Тәуелсіздік күніне арналған іс-шара
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні – ел тарихындағы ең маңызды мерекелердің бірі. Әрбір жыл сайын 16 желтоқсанда аталып өтетін бұл күн – қазақ халқының көп ғасырлық арман-тілектерінің орындалған күнін білдіреді. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін жариялап, әлем картасында жаңа мемлекет пайда болды. Сол уақыттан бері бұл күн мемлекетіміздің барлық тұрғындары үшін ерекше маңызға ие.
Аталған мерекені ұлықтау мақсатында 2024 жылдың 13 желтоқсаны күні біздің мектепте Тәуелсіздік күніне арналған “16 желтоқсан – тәуелсіздік күні!” тақырыбында мерекелік іс-шара өтті. Мереке аясында ұйымдастырылған іс-шараның негізгі мақсаты оқушыларға еліміздің тәуелсіздігі мен оның маңыздылығын тереңірек түсіндіріп, олардың бойында отансүйгіштік сезімдерін нығайтты.
Мектеп директоры Килыбаева Айгуль Джапсарбаевна мерекелік іс-шараны өз құттықтау сөзімен ашып берді. Шараға арнайы қонақ ретінде қатысқан Алатау ауданы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ахман Қанат және аудан ардагері Шортанбаева Жұпар, Алатау ауданы №14 округінің төрайымы Абилтаева Алуаш апамыз мектеп ұстаздары мен оқушыларына құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің тәуелсіздік жолындағы көптеген қиыншылықтардан өткенін, бүгінгі күнде қол жеткізген Тәуелсіздіктің маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара барысында мектебіміздің өнерлі оқушылары 2 «В» сынып оқушылары Юсупова Амали мен Саминалар “Қазақ биін” мың бұрала билеп көпшлікті тамсандырса, 5 “А” сынып оқушылары Тәуелсіздіктің 33 жылдығына арналған өлеңдер оқып, тақпақтар айтты. Сонымен қатар 8 “В” сынып оқушысы Шайзаданова Сания мен 3 “Б” сынып оқушысы Сейітбек Батырхандар ұлттық музыкалық өнерімізді насихаттау мақсатында домбырамен күй шертіп өз өнерлерін паш етті. Әсіресе 4 «Б» сыныбының орындауындағы «Атамекен» әні баршамыздың бойымызда патриоттық сезімді оятып, елімізге деген сүйіспеншілігімізді арттырды. Мектебіміздің 9 «А» сынып оқушыларының Тәуелсіздіктің тарихына арналған қысқаша театрландырылған қойылымы көпшілік көңілінен шықты. Бұл қойылымда Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы күресі, қазақ халқының ерлігі мен батылдығы көрсетілді.
Аталған іс-шара тек мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, оқушыларға тәуелсіздік пен еркіндік жолындағы қазақ халқының ерліктерін еске салды. Тәуелсіздік күні – халқымыз үшін мақтаныш пен үміттің символы болып қала бермек.
№114 ЖББМ директордың оқу ісі орынбасары
Ұ.А. Ташимова