Таудың самалы – балалардың жазғы демалысын өткізу үшін таптырмас жер

Жуалы ауданының Берік-қара шатқалында орналасқан «Тау самалы» жазғы сауықтыру лагері 1970 жылы пайдалануға берілген. Бір мезетте 350 баланы қабылдауға мүмкіндігі бар лагердің аумағы 7 гектарды құрайды. Аталған лагерьде 3 жатын корпус, асхана, бассейн, душ, монша, спорттық алаңдар және медпункт бар. Лагерьдің ауысым ұзақтығы 12 күн. Орталықта бекітілген ас мәзірі бойынша балаларға 5 мезгіл дәруменді тамақ беріледі. Айта кету керек, мұнда балаларға арнайы лагерь аспаздарының пісірген наны мен балаларды табиғи өнімдермен қамту үшін — лагерь басшылығы мал шаруашылығымен де айналысады екен.
✅Мұнда балалардың қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынып, тәрбиешілерге үлкен жауапкершік артылған. Осы мақсатта балаларға лагерде түнгі кезекшілік ұйымдастырылып, электр, өрт, жолда жүру, бассейнге шомылу, спорт алаңындарындағы қауіпсіздік туралы нұсқаулықтар таныстырылып, күн сайын ескертіліп отырады. Сонымен қатар, балалардың келгендегі және кеткендегі салмағы мен бойын өлшеу, денсаулығын қадағалап отыру, сырқаттанған жағдайда алғашқы дәрігерлік көмек көрсету үшін медбикелер қызмет етеді. Баланың жеке басының гигенасын, төсек орынның тазалығын сақтауды қадағалау тәрбиешілерге жүктеледі. Балалардың дене бітімін дұрыс жетілдіру мақсатында түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылады.
‍♂️Демалушы балалардың ақыл-ой, сана-сезімін жетілдіру бойынша да түрлі әдеби-сазды кештер, мәдени іс-шаралар, танымдық ойындар, байқаулар мен сайыстар өткізіледі. Бұдан бөлек, балалардың бойын сергіту үшін таза ауада арнайы серуендер мен ойындар ұйымдастырылады. Күн сайын кешқұрым би кештері өткізіледі десек те артық айтқандық емес.
Сондай-ақ, табиғаты ерекше сауықтыру кешенінде аймағымыздың бүлдіршіндері ғана емес, өзге де Семей, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының 270 балалары демалуда. Бүгінгі күні лагерьде Шу ауданының 300 баласы және Байзақ ауданының 220 баласы демалыспен қамтылып отыр.
️Аталған лагерьде әрбір жеткіншек өз қалауы бойынша шығармашылықпен айналысып, уақытты тиімді әрі қызықты өткізе алады. Ал, бүлдіршіндердің демалысын тиімді ұйымдастыру жұмыстары — білім басқармасының жіті бақылауында.

Жамбыл облысының білім басқармасы