«Тентектік» жасайтындардың дені әке-шеше мейіріміне қанбай жүргендер

Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы мәселелер тарқатылды.

-Біздің негізгі міндетіміз кәмелеттік жасқа толмаған өрендердің құқығын қорғау, олардың қоғамның толыққанды азаматы болуы үшін жақсы тәрбие, білім алуына атсалысу. Бірақ, өкінішке қарай, қатыгездікке баратын жасөспірімдерден адамыз деп айта алмаймыз. Олардың ішінде өзгенің өміріне қол салатын оқиғалар да орын алып жататындығын жасырып қайтеміз, ­- дейді Алматы облыстық №1 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бақыткелді Тұрлыбеков.

Әдетте, баланың қандайда бір қылмысқа ұрынуының түп тамырында отбасындағы тәрбиенің осалдығы жатады. Сондықтан кісі тонап, ұрлық жасап, тіпті суық қару ала жүгіретіндердің дені әке-шешесінің қадағалауынсыз қалғандар. Үстіміздегі жылдың осы күнге дейінгі мәліметіне сүйенсек, аталмыш сотқа жасөспірімдердің қолымен жасалған 9 қылмыстық іс түскен болса, соның ішінде кәмелетке толмаған 6 жеткіншектің екеуіне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Алматы облысының №1 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына биылғы осы уақытқа дейін келіп түскен 133 азаматтық істің ең көбі, яғни 34-і бала асырап алу мәселесіне қатысты. Демек, осынша құжаттық істің астарында бала қуанышы мен ата-ана болу бақыты һәм отбасы шаттығы жатыр деген сөз. Тағы бір атап кетерлік жайт, ата-аналық құқығынан айырылған әке-шешелер арасында бұрынғы сәтсіз өмірін дұрыс құрауға ұмтылып, баласын заң жолымен бауырына қайта басып жатқан жағдайлар да аз емес екен.

БАҚ өкілдерімен өткен брифингте, сондай-ақ, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының сот жүйесіне қатысты 16-26-шы қадамдарында атап көрсетілген міндеттер аясында атқарылып жатқан тың жаңалықтар да кеңінен сөз болды.

Мәселен, азаматтардың уақыты мен қаражатын үнемдеу мақсатында ҚР Жоғары соты «Апостильдеу» жаңа онлайн-қызметін  іске қосты. Яғни, азаматтардың ендігі жерде сот мекемелеріне сабылып жүруінің қажеті жоқ. Үйде немесе өзіне қолайлы жерде отырып-ақ, Жоғары Соттың сайтына кіріп, «Сот кабинеті» сервисін басып, әрі қарай «Апостильдеу» бағытын таңдаса, өзіне қажетті мәліметтің бәрін ала алады. Мәселен, сот актісінің көшірмесін алу, арызыңызды жіберу, сұратып жатқан құжаттың электронды көшірмесін қарау, сонымен қатар, хабарламаны әрі қарай Жоғары сотта өңдеу үшін оны растау, мемлекеттік баж салығын онлайн тәртіпте төлеу, құжаттың дайын болғандығы туралы құлақтандыруды алу мүмкіндіктеріне ие болады.  Сонымен қатар, барлық сот процесі міндетті түрде бейне және дыбыс таспасына жазу арқылы өтеді, судьяның бейнежазуды тоқтатуға немесе аудиожазу материалдарын редакциялауға мүмкiндiгi жоқ.