«ТЕМЕКІНІ ТАРТАДЫ, ШЫЛЫМДЫ ШЕГЕДІ»
/Қадыр сабақ берген қыс/
Мемлекеттік сыйлықты былтыр ғана иеленген қырық алты жастағы Қадыр Мырзалиев… Жүріс-тұрысы біздің күнде көріп жүрген оқытушыларымызға мүлде ұқсамайды. Біздің оқытушылар шыртиып костюм-шалбар киеді. Мойындарына қылғынып, сиырдың тіліндей жалпақ галстук тағады. Ал Қадыр ағамыз өмірі сабаққа галстук тақпай келеді. Былғары бешпент, бастырмалы түймесі бар көйлек, джинсы киіп алған. Ұзын шашы толқынданып, желкесін жауып тұр. Ол кісімен бірге аудиторияға еркіндіктің ескек желі ере кірді.
Біздің ұстаздардың кейбіреуінің аузы-мұрны лық толған ауыр портфелі болады. Оның ішінде не жоқ дейсің?! Буда-буда қағаз, үлкенді-кішілі блокнот, атам заманғы газет қиындылары, әлгі ұстазымыздың осыдан отыз бес жыл бұрын әлдебір газетте жарияланған мақаласы, баяғыда жарық көрген бір кітабы туралы біреудің жазған рецензиясы, парақ-парақ лекция, студенттердің аты-жөні түзілген қалың дәптер, тершігенде сүртінетін беторамал, кефирдің дөңес бөтелкесі – бәрі-бәрі сол жуан сөмкенің ішінен шығады. Қадекеңде мұның бірі де жоқ. Жараған аттай болып, қолына ешнәрсе ұстамастан кіріп келді.
Біздің ұстаздарымыз сабаққа алғаш рет кіргенде өзін таныстырады. Сосын елеусіз ғана ғылыми дәрежесі мен атағы қандай екенін айтып өтеді. Содан соң жөткірініп алып, алдындағы дәптерге қарап қойып, бізді түгелдеуге кіріседі. Шетімізден сүйретіліп тұрып жатамыз. Кейбір ағаларымыз иіс алмас. Сабаққа қатыспайтын курстастарымыз үшін орнымыздан бес-алты рет тұрғанымызды да аңғара бермейді. Сөйте тұра сабаққа қатыспасақ, емтиханның кезінде көкемізді көзімізге көрсететінін ескертіп қоюды ұмытпайды.
Қадыр аға мұның да бірде-бірін істемеді. Өзін таныстырмады. Себебі біз ол кісіні онсыз да жақсы білетін едік. Аты-жөнімізді де, тіпті қай курс екенімізді де сұрамады. Түгелдеп әуре болмады. Сабаққа жаппай қатысу жөніндегі темірдей тәртіпті санамызға шегелеуді қажет деп таппады. Бірден лекциясын бастап кетті. Бізге сонысымен ұнады. Бірде-біреуіміз ол кісінің сабағынан қалып көрген емеспіз. Қалғанды айтасың, кешікпеуге де тырыстық. Тіпті басқа курстың, көрші филфактың бірді-екілі студенттері де өздерінің лекциясынан қашып келіп, біздің аудиторияға ертерек кіріп алатын болды. Баяғы Тау-кен институтындағы сабағына бармай, КазГУ-ге келіп, Әуезовтің лекциясын тыңдап отыратын жас Қабдолов сияқты… Себебі Қадырдың сабағы өте қызықты еді.
Алғашқы дәрісінен кейін-ақ бал арасына үймелеген аралар секілді аудиторияға жіпсіз байландық та қалдық. Анау-мынау сабағыңа пысқырмайтын сол заманғы сал-сері Бауыржан Үсеновтің өзі жалаң-жалаң етіп, ақын ағасын асыға күтіп жүретін. Өз басым лекцияны мұндай қызықты етіп оқитын адамды көп көре қойғаным жоқ.
