ТЕЛЕЭКРАНДАҒЫ ТІЛ ҚОЙЫРТПАҒЫ
Баяғыда, жасырақ кезімде бір авторлық хабарымды «ФБР» деп атап жібермек болғаным бар:)) ФБР деген — шығармашылық топ мүшелері аты-жөнінің бас әріптерінен құралған аббревиатура — Фируза, Барманбекова, Раяна.
Хабар қоғамның көлеңкелі жақтарын қопаратын болған соң, өзімізше «ФБР» болғымыз келген ғой. Құдай сақтағанда, кейін басқа атау таптық.
Осы бір күлкілі жайды еске түсіре отырып, кейінгі кезде теледидардан жиі еститін «прайм эра», «сенің прайм дәуірің» деген сөздерге де еріксіз жымиып алдым. Өзімізше заманауи болғымыз келетін сияқты
Бірақ сол аққа жапсырылған қара жамау секілді қиюы қашып тұрған бөтен сөздерді естіген сайын тілімді бір беймәлім күш бұрап тұрып жұлып алғандай ауырсына берем. Үндемей қалуға дәтім шыдамады.
«Prime» — ағылшын тілінде ең жақсы, ең кемел, шарықтау кезеңі деген ұғымды білдіреді. Сонда қазақ тілінде бұл ұғымның баламасы жоқ па? Бар.
Кемел шақ. Толысқан кез. Шарықтау кезеңі. Ең жарқын шақ. Алтын дәуір. Биік белес.
Контекске қарай керегін таңдай беріңіз. «Сенің кемел шағың» немесе «сенің алтын дәуірің» деген бейнелі сөзді неге қолданбасқа?
Қазақ тілінде баламасы бар сөзді сән үшін немесе заманауи естілу үшін шетел сөзімен алмастыру — ана тілімізге жасалған қиянат емес пе?
Шетел сөзін мүлде қолданба демейміз әрине. Өз тілімізде баламасы жоқ жаңа ұғым болса, қабылдамасқа амал жоқ. Тіл әлемнен оқшау өмір сүрмейді.
Бірақ өз сөзің тұрғанда, неге міндетті түрде өзгенің сөзін таңдаймыз?
Заманауилық — бөтен сөзді орынсыз тықпалау емес.
Заманауилық — өз тіліңнің терең мүмкіндігін іске жарата білу.
Ал, әлеуметтік желі туралы айтпай-ақ қояйын. Вайб, анпаки, гештальд… өстіп тіл шұбарлана береді. Кейде қазақша сөйлемнің ішінен қазақша сөзді іздеп ит боласың.
Гүлмәрия Барманбекова facebook парақшасынан https://www.facebook.com/permalink.php?story_fbid=pfbid0avzGvD2pfHjgDtrKexdqJ291oXpLfdEZe5Fc9mZju1gdhHfD3UU8hVECtusbgj3l&id=100004128884764

