Тектіліктің қайнар бұлағынан шөлін қандырған тұлға

Қазақ даласы да, қазақ қоғамы да асыл азаматтардан кенде емес. Шүкір. Тоба. Тек соларды дер уақытында бағалайтын пейіл, ардақ тұтатын көңіл ғана жетпей жатады. Иә, бұл жалпы адам баласына тән мінез. Қай ұлттың болмасын осал тұсы! Асқақтата көтеріп алып, бір ғана қателігі үшін жер қыла салу да оп-оңай! «Қадірі болмас адамның, ортаңда тірі жүргенде…» деп термелетіп те жатамыз кейде. Бірақ оның байыбына баратындар аз. Ұлы Абайдың «Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, тірісінің өсектен аманы жоқ» деп күйінуінде де үлкен гәп бар-ау.

Мақалаға азық болып отырған марқұм Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевты көзінің тірісінде бағаланбады, еңбегі еленбеді деуге келмес. Еңбек жолын туған жері Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Бесарық ауылында қарапайым совхоз жұмысшысы болып бастаған сұңғыла бозбала, өзінің табандылығының, еңбекқорлығының арқасында сатылап өсіп, кейін бірнеше министрлікте қызмет етті. Премьер-министрдің орынбасары болып жоғары лауазымға да жетті. Экономика ғылымдарының докторы дәрежесі тағы бар. Әр жылдары Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының әкімі қызметін атқарды.

Әрине, оны да аяқтан шалғысы келгендер мен жолына бөгесін болғысы келгендер табылды. Бірақ «Аққа құдай жақ». Тура жолынан қайтара алмады. Қанден-өсек піл-мінезді тұлғаға әсер ете қоймады. Қалыпқа сыймайтын ірілігімен, халықшыл тірлігімен, ұлтын шексіз сүйетін болмысымен ел алғысын арқалап, мемлекеттік қызметте дараланған ірі қайраткерге айналды. Үлгілі ісі мен өнегелі тағылымы, ұлтына деген адалдығы қандай жоғары қызметте жүрсе де жоғалмаған, ар-ұяты «тоналмаған», жемқорлыққа былғанбаған болмысы бөлек Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев кейінгі жастарға үлгі тұтар, ел мақтанышы деп өзгелерге мақтан етер асыл азамат еді… Ажалға дауа бар ма? Арамыздан алып кетті. Мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Мәшбекұлы 71 жасқа қараған шағында 2023 жылы 10 маусым күні фәниден бақиға көшті. Ол 1953 жылы 9 ақпанда қарапайым отбасында дүниеге келіпті. Әкесі – Нәлібаев Мәшбек Сапарбайұлы, бригадир, анасы – Нәлібаева Бибіш, үй шаруасындағы ана екен.

«Балағының биті бар» бала еңбекке ерте араласыпты. Ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін жете білген азамат, тұлға болып қалыптасқан кезінде де елден тамырын үзбеген. Халықпен байланысын тоқтатпаған. Бұқараның ортасында жүрген… Содан да болар, Бердібек Мәшбекұлы қай облысты басқарса да, елдің есінде жақсы қасиетімен, өрелі ісімен, халықшыл бітімімен сақталып қалды. Бердібек Мәшбекұлы үнемі «Халықтың мәселесін шешсең, кез келген ауылға ұялмай, басыңды жерге қаратпай бара аласың. Бұл – әкімнің ең негізгі тапқан бақыты», – дейді екен. Осы ұстаным өмірінің соңына дейін жалғасыпты.

16 ақпан күні Астана қаласындағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевқа арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Конференция атауы «Бердібек Сапарбаев тұлғасы». Оған Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова қатысты.

Конференция барысында мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаевтың жүріп өткен өмір жолы жайлы түсірілген фильм көрсетілді. Шара аясында жазушы Құлбек Ергөбектің «Ерен де берен Бердібек», «Бердібек Сапарбаев. Өнегелі өмір» атты кітаптары таныстырылды. Туындыда қайраткер туралы деректер, туыстарының, үзеңгілес әріптестерінің естеліктері топтастырылған. Оқырман қауымға жол тартқан кітаптардың тұсауын авторлармен бірге Бердібек Мәшбекұлының жұбайы Қалдығайша Сапарбаева кесті.

Конференция барысында халқы ардақтаған тұлғаның ел мен жерге сіңірген еңбегі туралы көп естеліктер айтылды. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп Бердібек Мәшбекұлына айтса жарасатындай.

 

 

 

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ҚҰТТЫҚТАУ ХАТЫ

«Бердібек Сапарбаев: Дағдарыс менеджері феномені» ғылыми-практикалық конференциясы аясында танымал саясаткерлер, депутаттар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және өңірлерден арнайы келген қонақтар бас қосты. Конференцияға қатысушыларға жолдаған Мемлекет басшысының хатын ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов оқып берді: «Бердібек Мәшбекұлы – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына және дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол әр жылдары жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Бірқатар өңірге және мемлекеттік органдарға жетекшілік етіп, парасатты, іскер әрі білікті басшы ретінде танылды. Халықтың ерекше сый-құрметіне бөленді. Қайраткер тұлғаның адами қасиеттері, кәсіби біліктілігі және адал қызметі – жас мемлекеттік қызметшілерге әрдайым үлгі-өнеге» депті Президент.