КазГУ-дің қабырғасында өткен бес жылдың ішінде талай ұстаздың дәрісін тыңдадық. Олардың ішінде сені бірден еліктіріп әкететін шеберлері де жетіп-артылады. Әрқайсысының мінез-құлқы әртүрлі. Сол мінезі құрымағыр олардың лекция оқу машығына әсерін тигізбей қоймайды. Бірі — маңғаз, жайбасар. Кіреді де, бірсыдырғы дауыспен дәрісін бастайды. Тыңдап отырсың ба, жоқ па, онда шаруасы бола бермейді. Сосын өз ойыңмен өзің әуре болып отырасың. Екіншісі тыңдауыңды талап етеді, бірақ айтқанында іліп алар нәрсе кездеспейді. Мұндайда ұстазыңның сұсты жүзінен көз алмай, қабағын аңдып, сабағының бітуін тағатсыздана күтесің. Үшіншісі сабақ берген құрлы берекеңді алып бітеді. Аудиторияға жағалай жайғасқан студенттердің ми қыртысында көп ештеңенің жоқ екенін дәлелдеп, жер-жебіріңе жетеді. Бүкіл сабақтың уақыты соған кетеді. Содан кейін өзіңнің суми екеніңе көзіңді әбден жеткізген соң, сол сабақты әрі қарай игере түсуге құлқың болмай қалады. Оқытушылардың енді бір типі болады. Олар өздерінің бастан кешкен оқиғаларын баяндауға әуес. Ұлағатты ұстазымыз небір қызықты мезеттердің куәсі болған. Соны шетінен айты-е-еп отырады. Әрине, бұл әңгімелердің ол жүргізетін пәнге қатысы шамалы. Тіпті мүлде маңайламайды деуге болады. Бірақ осы үрдіс бізге ұнайды. Еріккен студентке сабақтың өтпегені де қызық. Оның үстіне қысыр әңгімені қай бала жек көруші еді? Ұстазымыздың қолтығына су бүркіп қойып, онымен қапталдасып, жарыса шауып отырамыз. Сөйтіп, сабақты аман-есен аяқтаймыз. Кейін ойлап қарасақ, желік қуған жас оқытушыларымыз сабағына дайындықсыз келіп, айтары болмаған соң, қысыр әңгімемен алдайды екен ғой бізді. Алдай берсін. Біз де ұтыла қоймаймыз. Жыртың-жыртың етіп, аудиториядан көңілді шығамыз.
Қадыр Мырза Әлидің сабақ беру мәнері бұлардың ешқайсысына да келіңкіремейді. Ол аудиторияны өзінің ширақ қимылымен, жағымды дауысымен баурап алады. Елең еткізерлік деректерді салғаннан санаңа құяды. Бірін қорытып үлгерем дегеніңше, жаңасын миыңа желімдеп жібереді. Сәт сайын тың мәліметпен байып отырасың. Санаң сергіп сала береді. Соның бәрін жеткізуі керемет. Ұтымды деталь етіп ұсынады. Аудитория Қадырдың әр мысалынан кейін ду ете қалады. Ешкім ештеңе жазбайды. Жазудың да қажеті жоқ. Қадекең жазбадың деп жазғырмайды да. Бәрі миыңда сайрап тұр. Мишығыңа шегеленіп қалған. Оқитын пәніміз әдебиет теориясы болған соң теоретиктердің пікірлеріне сүйенеді. Ұлылардың қадау-қадау қанатты сөздерін төгіп-төгіп жібереді. Соның бәрін зердесінде қалай сақтағанына таңғаламыз. Бір сәт біз бойларына сіңіріп алсын дегендей басын шалқақ ұстап, сәл үнсіз тұрады да: «Әй, сол шал біліп айтқан!» – дейді күлімсіреп. Осыдан кейін тағы да ағыла жөнеледі.
Кейде Қадыр Мырза Әлидің қолынан бір жапырақ қағаз ғана көреміз. Кәдімгі машинкамен басатын парақтың төрттен біріндей ғана. Сірә, соған сөйлейтін сөзінің мәліметтерін түртіп қоятын болуы керек. Тіпті оны да пайдаланып жарытпайды. Еркін көсіледі. Білім дегеніңіз көл-көсір. Дерек пен дәйек ағыл-тегіл. Кейіннен «Иірім» мен «Жазмышқа» арқау болған мәліметтерді сол кезде-ақ алдымызға жайып салды.
