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің тарихи қалыптасқан қазақша атауларын ұсынуға бағытталған түзетулер енгізілді. Қазақстанда барлық белгілер, жарнамалар, мәзірлер және басқа да объектілер қазақ тілінде болуы керек. Орыс тілі тек «қажет болғанда» қолданылуы керек, – деп жарнамаларды, мәзірлерді және басқа да көрнекі ақпаратты қазақ тілінде жазуды ұсынды.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының 21 бабының талаптары сақталмайды. Аталған бапқа сәйкес, көрнекі ақпараттардың барлық мәтіні мынадай ретпен: мемлекеттік тілде – сол жағына немесе жоғары жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады және бірдей мөлшердегі әріптермен жазылады. Қажеттілігіне қарай, көрнекі ақпараттардың мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін. Бұл жағдайда қаріп өлшемі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауға тиіс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттік тілде, орыс және қажет болған жағдайда басқа да тілдерде беріледі.
Тәуелсіздіктің арқасында отаршыл заманды еске салатын елді мекендер тарихи атаулармен атала бастады. Тарих саласындағы ғалымдардың арқасында ұлттық ономастиканың дамуына зор ықпал етер еңбектер дүниеге келді.
Еліміз егемендік алған 1991 жылдан бері облыстағы әкімшілік-аумақтық бірліктерге ат қою және олардың атын өзгертуге, атауларының транскрипциясын нақтылау жөнінде жан-жақты жүйелі жұмыс жүргізілді. Ауылдық округтың, кенттің атаулары өзгертіліп, елді мекеннің, теміржол станса атауларының орыс тіліндегі транскрипциясы нақтыланды. Дегенмен әлі де болса жергілікті жердегі қазақ емес, топтасқан этностардың ынтасыздығынан кейбір елді мекендердің атаулары бұрынғы орысша қалпында тұр.
Облысымызда басқа ұлт өкілдері басым орналасқан қала мен аудандар бар. Заң бойынша ол жердің атауын өзгерту немесе қайта атау үшін жергілікті халық пен жергілікті өкілді және атқарушы органдардың қолдауы мен ұсыныстары керек.
Бұған дейін ана тілінде сөйлей алмауының, құжат дайындай алмауының себебін кейбіреулер отаршылдық саясаттың салқыны деп түсіндіреді. Әрине, оның да ықпалы бар шығар. Одан бері де тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл өтіп кетті. Үйінде, ортаңда қазақша сөйлеме деп бізге ешкім тыйым салған жоқ ғой. Расында бүгінгі күні қазақ тіліне қарсы шығып жатқандар – қазақтардың өздері.
Орыстар тіпті, қазақтар да, сонша жыл қазақ тілін үйренді дегендер «Саламатсыз ба?» дегеннен әрі аспады. Оның себебі мынада. Біріншіден, басшылықтың құлағында отырғандар жұмысбасты болғансып, мемлекеттік тіл мәселесін бірінші орынға қоймайды. Екіншіден, жоғарының бастамасын төмендегілер жүре тыңдайды. Үшіншіден, «Біз бүйтіп жатырмыз, біз сүйтіп жатырмыз» деп жалған ақпар беріп, көзбояушылық жасайды. Төртіншіден, қызыл сөз бар, істелген іс жоқ. Мұның астарында ана тілімізге деген жанашырлық жоқ, оның тағдырына алаңдайтындай құлық, ниет жоқ. Қазақ десе қаны тасып, ұлтым десе ұлы бастамаларға бастайтын, ұлтының абыройын асқақтататын намысшыл, айтқан сөзін ісімен дәлелдеп жататын басшы жоқ емес, бар. Бірақ осы жауапты істі іліп, қолдап әкететін қосшы жағы кемшін.

