ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ ТАРТУ: БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ ҚОС КІТАППЕН ТОЛЫҚТЫ

 Жаңашылдықты жаһандану жүйесіне жаппай еру және көнені тірілтуді ескілікке оралу деп түсініп жүргеніміз жасырын емес. Дегенмен, сирек болса да осы екі ұғымның ортасын ұстап, бабалардың жолынан адаспай, жаңашылдықтан да жырақтамай ізгілік пен жақсылықты насихаттап жүрген жандар арамызда бар екен.

Processed with VSCO with preset
Processed with VSCO with preset
Processed with VSCO with preset

        Өткен аптада қазақ балалар әдебиетінің қатары комикс үлгісінде құрастырылған қос кітаппен толықты. «Ілияс пен Заңғардың планшеті» атты тағылымды комикстің авторы Ұларбек Нұрғалым болса, балалар әдебиетінің атасы Ыбырай Алтынсарының ертегі-әңгімелерін жаңаша үлгіде құрастырып дайындаған – әкелерге арналған «Талбесік» сайтының бас редакторы Азамат Битан. «Ыбырай атамның әңгімелері» аталған бұл кітаптағы әңгімелер екі ғасыр бұрын жазылса да, өміршеңдігін жоймаған. Тек автор түрлі-түсті бейне мен жылтыраққа әуес бүгінгінің балаларына туындыны комикс түрінде ұсынуды жөн көрдік дейді.

14 желтоқсан күні Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында аталмыш кітаптардың тұсаукесері өтті. Қос туындының таныстырылымына ересектермен бірге балалар да қатысты. Осы жобаны іске асырсаңдар деп ізінен ерген бауырларына сенім артқан халық қалаулысы Бекболат Тілеухан жиналған көпшілікті мерекемен құттықтай келе былай деді:

-Әркім қал-қадірінше тәуелсіздік мерекесіне орай сый жасап жатыр. Дегенмен, ұлт болашағы үшін бас қатырған халыққа ұрпақ тәрбиесінен, балалардың жағдайынан асқан мәселе жоқ. Кешегі Абай, Ыбырай, Мағжан, Сәкендерді айтпағанның өзінде, одан бергі тұлғаларымызды ойландырған маңызды мәселесі – осы ұрпақ тәрбиесі, балалар әдебиеті. Бұдан әлі күнге кемшін түсіп жатқан тұсымыздың көптігі жасырын емес. Оған бір ғана министр кінәлі болып, қалғанымыз судан таза, сүттен ақ болып отқан түгіміз жоқ. Себебі, кез келген адам үш нәрседен жанын да, малын да аямайды. Біріншісі – ауырған адам дәрі-дәрмек, ем-дом үшін ақшасын аямайды, түрмеге түскен адам бостандығы үшін ештеңені аямайды, одан кейін баласы үшін жанын не малын аяған адам тарихта болмаған. Яғни, баламызға қалай киім тауып, қарнын қалай тойдырам деп жүгірсек, оның ішкі әлемі үшін де солай уайымдауға тиіспіз. Кітап дүкендеріне кіре қалсаңыз шетелдің қиял-ғажайыбы, ойдан құрастырған құбыжықтарынан көз сүрінеді. Міне, солардың қатарынан ойып тұрып орын алатын екі бірдей кітаппен танысып отырмыз. Кемшілігімізді таңнан кешке дейін жырлай берген пайда жоқтығын мойындайтын, қайта соны түзетуге сіз болып, біз болып кірісетін уақыт әлдеқашан жетті деп ойлаймын.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, ниеті түзу жақсылардың ұлық мереке қарсаңында ұлт болашағына жасаған тартулары көптің көңілінен шығып, оқырман қауым авторларға ризашылығын білдіріп жатыр. Тек жарнамасы жарқ ете қалған комикс жанрындағы кітаптардың таралым санының аздығы көңілге қаяу түсірді. Десе де, ең бастысы, қаламгерлер кішкентай оқырмандардың жүрегіне жол тапты. Ал, кітаптың көптеп басылып шығуын алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