ТЕАТРДЫҢ ЖАҢА ЖОБАСЫ — «ҰЛЫ ДАЛА ТЕАТР КЕРУЕНІ»

Биыл Ақтөбедегі Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры қазақ труппасының құрылғанына 30 жыл толды. Осы датаға және Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасын іске асыру мақсатында «Ұлы дала театр керуені» атты гастарольдік сапар ұйымдастырылды.

Бұл жоба аясында театр ұжымы облыстағы аудан орталықтары мен ауылдарға гастрольдік сапармен барып қайтты. Жоба екі бағытта жүргізілді: бір топ Абайдың туғанына 150 жыл толуына байланысты Абайдың және жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау мақсатында әдеби-танымдық кештер ұйымдастырды. Ал екінші бағыттағы топ көрерменге С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясын, Ұ.Есдәулеттің «Қара пима» драмасын және балаларға арналған М.Әлібектің «Алдар көсенің сиқырлы дүрбісі» ертегісін ұсынды.

 

 

Театр ұжымы Шалқар, Әйтеке би, Алға аудандары секілді бірнеше елді мекендегі көрерменімен қауышты.

Маусым айының аяғында театр ұжымы Бершүгір, Қарабұтақ, Ақай, Қарақобда ауылдарына барып, бірнеше қойылымды көрермен назарына ұсынды. Ал екінші топ Шалқар, Әйтеке би аудандарында «Абай әлемі» атты әдеби-поэзиялық кеш өткізді. Бұл әдеби шараның мақсаты – жастардың қазақ әдебиетіне, мәдениетіне деген қызығушылықтарын оятып, Абай шығармашылығын насихаттау.

 

 

— Бұл жоба мақсаты — көрерменді рухани құндылыққа тәрбиелей отырып, театр әлеміне қызығушылығын арттыру, театр өнерін кәсіби тұрғыда дамыту, қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығын насихаттау, ұлтымыздың мәдениетін, салт дәстүрін жандандыруға ат салысу, тұрғындардың өткен шарадан алған пікірін саралай отыра, театр өнерін өркендетудің сратегиялық жоспарын жасау, — дейді Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры директоры Олжас Ибраев.

 

 

Гастрольдік сапарлар барысында Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов театр директоры Олжас Ибраев және театр артисі Майгүл Мұзбаеваға Алғыс хаттар табыстады. Сонымен бірге Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Нәжімединов, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Анар Әбенова театр қызметкерлеріне, басшылыққа өз ризашылықтарын білдіріп, аудан әкімінің атынан ықылас гүлін табыстап, театр ұжымын Алғыс хатпен марапаттады.

 

М.ТАБЫН,

Ақтөбе облысы.