Мемлекеттік тілді дамытуға деген 20 ұсыныс

Менің Мемлекеттік тілді дамыту, оның қолдану аясын кеңейту және көпшілікке таратуды жетілдіру мақсатындағы 20 ұсынысым бар.
1. Тілдерді дамыту басқармасының атауы – Мемлекеттік тілді дамыту басқармасы деп аталғаны дұрыс. Себебі қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып, ҚР Конституциясының 7-бабында, «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының 4-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Сондықтан мемлекеттік тілді меңгеру – қазақстандықтардың міндеті. Өзге тілдерді дамытатын өз Отандары бар;
2. Биліктің қай саласы болсын мемлекеттік тілге басын иіп, басқару тіл ретінде қолданылуын қамтамасыз ету керек,
3. Жиналыс, алқа кеңесі, мамандардың пікір алысуы, мәжілістерді мемлекеттік тілде жүргізетін күн туды;
4. Мемлекет тарапынан мемлекеттік тілге деген талаптар күшейтіліп, ана тіліміздің қолдану аясын кеңейтуді табанды түрде қатаң қадағалау қажет;
5. Еліміздегі барлық құжаттар мемлекеттік тілде сөйлеуі керек;
6. Қазақстанда қазақ тілінің қажеттілігін арттыру шарт;
7. Мемлекеттік тілді білмегендер лауазымды қызметтерге алынбағаны дұрыс;
8. Тіл заңын орындамаған кінәлі тұлғалар жауапқа тартылуы тиіс;
9. Мекеме кадрларды жұмысқа қабылдаған кезде сол маманның мемлекеттік тілді меңгергеніне баса назар аударуы керек;
10. Ата-ана, балабақша ұжымы сәбилер тілінің ана тілінде шығып, ұлттық тәрбие алуына барынша көңіл аударуы қажет;
11. Қаламызда таза мемлекеттік тілдегі балабақшалар саусақпен санарлық, қай балабақшаға кірсең, аралас топта тәрбиеленіп жатқан балғындар. Келешегімізді ойласақ, ана тілімізде тәрбиелейтін балабақшалардың қатарын арттыру күн талабында тұр;
12. Қазақ балаларын аралас мектепте оқытпаған жөн;
13. Келешек – жастардың қолында. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түсу кезінде мемлекеттік білім беру грантын мемлекеттік тілде оқитын жастарға басымырақ беру жағын қарастырса;
14. Мемлекеттен қаржыландырылып отырған немесе үкіметтен жыл сайын тендер алатын орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) мемлекеттік тілді үнемі насихаттап отыруға тиісті. Мемлекеттік тілдің  орыс тілді ақпарат құралдарында жиі насихатталуын  ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі, облыстардағы  ішкі саясат басқармасы және Тілдерді дамыту басқармалары талап етуге тиісті;
15. Қазіргі заманда көп адамның уақыты компьютер алдында өтеді. Сондықтан мемлекеттік тілдегі ғаламтор – порталдарды көптеп ашып, сайттарды қазақ тілінде сөйлету керек.
16. Мемлекеттік тілді оқытуға және үйретуге мемлекеттен қыруар қаржы бөлініп отыр. Тілді үйрету орталықтары, курстар жұмыс істейді. Содан қазақ тілін үйренгендер некен-саяқ. Көбісі ауыз екі сөзден аса алмайды. Сондықтан  мемлекеттік тілді үйрету орталықтарының жұмысын жандандырып, мұғалімдер берген білімінің сапасына жауапкершілікпен қарауы қажет;
17. Мемлекеттік тілдің байрағын жоғары ұстау үшін, алдымен адамға – ана тіліне деген шынайы жанашырлық, отансүйгіштік, ұлттық намыс, ұлттық рух ауадай қажет деп ойлаймын;
18. Біз білетін бүгінгі жастар орыс, ағылшын және басқа да тілдерді үйренуде алдарына жан салмайды. Оған сүйсінбесек ренжімейміз, бірақ өз ана тілі – Қазақ тілін терең меңгеріп, жетік білуі парыз;
19. Қала көшелерін мағынасыз атаулардан арылтып, қазақтандыру қажет;
20. Тәуелсіздігіміздің тірегі – Мемлекеттік тіл екендігін еліміздегі татулық пен бірлігімізге қылау түсірмей, өзге де ұлттарға мойындата білу.
Тіл мәселесі – өте күрделі, саяси мәселе. Оны қаулымен қорқытып, заңмен үркітіп жүзеге асыра алмайсың.
Кешегі Сәкен ағамыз «Тіл жұмған ауыз ішінде» десе, біз бүгін тәуелсіздігіміздің арқасында, «Жұмған аузымыз ашылды» деп дүйім елге жар салайық!

Жұлдыз ТОЙБЕК,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Нұр-Сұлтан қаласы