Тарт қолынды мемлекеттік елтаңбадан!

Отанға, елге деген зор құрмет, ең алдымен Мемлекеттік рәміздерге тағзым етуден басталады. Сондықтан да әр қазақстандық Елбасымыздың: «Мемлекеттік рәміздер — бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді», — деген сөзін тұмардай қастер тұтады.

Бірақ, өкініш-ке қарай, 2011 жылы Эквадордың «Масош» фирмасы ҚР Мемлекеттік рәмізі — Елтаңбадағы қос тұлпарды ұрлап, плагиатқа жол берген болатын. Мұның соңы үлкен дауға ұласып, оған мемлекет араласып, нәтижесінде, Эквадорлық фирманың ресми түрде кешірім сұрауымен зорға аяқталған еді.
Осыған орай, Елтаңба авторы Ж. Мәлібеков: «Елтаңбаны мен ғана емес, сен ғана емес, Мемлекет қорғауы тиіс!», — деп ашық мәлімдеме де жасады.
Енді, Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мен пайдалану және оны қорғау туралы Ата Заңымыздағы арнайы баптар бар: 34, 6, 372, 354-1 баптарында оларды қорғаудың нақтылы жолдары көрсетілген.
Анығында, Семей қалалық ішкі саясат бөлімнің жанынан 2013 жылы құрылған Мемлекеттік емес «Жастар орталығы» Мемлекеттік Елтаңбадағы қара шаңырақты (шаңырақ — Елтаңбаның жүрегі) алып тастап, оның орнына «Өлімнен де күшті» монументінің сұлбасын қойып, ал «Қазақстан» деген жазудың орнына «Семей қаласы» деп жазып қойған.
Бұл жөнінде ШҚО әкімі мен Семей қаласының әкіміне айту деген баланың ісі сияқты болып қалғандықтан, ҚР Бас прокурорына, ҚР Ішкі істер министрлігіне, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, «Нұр Отан» партиясына, тіпті ҚР Президенті мен ҚР Үкіметіне де «Туған қалам — Семейім» қоғамдық қорының атынан ресми хаттар жолданған болатын. Сол құзырлы орындардан келген хаттың бірі — (28.12.2017 жылы) ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің (№7-06-13/ЮЛ-Ы-168) маған берген жауабында Семей қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының тарапынан ешқандай да заң бұзушылық болмағаны жайлы, ал логотиптің 2013 жылы «нұсқа ретінде дайындалып», қазіргі күнде қолданыстан алынып тасталынғаны туралы жазыпты. Яғни, тек бір жақты ғана «нұсқа ретінде дайындалып», — дейді, ал оны 5 жыл бойы банерлерде, дипломдарда, әртүрлі мәдени іс-шараларда пайдаланып, қолданысқа енгізгені жайында бір ауыз сөз де қозғамайды. Тіпті, күні бүгінге дейін парақшаларындағы плагиат бейнесі тұрған суреттердің алынбағанын мүлде естен шығарса керек. Сонда ҚР Конституциясының: «Мемлекеттік Елтаңбаны қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар елтаңбаларының геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайды» деген 6-бабы қайда қалады?
Алғашқыда осы департамент (24.08.2017 ж., №7-06-13/ЮЛ-112) аталған мәселені қарау біздің құзыретімізге енбейді, сол үшін ШҚО әкімдігіне жібердік деп бастарын ала қашқан болатын. Ал ШҚО әкімдігі болса керісінше, (15.12.2017 ж., №3Т-Ы-31/05-13) бұл мәселені сол департамент пен ішкі істер органы қарайды деп қайыра жіберген еді. Бірақ ШҚО бойынша ішкі істер департаменті де (22.12.2017 ж., №1-4-134/1-32017) мұндай мәселені Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті қарайды деп, соларға қарата сырғыта салды. Енді, менің өз басымда мұндай «тисе — терекке, тимесе — бұтаққаны» тыңдауға зауық та, уақыт та қалған жоқ! Айтпағым: Мемлекеттік Елтаңбаны қорғап, оны қорлаған лауазымды тұлғаға қарсы қатаң шара қолданатын шығар деп үміттенген құзырлы мекемелердің өздері жауапкершіліктен тайсақтап, бірі-біріне сілтесе, демек, олардың «Әркім Республиканың Мемлекеттік Рәміздерін құрметтеуге міндетті!» деген ҚР Конституциясының 34-бабын басшылыққа алмағандары да. Ал бұл дегеніміз — жергілікті жерлердегі мемлекеттік мекемелердің ауы мен бауының жиналмай жатқандығын көрсетеді деп білемін.
«Құныққаннан дәніккен жаман» деген жалпымыз білетін мәтел бар ғой. Ана Мемлекеттік Елтаңбаның дұрыс қолданылуына жауапты мына Семей қалалық ішкі саясат бөлімі аталмыш логотиптеріне 2016 жылы «ресурстық» деп жаңа сөз енгізгенде де екінші мәрте тағы да плагиатқа ұрынып, қасиетті рәмізді бір емес, екі рет қорлаған. Және оған назар аудармақ түгілі қала әкімінің өзі де сол плагиаттың астына селфи жасап суретке түскенін мақтаныш ететін сыңайлы.
Мемлекеттік Елтаңбаны қалай болса солай пайдалану былай тұрсын, оның қалай орналасуының өзіне де қатаң талап қойылған.
Сонда Мемлекеттік Елтаңбаның дұрыс пайдалану тәртібін реттейтін ішкі саясат бөлімінің басшысы бес жыл бойы бұл сорақылыққа көз жұма қарап отырған. Ал «Жастар Орталығының» жұмысын тікелей бақылап отыру да осы бөлімінің құзыретіне жататындықтан, аталмыш плагиатқа кінәлі жастар емес, керісінше, оны қабылдауда салғырттық танытқан бөлім басшысы деп санаймын. Яғни, жастар осы «логотипті» жасаған кезде де, оны ішкі саясат бөлімінің басшысына көрсетіп барып, тек соның рұқсатымен ғана бекітуге мәжбүр болған.
Мемлекеттік қызметкерлердің «салғырттық» танытқаны үшін 371-бап бар екенін заң қызметкерлері неге ұмытқан?
Егер де ішкі саясат бөлімінің басшысы жіберген бұл өрескел қателікке бүгінгі таңда тиісті деңгейде шара қолданылмаса, онда күні ертең басқа қалаларда да бұл бейбастақтықтың орын алмасына кім кепілдік бере алады?
Сөз соңын тағы да сол плагиат жайлы ой қозғаған Елтаңбаның авторы Ж. Мәлібеков ағамыздың сөзімен аяқтасам деймін: «Елтаңбаны қорлап қылмысқа жол берген адамдар ерте ме, кеш пе өз жазаларын алуы тиіс».
Сол үшінде Мен барша Қазақстандықтарды Мемлекеттік Елтаңбаны қорғауға шақырамын!

Айдын Ырысбекұлы
«Туған қалам Семейім!» қоғамдық қорының төрағасы