 

ВИЦЕ-ПРЕМЬЕРДІҢ БЕРГЕН БАҒАСЫ

Конференцияға қатысушылар алдында сөз алған Тамара Дүйсенова шараның басты мақсаты Сапарбаевтың мемлекеттік басқару ісіндегі іргелі бастамалары мен озық тәжірибелерін зерттеп, пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру екеніне мән берді.

«Ең әуелі, ол кризис менеджер болды. Бұл – баршаға белгілі ақиқат. Мемлекетіміздің басшылығы әрдайым халықтың жағдайын жақсы білетін, әр істі қашанда тыңғылықты атқаратын Бердібек Мәшбекұлына ең қиын, күрделі салаларды сеніп тапсыратын. Ол қай жерде, қандай лауазымда қызмет етсе де, халықтың мүддесі мен әлеуметтік жағдайын, тұрғындардың денсаулығын ерекше назарда ұстады. Табысты еңбегінің арқасында көпшіліктің ықыласы мен құрметіне бөленді», – деді Тамара ханым. Сондай-ақ ол Бердібек Сапарбаевтың экономика ғылымдарының докторы болғанын, теориялық түрде меңгерген білімін іс жүзінде пайдаланып, инвестиция тарту механизмдерін жүзеге асырғанын тілге тиек етті. Одан бөлек отандық ғалымдарға қолдау көрсете отырып, пандемия тұсында коронавирусқа қарсы вакцина шығаратын зауыт құрылысының басы-қасында жүргені туралы да айтылды. «Бердібек Сапарбаев тұтас буынға тәлім-тәрбие беріп, отаншыл, мемлекетшіл тұлғалар легін өсіріп шығарған ұлағатты ұстаз болды. Мемлекеттік қызметке білікті мамандар даярлауға, кадрлар резервін қалыптастыруға айрықша көңіл бөлді. Олардың бойына мемлекетшілдік қасиет пен «адал азамат» тұжырымдамасын сіңіруге әрекет етті. Шәкірттерінің ішінен көптеген мемлекет және қоғам қайраткері шықты», – деп сөзін түйіндеді вице-премьер.

МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫНЫҢ АҚЖАРМА ТІЛЕГІ

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қоғам қайраткерінің қандай азамат болғанын, одан қандай тағылымды тәрбие алғанын былайша еске алды: «Бердібек Мәшбекұлын бүкіл халық болып соңғы сапарға қимастықпен шығарып салғанымыз күні кеше ғана сияқты еді. Бүгін біртуар тұлғаның «екінші өмірі» басталғанына куә болып отырмыз. Туған халқына, ұлтына риясыз қызмет ету, қызмет ете жүріп, тұтас елдің шынайы алғысын алып, құрметіне бөлену екінің бірінің тағдыр-талайына бұйыра бермейтін бақыт. Ондай тұлғалардың есімі мемлекеттің, ұлттың тарихында ұмытылмастай алтын әріптермен жазылып қалады. Халық жадында өшпейтін із қалдырған сондай тұлғалардың бірі – Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев. Ол кісінің мәнді де мағыналы ғұмыры бейнелеп айтқанда «аттың жалында, түйенің қомында» өтті деп айтуға болады. Еліміздегі ең қиын салаларға жетекшілік жасады. Бес бірдей облысқа әкім болған Қазақстандағы жалғыз тұлға және өңірдің барлығы да мәселесі күйіп тұрған кезде Бердібек Мәшбекұлы сол өңірлерге басшылық жасады. Қазір осы 5 облыс дербес 7 облысқа айналды. Ол нағыз кризис-менеджер болды деп айта аламыз. Бердібек Мәшбекұлы барғаннан кейін сол аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы айтарлықтай оңала бастайтынын бәріңіз білесіздер».

Мәжіліс төрағасы Сапарбаевтың 1990 жылдардың басында ең күрделі кезеңде Қызылорда облысын басқарған кезін тебірене еске алды. «Еңсесі түскен, экономикасы құлдыраған өңірді аз уақытта аяққа тұрғызды. «Оңтүстік Қазақстан облысында да іргелі істерімен ел есінде қалды. Ол жақта тұтас өңір жарықсыз, сусыз отыратын. Елдің бәрі далада ошақ құрып, қазан асып кеткен қиын кезеңдер болды. Осы күрделі мәселені шешу үшін Бердібек Мәшбекұлы орталықтағы құзырлы органдармен тартысуға дейін барды. Және сол проблемалардың бәрін шешті де. Ақсақалдардың басын біріктіріп, кәсіпкерлерді жұмылдырып, асарлатып, бірнеше мектеп салдырды, – деді Мәжіліс спикері.