Тақтаға өзінің әдемі жазуымен «Бидайыққа лайық қарағым-ай, Бөктергіге қор болып барасың ба» деген өлең жолдарын жазып қойып, соны жан-тәнімен беріле талдайды. «Осыны «Қаршығаға лайық қарағым-ай» деуге де болар еді. Бірақ бар мәселе «бидайыққа лайықта» ғой. Қазақ өлеңінің ішкі ұйқастарының өзі осылай жымдасып тұрады. Түбірлі ұйқас орыс поэзиясында да кездеседі. Мәселен, Маршактың өлеңінде «Шесть котят, есть хотят» деген жол бар. Бірақ ұйқастың біздегідей тым қабысып тұруы бұларда соншалықты үрдіске айналмаған», — деп тосын тұжырымымен студенттерді еліктіріп әкетіп, өзгеше әлемге жетелейді. Ол бізді Шығыс әдебиетінің құпиясына қанықтырды. Әдебиет теориясындағы жаттандылықтың пердесін сыпырып, Шығыс пен Батыс арасындағы ежелден қалыптасқан түйткілдер мен түйіндерді тарқатып айтуға ден қойды. Еуропалық әдебиеттанушылардың тәкаппар Шығысқа емес, өркеуде Батысқа мойын бұратынын ұқтырды. Көп нәрсеге көзімізді ашты.
Бұл жөнінде кейін Қадыр аға «Жазмыш» деген кітабында былай деп жазды: «Бұдан оншақты жыл бұрын университетте лекция оқып жүріп, мен де бір нәрсеге қатты мән бергенмін. Өз пәніме байланысты әдебиет теориясының көптеген оқулықтарымен танысып шығуыма тура келді. Соның бірде-біреуі Шығысты аузына алмайды. Мысалы, поэзия және оның түрлерін талдағанда сонет, романс, ода, мадригал, баллада, терцин… сияқты еуропалық өлең түрлерімен шектеледі. Гетенің өзі Шығыстың жеті данышпан ақынын білемін, жетеуі де менен мықты деген. Еуропа ғалымдары, ең болмаса, ұлы ақынның осы сөзіне мән бермей ме?! Ойланбай ма?! Олар қандай формада жазды екен деп толғанбай ма?! Егер олар да Еуропа ақындары секілді сонет, романс, ода, мадригал, баллада, терцин жазған болса, неге мысал келтірмейді?.. Жоқ! Олар аруз, бәйіт, ғазел, қасида, мусаддат, мухаммат, мураббе, месневи, тахмис, тержи-бейді, теркиб-бенді… тәрізді толып жатқан өлең-жырдың шығыстық түрлерінде еңбек еткен. Еуропалық әдебиеттанушылар, немене, бұларды білмей ме? Әлде білгілері келмей ме? Жә, олар білмесе, білмесін. Орыс оқымыстыларынікі не? Олар неге бұл ежелгі мәдени әдебиетті аттап өтеді? Түсінікті жайт: еуропалық бірауыздылық, өркөкіректік».
Міне, біз сексенінші жылдардың басында осындай бөлек бағдармен оқыдық. Бір қарағанда, Қадыр ағамыз бізге сабақ беруге көшеде әншейін сейілдеп жүрген жерінен келе салатын сияқты көрінетін. Жоқ, олай емес екен. Әр лекциясына асқан тиянақтылықпен әзірленіпті. Бірде ол сабақ үстінде алпысыншы жылдардағы жылымық кезінде Мағжанның кітабының дайындалғаны, оған өзінің редактор болғаны, бірақ бірыңғай лирикалық өлеңдерді топтастырған бұл жинақты шығаруға жол ашылмағаны туралы айтты. Соның бәрін әдебиет теориясымен сабақтастырып, қызықтыра әңгімеледі. Сөзді дұрыс қолдана білуге үйретті. Үндестіре, үйлестіре сөйлеуге баулыды. «Темекіні тартады, шылымды шегеді», — дейтін ол. Әдебиет теориясымен жеткілікті қаруланып алған біз Қадырдың лекциясынан шабыттанып шығып, ғимараттың сыртын айналып, темекіні тартып, шылымды шегіп келуге кетеміз… Қадырдың сабағындағы әңгімелер үзілісте де дамылсыз талқыланып жатады…
* * *
/Суретті түсірген — Шүкір Шахай/
Бауыржан Омаров

