ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАНЫҢ ҚҰПИЯСЫ
Жазушы-публицист
Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев):
ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАНЫҢ ҚҰПИЯСЫ
Қазақ Елінде Тіл туралы заңнама құқықтық тұрғыдан бір жүйеге түспей-ақ қойды. Адам түсінбестей бытысып жатады. 1995 жылы қабылданған Ата заңымызда да, одан кейін биыл өткен референдумда қабылданған жаңа Конституцияда да бұған нақты жауап болмады. «Тең» деген сөзді «қатар» деген сөзбен алмастыру да бәлендей анықтық әкелген жоқ. Бәленің бәрі құқықтық құйтұрқылықтарда жатыр. Осының ара-жігін баршаңызға ажыратып бергім келеді.
Күні өтіп бара жатқан қолданыстағы Конституцияны сөз етпей-ақ қоялық. Құдай қаласа, үстіміздегі жылғы 1 шілдеден күшіне кіретін жаңа Конституцияның 9-бабының 1 тармағында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп көрсетілгенін, ал 2 тармақта: «Мемлекеттік ұйымдарда жəне жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады» делінген қағиданы бәріңіз де білесіздер. . Бұл жерде әңгіме қазақ тілінің мәртебесінен емес оның қолданылуынан туындап отыр.
9 баптың 2 тармағындағы «мемлекеттік ұйым» тіркесі көптеген түсінбеушіліктер туғызып келеді. Оны анықтау үшін алдымен мемлекеттік басқару аппаратында жиі кездесетін «мемлекеттік орган» мен «мемлекеттік ұйымның» қандай айырмашылығы бар екенін заңдық тұрғыдан ажыратып алайық.
Мемлекеттік орган – мемлекеттік аппараттың мемлекеттік міндеттерді жүзеге асыру үшін тиісті құзіреттерімен қамтамасыз етілген дербес бөлігі. Ол мемлекеттің атынан әрекет етеді. Әрі тікелей Үкіметке бағынады. Ол республика аумағында орындалуға міндетті актілер шығарады. Ақорда, Үкімет, министрліктер, өз аумағы бойынша әкімшіліктер мемлекеттік органға жатады. Ал «мемлекеттік ұйым» дегеніміз – мемлекеттік орган тарапынан арнайы функцияларды орындау, қызмет көрсету немесе мүліктерді басқару үшін құрылған заңды тұлғалар. Яғни мемлекеттік орган мен мемлекеттік ұйым бір ұғымды білдірмейді. Мемлекеттік ұйым мемлекеттік органнан бірер саты төмен тұрған заңды тұлға ғана.
Мемлекеттік ұйым мемлекеттік органның рөлін атқаруы мүмкін емес. Ол республика аумағында орындалуға міндетті актілер туғыза алмайды. Әрі ол Үкіметке тікелей бағынбайды. Қарапайым мысалмен түсіндірсек, ҚР ауыл шаруашылық министрлігі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы. Ал осы министрлікке қарасты Азық-түлік корпорациясы – мемлекеттік ұйым болып табылады. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі – осы сала бойынша мемлекеттік орган болса, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті ЖШС мемлекеттік ұйым, мемлекеттік мекеме болып табылады. Мемлекеттік ұйым республика Үкіметіне тікелей бағынбайды, мемлекеттік ұйым тек тиісті министрлікке бағынады.
Бұдан біз мемлекеттік тіл – қазақ тілі мемлекеттік органдарда қолданылуы конституцияға сәйкес міндетті екендігін айқындадық. Қазақстанда екінші мемлекеттік тіл жоқ. Сондықтан мемлекеттік аппаратқа жататын күллі мемлекеттік органдарда тек қазақ тілі ғана қолданылуы тиіс!
Іс жүзінде 9 баптың 2 тармағында айтылғандай конституциялық норма – мемлекеттік ұйымдарда қазақ тілімен қатар орыс тілінің ресми түрде қолданылуы мемлекеттік органдарға қатысы жоқ болып шықты. Яғни орыс тілінің мемлекеттік органдарда, сот, прокуратура, күллі ресми органдарда қолданылуы заңсыз! Конституцияға қайшы!
Сондықтан жаңа Конституцияға сәйкес «Тіл туралы» заңнамадағы конституциялық қайшылықтар жойылуға тиіс! Бұл қайшылықтар өкінішке қарай орыс тіліне конституцияда көзделгендегіден де артық құзірет беріп отыр. Ең бастысы мемлекеттік орган мен мемлекеттік ұйымды шатастырмайық!