Әсіресе Бердібек Сапарбаевтың іскерлігі мен ұйымдастырушылығын, әлеуметтік министр болғанын кезінде айрықша байқағанын ерекше атап өтті. Сапарбаев көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық танытқан, нағыз атына заты сай әлеуметтік министр болыпты.

«Қателеспесем, осыдан 10-15 жыл бұрын Бердібек Мәшбекұлымен бір делегация құрамында Алматыға іссапармен бардық. Сол кезде екеуіміз бір көлікте келе жаттық. Бір уақытта Бекең «мына жерге бұрыла кетейік» деп көлікті бұрғызып, бір кішкентай дүңгіршектің қасына барып тоқтадық. Барсақ, дүңгіршектің жанында бір қария мен кемпірі тұр екен. Бердібек Мәшбекұлы олармен біраз әңгімелескеннен кейін әрі қарай кеттік. Сосын мен туысымен амандасқан болар деп, «бұл туысыңыз ба?» деп сұрадым. Сөйтсек, жаңағы ақсақал Астанаға келу үшін жеке шаруасымен Бердібек Мәшбекұлына сұранып жүр екен. «Мен ол кісі Астанаға әуре болып келмей, ақыры келгеннен кейін жолдан бұрылып, жарты сағат уақытымды бөлдім» деп ақсақалды босқа сабылтпайын деп әдейі кездескен екен. Сол кезде, шыны керек, таңғалдым. Сол кездегі жас азамат үшін бұл өмірлік тағылым болды, – деп сөзін тамамдады ол.

 

 

САПАРБАЕВТЫҢ СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ АТАҒАН ҮШ ҚАСИЕТІ

ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов та Бердібек Сапарбаевтың тұлғалық қасиеттеріне тоқталды. «Ел жанашыры, биік тұлға, мемлекет қайраткері Бердібек Мәшбекұлын Қазақстанда білмейтін адам жоқ. Бекең ағамыз отқа салса, күймейтін, суға салса, батпайтын Алпамыс батырдай Тәуелсіз еліміздің іргетасын қалауға ерекше үлес қосты. Парламентаризмді дамытуға бар күшін салды. Мен бір жүйеде, бір салада, бір өңірде Бекеңмен жұмыс істемесем де, сол кісіге қарап бойымызды, ойымызды ылғи түзеп жүретінбіз…

Біріншіден, ол тұлғаның нағыз лидерлік қасиеті. Мықты кризис-менеджер болған соң, жұмысы ақсап жатқан өңірлерге арнайы жіберілетін. Ол кісіні әкімдердің әкімі деп айтатын. Қай жерде, қай қызметте жүрсе де, нәтижелі жұмысқа бағыттай білді, ұйыта білді, бастай білді, ұйымдастыра білді. Екінші қасиет – ұлтқа, тілге жанашырлығы. Ұлттық мәселеге әркез ден қоятын, зиялы қауымға жақын жүретін, вице-премьер ретінде идеология саласына үлкен үлес қосты. Үшінші ерекшелігі – жұртқа жақындығы. Қай қызметте жүрсе де, ауыл-аймақты аралаудан шаршамай, елдің талап-тілегіне құлақ асатын. Кіммен болса да еркін сөйлесіп, пікір алысқанда қарапайымдылық, кішіпейілдік қасиеттері анық көрініп тұратын. Қандай апат болса да ағамыз аяғына керзі етігін киіп алып, сол жерде бірінші болып жүретін», – деп, Жақып Асанов Бердібек Сапарбаевты мақтанышпен еске алды.

ҚЫЗЫЛОРДАНЫ САҚТАП ҚАЛҒАН ӘКІМ

Мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы Қырымбек Көшербаев: «Бердібек Мәшбекұлы Қазақстан тәуелсіздік туын тұғырға қондырғаннан кейін саяси сахнаға шыққан ұлттық кадрлардың бірегейі. Біз екеуіміз бір топырақта туып, бір кезеңде өмір сүрдік. Екеуіміз де елімізге қызмет еттік. Қызмет жолында әріптес, өмір жолында сырлас болдық. Ел оң-солын танып үлгермей жатқан тұста бірге жұмыс істедік. Көп ағаларымыз «аттарың да ұқсас, сендер осы егіз қозыдайсыңдар» деп әзіл аралас тілегін білдіріп жататын. Бердібектің 90-жылдардың тоқырауында Қызылорда облысын жойылудан сақтап қалғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Сол тұста Қызылорданың салықтық базасы нашар, экономикасы, әсіресе, өндірісі дамымаған деген желеумен облысты жабу туралы Үкімет Президентке ұсыныс дайындап жатқан болатын. Қазіргідей стратегиялық әрі рухани маңызға ие аймақтың жабылып қалуы кімді болса да қынжылтады ғой… Дәл сондай сындарлы сәтте Бердібек білек сыбана кірісіп, Қызылорданың басқа аймақтардан кем емес екенін, салықтық базасы, экономикалық перспективасы бар тиімді аймақ екенін Үкімет алдында дәлелдеп, өзінің жоғары кәсібилігін көрсете отырып, аймақты сақтап қалды.

Үкіметтің құрамында екі рет еңбек және әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша министр және Премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарды. Қызметі барысында өзінің ұлтжанды азамат екенін тағы бір дәлелдеді. Өзін халықтан тысқары ұстаған жоқ. Елмен қоян-қолтық араласып, адал еңбек етті. Қай жерге барса да, елмен сыйласып, сыйысып жүрді, сол арқылы елге ұйытқы бола білді. Өзінің үлкен адами және кәсіби қабілеттерінің арқасында аймақтардың дамуына ерекше үлесін қосты. Мемлекеттік қызметте жүрген өскелең ұрпақ, жаңа буын Бердібектің сол ізгі қасиетін үлгі етсе дейміз. Ол қараша халыққа жақын, елмен етене болды, халықтың арасына қаймықпай кірді, тұрғындармен тікелей сөйлесетін. Ол – ең үлкен қасиет, бағалай білуге тиісті қабілет.

Бердібек Мәшбекұлы қай өңірге барса да, сол жердің әл-ауқаты мен қордаланған түйінді мәселелерін шешуге, үзілген үміттерін жалғауға барды. Ол Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының әкімі болған кезеңде аянбай еңбек етіп, соның бәріне де абыроймен барып, абыроймен кетті. Жетекшілік еткен әр аймақ халқы оны қимастықпен шығарып салып отырды. Бұл Бердібек Мәшбекұлының антына адал, сертіне сенімді болғанының белгісі деп білемін».

Конференция барысында Қазақстан Республикасының Еңбек Ері Құралай Бәйменова белгілі мемлекет қайраткерінің саяси еңбегі мен адами қасиеттерін атап өтті: «Әр облыс, елді мекен – әкімдер қызметінің көрінісі. Бүгінде Ақтөбеде тамаша мәдениет орталығы, стадиондар, спорт кешендері, «Жекпе-жек» сарайы, мұз айдыны, балаларды сауықтыру орталығы, жол айрықтары, жаңа кварталдар бар. Мұның бәрі Бердібек Мәшбекұлы Ақтөбе облысы әкімі қызметін атқарған қысқа уақыт ішінде бой көтерді. Бердібек Мәшбекұлы аз уақыт ішінде жергілікті тұрғындардың ыстық ықыласына бөленді. Қазақстанның жаңа тарихы Бердібек Сапарбаев сияқты стандартты емес, серпінді және шебер тұлғалардан тұрады», – деді ол.

ДАНА ЖӘНЕ ДАРА ТҰЛҒА

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Вице-президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сарыбеков Махметғали Нұрғалиұлы: «…Әкімге қажетті осы қасиеттің барлығы Бердібек Мәшбекұлының бойында бар еді. Оны халық жақсы біледі. Мен Бердібек Мәшбекұлын біздің Жамбыл облысына әкім болмай тұра, бұрыннан білетінмін. Кезінде мен ректор, Білім және ғылым министрінің орынбасары болып, Бердібек Мәшбекұлымен жұмыс барысында жиі араластым, себебі ол Премьер-министрдің орынбасары ретінде Үкіметте идеология және әлеуметтік саланы басқарды. Облыс әкімі ретінде Сапарбаевтың қандай өзге ерекшелігі болды?

Біріншіден, экономика ғылымдарының докторы болғандықтан, оның аналитикалық ойлау қабілеті өте жоғары еді. Әкімнің жұмысында кешенділік пен жүйелілікті жақсы көретін. Майда-шүйде мәселелермен басын қатырмай, аппараттың алдында стратегиялық мақсаттарды нақты қоятын және оларды орындауға қоластындағы қызметкерлерді ұйымдастыра білетін. Екіншіден, Бердібек Мәшбекұлы өзіне дейін Жамбыл облысын басқарған әріптестеріне үлкен құрметпен қарайтын. Жиналыстарда: «Бұл жобаны Асқар Исабекұлы бастаған. Біз оны жалғастырамыз», – деп отыратын. Өңірді басқарған тұлғалардың арасындағы байланыс пен сабақтастық осындайдан басталады.

Үшіншіден, Сапарбаевтың өмір мектебінен көптеген жастар өтті. Бердібек Мәшбекұлының адамды тани білетін, өзінің бір «ішкі рентгенінен» өткізетін қасиеті болған. Соның арқасында мамандарды таңдап, оларға күрделі мақсаттардың орындалуын сеніп тапсыратын. Сол жастар бүгін әртүрлі аймақта басшылық қызметте нәтижелі еңбек етуде. 2020 жылы ақпан айында Қордай оқиғаларынан кейін Жамбыл облысына әкім болып тағайындалғанда Бердібек Мәшбекұлы өз командасымен келген жоқ. Өзімен біраз жыл қызмет істеген, өзі тәрбиелеген Ержан Жылқыбаевты алып келді. Қалған облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан әкімдері жергілікті азаматтар болғанын жақсы білеміз.

Төртіншіден, Бердібек Мәшбекұлы Жамбыл облысында көптеген әлеуметтік жобаны іске асырды. Мысалы, «Асарлатып үй салу», «Жомарт түлек», «Таразға тарту» сияқты жобалар халықтың өмір сапасын жақсартуда нақты нәтижелер берді.

Бесіншіден, Бердібек аға – шынайы достыққа ашық болған тұлға. Бірақ сатқындықты, екіжүзділікті, өтірік айтқанды кешірмейтін. Мұндай «достарды» өзінің «ішкі тізімінен» сызып тастайтын.

Ал Бердібек Мәшбекұлының ең негізгі қасиеті – қарапайым адамдарға жақын болды, халықпен бірге болды. Бердібек ағаның бұл қасиеті Қордай оқиғалары, COVID-19 пандемия, Байзақ ауданындағы жарылыс, Қаңтар оқиғалары кезінде айқын көрінді. Сондықтан да елде Сапарбаевты «кризис-менеджер» деп атап кетті. Екі жылдың ішінде облысымыздағы 400-ге жуық ауыл мекенінің жартысынан көбіне Бердібек Мәшбекұлы барып, өз көзімен көріп, халықпен кездесулер өткізді. Әкім болу оңай емес. Кез келген адам әкім бола алмайды. «Әкім болсаң, халыққа жақын бол» деген сөз бар. Бердібек аға әкім ретінде халыққа жақын болды. «Халықтың мәселесін шешсең, кез келген ауылға ұялмай, басыңды жерге қаратпай бара аласың. Бұл – әкімнің ең негізгі тапқан бақыты», – дейтін Бердібек Мәшбекұлы.

Мен соңғы рет Бердібек Мәшбекұлымен 2023 жылы 5 наурыз күні кездескен едім. Сол күні Бердібек аға республикалық Мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауалды штабтың мүшесі ретінде Таразға келіп, екеуміз Жамбыл облысының бірнеше ауданын аралап, халықтың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Елімізде болып жатқан саяси реформаға байланысты өз ойларымызбен бөлістік. Осы кездесу соңғы екенін білмедік. Әрине, Бердібек Мәшбекұлының өмірінде қиын кезеңдер де болды. «Тырнақтың астынан кір іздеп», аяғынан шалғысы келгендер де кездесті. Әйтеке бидің Күлтөбедегі бір жиында айтқан сөзі бар: «Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме! Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме?!»

Сол сияқты Бердібек Мәшбекұлының сағын сындырамын дегендер де болды. Өмірдің осындай қиын сәттерінен адалдық, ашықтық, әділеттілік сияқты ұстанымдарының арқасында ол үлкен абыроймен өте білді. Өзінің барлық өмірін халықтың бағын ашуға арнады. Бердібек Мәшбекұлының елімізге бергені аз емес. Әлі де беретіні бар еді. Өкінішке қарай, ортамыздан бақилық өмірге кетіп қалды. 9 ақпан күні 71 жасқа толатын еді. Артында басшы және ғалым ретінде жақсы із, үлкен мұра қалдырды. Осы мұраны зерттеу, сол мұрамен бүгінгі күннің арасында байланыс пен сабақтастықты орнату, сол мұра арқылы жастарға тәлім-тәрбие беру – біздің парызымыз. Бердібек Сапарбаевтың дана және дара тұлғасы халықтың есінде мәңгі сақтала бермек.

 

 

 

БИЛІКТІҢ МАҢДАЙШАСЫНА ШЕГЕЛЕП ҚОЯТЫН СӨЗ

Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов: «Бердібек қызметтегі қабілетін кәсіп деп емес, қасиет деп қарайтындардың сойынан еді. «Жалпы кез келген тұлға туралы, олардың ішінде биліктегілер туралы айтқанда» дейді, Әбіш Кекілбаев ағамыз «Алдымен оның табиғи болмыс-бітіміне ерекше назар аудару керек» деген екен. Бекеңнің биік талғамы мен терең толғамы жан жүрегінде тебіреніп көрініс тауып жататын еді. Тұлға ретінде өзін туған халық пен дәуір мүддесінен туындайтын қоғами кезеңдерде өзіне қатаң талаппен, үлкен жауапкершілік жүктей білетін азаматтың бірі-тін.

Мен таныған Бекең ақын Сырбай Мәуленов айтқандай «Сіңірсем деймін еліме, Маңдайдың терін ағызып, Жасасам деймін еліме, Жанымның отын тамызық» деп өткен ірі тұлға болатын. Бұл сөздерді биліктің маңдайшасына шегеліп қойса болатындай. Бекең жарықтық халқымыздың рухани әлеуетін қоғам алдында айқара ашуға мүмкіндік беретін қайраткерліктің шыңына шыққан даралықтың ақбоз арғымағы еді. Бір бойында мемлекетшіліктің, қайраткерліктің, саясаттанушының, мәдениеттанушының, әдебиеттанушының жарқылы әдемі тоғысқан. Соның бәрін данышпандықтың қайнарына суарған Бекең, бүгін ойлап қарасаң, шын мәнінде болмыс екеніне ешкім дау туғыза қоймас деп ойлаймын. «Жұрт ісін түс көрмей ояу жүріп іздеу» мақсатымен (Әлихан Бөкейханов) қарапайымдылықтың кәусар бұлағынан қанып ішкен Бекеңнің халқына сіңірген, халқының рухына сіңірген еңбегі, тағылымды тәрбиенің бағдаршамындай көрінеді. Жалпы Бекеңнің ақылы мемлекетіміздің, еліміздің өтпелі кезеңінде айқара ашылып, шыңдала түскендей әсерге бөлейді. Шығыс Қазақстан облысында әкім кезі. Ұлы Абайдың ескерткішін ашарда алабұртқан топтың санасын сабасына түсіргенін кім ұмытар?! Тіліміздің тағдыры таразыға түскен кездегі Бекеңнің ұшқыр да дәл жауап берген кезеңі есіме түссе, толғанып кетем. Міне, осындай тарихи мәні бар мәселелерді Бекеңнің ой қуатының, азаматтық ерік-жігерінің арқасында шешілгенін біз еш уақытта ұмытпауымыз керек. Дәп сондай аумалы тұста «Құнанбай» киносы түсірілді. Оған Бекеңнің қолдауы үлкен әсерін тигізді».

ҰЛТТЫҚ ВАКЦИНАЦИЯДАҒЫ ҚОЛТАҢБА

Айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков те пікір білдіріп, Бердібек Мәшбекұлының шығармашылық пен руханиятқа сіңірген жанашырлығын, Оңтүстік өңірді гүлдендіру жолындағы қажырлы еңбегін тілге тиек етті.

Ғылыми ортаға көрсеткен қамқорлығы туралы ҚР Президентінің ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закарья Дальтонқызы атап өтті: «Мен Бердібек Мәшбекұлымен 2020 жылы таныстым. Пандемия… қандай жағдай болғаны бәріңізге белгілі. Сол кезде біздер биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институты пандемияға қарсы вакцина шығарамыз деп шешім шығардық. Өзіміз технологияны қарастырып, жан-жақтағы ғылыми мақалаларды зерттей келе, вакцинаны өзіміз де шығара аламыз деген қорытындыға келдік. Сол кезде Астанаға Асхат Қанатұлы келіп «Біз де вакцинаны шығара аламыз. Бізге қолдайтын қаржы керек, құрал-жабдық бәрінен көмек береміз» деді. Біздің келесі ойымыз «жақсы вакцинаны шығарамыз, оны ары қарай қалай зерттейміз, клиникалық зерттеулер қалай өтеді? Оны қай жерде шығарамыз, себебі Қазақстанда зауыт жоқ. Ол мәселелер Білім және ғылым министрлігі не Денсаулық сақтау министрлігі құзіретінде жоқ болатын. Сондықтан да ол мәселелерді басқа министрліктермен қарастыру керектігі айқын еді. Көптеген министрлерге, вице-министрлерге өзім іздеп бардым. Оларға айттым «Вакцинаны шығарамыз, ғылыми-зерттеу институттарына ақша табылды, енді зауыт салу керек» дедім. Сонда менің не естігенімді білсеңіздер. «Қандай вакцина? Не деп тұрсыз? Қандай зауыт? Вакцина шығару қазақтың қолынан келмейді. Шетелден вакцинаны сатып аламыз» деген ауыр сөздерді естідім. Одан кейін «не істеу керек? Кімге баруымыз керек?» деген сұрақтар анталап тұрды. Елге басшы болдың ба, бар жауапкершілікті мойынға алу керек. Тәуекелге бару керек. Біздің елде жауапкершілікті мойнына алғысы келмейтін басшылар көп. Соның да зардабын тартып жатырмыз. Сол бір қиын сәтте Жамбыл облысына жаңадан әкім болып Бердібек Мәшбекұлы келіп жатқан. Менің соңғы үмітім сол кісіде еді. Барар жер, басар тауым қалмаған. Үнемі қарсылыққа тап болып, жігерім де құм бола бастаған. Егер ол кісі қолдамаса, басқа шара жоқ. Ойға алған іс жүзеге аспақ емес. Бар үмітімді арқалап Мәшбекұлымен хабарластым. Сағат 8:00- ге келістік. Айтқан уақытында барлық құжаттарды арқалап алдына кірдім. Ол кісі мені өте жылы қабылдады. Сөзімді бөлмей тыңдады. Презентацияларымды оқып, танысты. Мен ағымнан жарылып жатырмын. «Ғылыми-зерттеу жұмыстарына Асхат Қанатұлы ақша беретін болды. Бізге зауыт керек» дедім. Сөзімді асықпай тыңдаған Бердібек Мәшбекұлы «Мен сіздердің институттарыңызды білмейді екем. Кімсіздер? Мен бұл істі бастау үшін өзім барып көруім керек».

Осымен сөз тамам болды.

Бірнеше күннен кейін Бердібек Мәшбекұлы орынбасарын қасына алып, «Атар» горнизонында орналасқан құпия, жабық, ядролық ғылымды зерттейтін институтқа келген. Ғалымдармен кеңескен, пікірлескен алғашқы шенеунік. Жағдайымызды көрді. «Атар» горнизонында жүріп, жұмыс істеп жатқан ғалымдардың жағдайы төмен еді ол кезде. Ыстық су түгілі, салқын су жоқ. Ғалымдардың үйлері жоқ, үйлері болмағасын күйлері қайдан болсын! Жалақысы аз, бірақ ғалым-қызметкерлердің өз ісіне деген адалдықтары ғана сезіліп тұратын. Қанша қиналса да жұмыстарын тастамай жүрулерінің өзі ерлік екенін ол кісі сезді. Бар көкірек көзімен таныды. «Мен сіздерді түсіндім. Шаруаны бастау қолдарыңыздан келетіні байқалады. Сіздерге қолдау қажеттігін ұғындым. Көмек беремін. Премьер-министрге барамын. Үкіметке түсіндіремін. Одан кейін Президентке барамын. Бар жағдайды айтамын.

Содан көп ұзамай мені Мемлекет басшысы кездесуге шақырды. Қабылдады. Нәтижесінде бүкіл мәселе шешілді. Құрал-жабдықтар, вакцинаға қатысты 252 реактив (Егер бір реактив болмаса, ол вакцина шықпайды) мәселесі шешілді. Ғалымдардың жалақысы жолға қойылды. Құрал-жабдықтар, ең негізгісі заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Зауыт салу қолға алынды. Мұның бәрі Бердібек Мәшбекұлының өрелі кісілігінің, жаңалыққа құштарлығының арқасында іске асты. Зауыттың құрылыс штабын басқарды. Әрбір апат сайын өзінің әкімдігінде жұмыс істейтін, құрылыс басқармасын басқаратындарды әкеліп, құрылыста не болып жатқанын бақылап, вакцина қалай шығып жатқанын қадағалады. Бұл үлкен басшылық талант. Елге болсын дейтін тұлғаның ірілігі. Осы бір вакцинаға қосқан ерен үлесі үшін Бердібек Мәшбекұлына еңселі ескерткіш тұрғызса да артық болмас еді…».

МЕН ТАНЫҒАН БЕРДІБЕК

ҚР еңбегі сіңген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы:

«Мен қазақтың арда азаматы Бердібек Мәшбекұлын әлеуметтік министр болған кезінен білем. Одан кейін араластығымыз Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарында әкім болған кезінде жандана түсті. Бүгінгі конференцияны көріп, ішінде болып, естелік айтып ағынан жарылған азаматтардың жүрекжарды пікірлеріне риза болдым. Айтылып жатқан ой-пікірлердің бәрі рас. Бердібек бауырым ұлтын шексіз сүйетін, халқыма болсын дейтін асыл жүректі қазақ еді. Көзінің тірісінде елінің алғысына бөленген екі әкім болса, оның біреуі – Бердібек. Егер жалғыз болса, ол да Бердібек деп батыл айта аламын. Бүгінгі конференция барысында байқағаным, жұрты Бердібекті сағыныпты. Демек, Бердібек Мәшбекұлы өлмейтін ұлы істердің басында тұр. Дүниедегі ең жаман нәрсе ел жадынан шығып жоғалып кету ғой. Сенің бар-жоғыңды халықтың ұмытып кеткенінен жаман нәрсе болмас, сірә да. Осы жағынан қарағанда, Бердібек бауырымның өлімінің өзі көпті сабасына түсірген, жалған өмірдің баянсыздығын дәлелдеп кеткен ақ өлім!

Қызмет бабында сан мәрте жолықтық. Сонда байқағаным – өте қарапайымдылығы. Есте сақтау қабілетінің ғажаптығы. Бір кездескен адамының атын да, затын да ұмытпайтындығы. Таңғалатынмын. Үнемі халықтың ортасында жүргендіктен болар, ашық-жарқын болмысы кімді болмасын өзіне тартып тұратын.

