”Тәуелсіздік тартулары” кітабының тұсауы кесілді

 

Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі» белгісі мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, бірнеше республикалық, облыстық ақындар айтысының жүлдегері Шырын Мамасерікованың «Тәуелсіздік тартулары» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
”Тәуелсіздік тартулары” кітабының лентасын кесумен басталған іс-шарада кітапханашылар ақынның үзеңгілес құрбылары, қазақтың аяулы ақын қыздары Күләш Ахметова мен Айша Көпжасарованың арнау жырларын нақышына келтіре оқып, Шырын Мамасерікованың сөзіне жазылған әсем әндерді тарту етті.

Сонымен қатар «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Кеңесқызының бейнесәлемдемесі Шырын Мамасерікова үшін күтпеген тосынсыйлардың бірі болды.
Замана үнін, ұлтының мүддесін өлең жолдарымен өрнектеп келе жатқан қазақтың аяулы ақын қызы Шырын Мамасерікова ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, қонақтардың әрқайсысына арналған арнау өлеңін оқып берді.
#жамбыл_мәдениет_ақпарат