Тәртіп сақшыларының заңсыз әрекеті әшкереленді

ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, МО Полиция Департаментінің лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекетін әшкереледі. Ақтау қаласында карантин кезінде «жұмыс істеуді» жалғастырған жезөкшелер ордасының заңсыз әрекетіне полицияның «қамқорлық» жасағанын анықтады.

Бұл туралы Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифинг барысында ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің МО бойынша департаментінің Тергеу басқармасының басшысы Бауыржан Серікұлы Баймырза мәлімдеді.

Облыс аумағында карантин жарияланғанына қарамастан полиция қызметкерлері құқықбұзушылық әрекеттерді тоқтату шарасын алмаған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тәртіп сақшылары коронавирус инфекциясын жұқтырған адамның жезөкшелікпен айналысатын шетел

азаматшаларымен байланыста болғаны туралы ақпаратты жасырып қалған деп тұжырымдады. Ведомсто полиция осы туралы мәліметті «құпияда ұстады» деп мәлімдеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Тергеу басқармасы басшысының айтуынша, аталған мәліметтерге сай, пара алу, қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану, жезөкшелікпен айналысуға арналған орындарды ұйымдастыру және оларды жасыру, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларды жасырып қалу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта жезөкшелер ордасында жұмыс істейтіндерді қоса алғанда, 87 адам карантинге алынып, оқшауланған. Олардың ішінде екі шетел азаматынан коронавирус инфекциясы анықталды.

Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникациялар орталығы