Кім келсе де ат шаптырым кабинетінен шығып алдынан күтіп алады. Сөзді бөлмей асықпай отырып тыңдайды. Неткен сабырлы қалып! Неткен төзімділік! Жұмысы шашынан көп. Қарбалас тірлік. Сөйте тұра келген адамының қас-қабағына қарап, арыз-шағымын тыңдап, ақыл-кеңесін беріп шығарып салғанына сан мәрте куә болдым. Кейде қоңырау шаламын. Жұмысбасты адам ғой, қолы босамай жатқанын айтып, кейін хабарласатынын сыпайылап жеткізеді. Бір ғажабы кешке болсын, түн ортасы болсын, міндетті түрде хабарласады. Ұмытып кетпейді. Мән-жайды түсіндіріп, телефон көтере алмау себебін де ерінбей айта кетеді. Қалай сүйсінбейсің. Неткен тектілік! Ол үшін халықтың бәрі бірдей еді. Ешкімді алаламайды. Қараламайды.

Ылғи халықтың арасында жүретіндіктен, ел ішіндегі проблемалардың бәрімен таныс болатын. Бүгінгі әкімдер Бердібек Мәшбекұлының осы қасиетін бойларына сіңірсе дегім келеді. Артына қаншама шәкірт қалдырды. Олардың ұстаздарына деген сағынышы мен ілтипатын көріп, көзіме жас алдым. Тебірендім. Толғанып отырмын.

Кіндік қаным тамған Жамбыл облысындағы Қордай қақтығысында, Байзақта болған жарылыста, Қаңтар оқиғасы орын алған шақта да, Бердібек Мәшбекұлының қасынан табылдым. «Qazaqstan dauiri» газетінің ұстанымы сондай. Ашық ақпаратты бірінші болып нақты зерттеп жазу. Бұл Бекеңе де өте қатты ұнайтын еді. Ол кісі жалған сөзге, дерексіз әңгімеге, халықты адастыруға бағытталған ақпараттарға жаны қас, ақиқатшыл тұлға еді. Ертеректе Шығыста сел тасқыны жүріп, су тасығанда, Ақтөбені басқарып тұрған шағында теракты орын алғанда да шынайы ақпарат тарату үшін қасынан табылдық. Өзінен сұхбаттар алып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізуге тырыстық. Асығыстыққа бармадық. Әбден сараптап барып, оқиға орын алған жерден халыққа ақпарат тараттық. Қордай оқиғасында да штабты тікелей өзі қадағалап отырды. Тіпті журналистермен бірге үй-үйді аралап, халықты тыңдап, қайғының уын ішкендерге көңіл айтып, ашуға бой алдырғандарды сабырға шақырып жүрді. «Құрметті журналистер! Оқиғаны бүркемелеп керегі жоқ. Шындық айтылсын! Бұл оқиғаның орын алуына не себеп болды, әбден зерттелсін. Тек өтінерім, ойдан сөз қосып, болмағанды болғандай етіп «көркемдеп» сенсация іздеудің керегі жоқ. Халыққа ақпарат шынайы жеткізілсін! Фактімен жазылсын! Бұра тартып бұрмалауға жол берілмесін» деген сөзі де әлі құлағымда жаңғырып тұр.

Оның болмыс-бітімін ашып көрсету үшін, ерен еңбегін саралау үшін бір институт жұмыс істесе де аздық етері анық. Сондықтан билік қолға алған игі істің өміршең болғанын қалаймын. Бердібек Мәшбекұлының билік сатысында жүріп өткен жолы ұрпаққа үлгі болып, кеңінен насихатталып отырса, қазақ үшін де мәртебе! Көзінің тірісінде халықтың алғысын арқалаған аптал азамат, өлімімен де шенеуніктерге үлгі болса, нұр үстіне нұр!

Бердібек Мәшбекұлы тектілігі парасатпен ұштасқан, кісілігі заңғар ойға құлаш ұрған, талғам-таразысы жоғары, билікте қанша жүрсе де, лас тірлікпен санасы уланбаған, арзан атақ пен даңққа ұрынбаған, нағыз қазақы болмысты, ұлтжанды, рухты, кешегі Алаш қайраткерлерінің ізбасары іспетті ірі тұлға! Ол алыстаған сайын асқақтай түсетін тау секілді. Алла Тағала еліне, жұртына, отбасына амандық бергей! Топырағы торқа болғай!».

ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ МӘҢГІЛІК

PS: Бердібек Мәшбекұлы мемлекетіміздің дамуына бар күш-жігерін жұмсады, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап, биік деңгейден көріне білді. Көп жылғы еңбегі мен мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі ескеріліп, «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерімен марапатталды.

Көрнекті қоғам қайраткері, көшбасшы тұлға, мықты менеджер, жастарға ұстаз бола білген ардақты азаматтың жарқын бейнесі халықтың жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

Халықта жақсы сөз бар ғой: «Таулар алыстаған сайын олардың асқар шыңы айбынды көрінеді» деген. Тау тұлғаға айналған адамдар да өмірден озып, бақилық өмірге кеткен кезде олардың бейнесі жүректен өшпейді, халықтың көз алдынан кетпейді. Сондай адамдардың бірі елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, алты Алаштың біртуар азаматы Бердібек Сапарбаев болатын. «Жақсының – аты, ғалымның хаты өлмейді» деген осы екен-ау!..

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК