Тәртіп сақшыларына темір тұлпарлардың кілті табыс етілді

Тараз қаласындағы «Достық» алаңында Жамбыл облысы әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров пен Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев аудандық полиция бөлімдерінің учаскелік инспекторларына салтанатты түрде жаңа қызметтік автокөліктер тапсырды.

Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Меркі және Шу аудандарының учаскелік полиция инспекторлары су жаңа «Нива» және «Уаз» маркалы 131 бірлік арнайы автокөлікпен қамтамасыз етілді. Ал қалған үш ауданға келесі жылдың 1-жартыжылдығында бөлінетін болады.

Ішкі істер министрлігімен 2020 жыл – «Учаскелік полиция инспекторларының жылы» деп жарияланды. Осыны ескеріп, Облыс әкімдігінің қолдауымен өңіріміздегі барлық учаскелік полиция инспекторлары автокөлікпен 100 пайызға қамтамасыз етілетін болады. Учаскелік полиция инспекторларына көлік бөлу арқылы олардың шалғай жатқан аудандарға жиі барып тұруына, полицияға түскен шақыруларға дер кезіне жетуіне, отбасылық-тұрмыстық қылмыстарды және басқа да көптеген құқық бұзушылықтарды төмендетуге, сонымен қатар, қылмыстың өсуіне, соның ішінде мал ұрлығына жол бермеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді.