Тарихи атауларды қайтара алмасақ, елдігімізге сын

Кейінгі жылдары мемлекеттік тілдің төңірегінде біраз проблемалар көтеріліп, көптеген ой-пікірлер, талдаулар жазылып келеді. Дегенмен, қазақ деген халықтың ана тілі талай мыңдаған жылдық тарихы бар көне де ұлы тілдердің бірі емес пе?
Кезеңдегі Алтын Орда қағанатының (империясының) дәстүрлі сөйлеу және іс жүргізу тілі болған біздің тіліміз, басқа халықтардың да тіліне аса зор ықпал жасаған. Мәселен, солардың бірі — сол кездегі империяның құрамында болған, солтүстіктен көршіміздің тіліндегі көптеген сөз қолданыстары — біздің тіліміздегі төл сөздеріміз.
Атақты Дальдің сөздіктерін ақтарып отырсаң, орыстың «молоко» сөзі «мал ағы» деген қыпшақтың сөзінен алынған. Яғни малдың ағы — сүті деген сөз. Сүт деген термин қазіргі біздің тілімізге, өткен ғасырдың 20-30-жылдары кірген. Осыған дейін ертедегі қыпшақтың (қазақтың) қарапайым сөзімен «малдың ағы» деп келген екенбіз.
Көрші халықтардың «ура» сөзі — «урах» (летописьте қате жазылған сөз) — «аруақ» деп бабаларымыз жауға шапқанда дем беруші, атойлаушы сөзінен алынған. Сонымен қатар, богатырь-батыр сөзінен, деньга-теңге сөзінен, серьги-сырға сөзінен алынған. Тізе берсең өте мол. Осыншалықты бай тілдік қорымызды кейбіреулер жұпыны деп төмендетіп жатады. Мүлде олай емес. Біздің тіліміз Кеңестік заманға дейін бірнеше ұлы мемлекеттердің, нақтылай айтсақ, Шыңғыс хан құрған және Еуразия жазығында құрылған Алтын Орда империясынан бастап, оған дейінгі және одан кейінгі барлық хандықтардың мемлекеттік тілі болған. Бұл — біздің мақтанатын асыл тарихымыз.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ана тіліміз — мемлекеттік тілге көңіл бөлініп, әр облыстың бұл тілде іс жүргізетін уақытын белгілеп берген соң, біздің де осы үлкен іске атсалысқанымыз ғанибет-ау. Алдағы мезгілде біздің ұлт болып қалуымыз осы жалғыз тілге ғана байланысты. Соны ұмытпайық, ағайын.
Осылармен қатар тағы бір айта кетерлік мәселе, шекарамыз ашылып, қазір Кедендік Одақ болып жатқан жайымыз бар. Біздің солтүстік даламыз бүкіл Есіл бойы тек қана орыс тіліндегі ауыл мен селолар. Кезінде бүкіл ендігін де, бойлығын да талай аралап көргенбіз. Курский, Дальний, Ейский, Раздольный, Свободный, Юбилейный, Красивое, Калачевский, Приречный, Двуречный, Маяковский, болып кете береді. Бірде-бір қазақ атаудағы елді мекен жоқ. Іздесең таппайсың. Құтты бір басқа елде жүрген секілдісің. Орыс тіліндегі қалалар да толып жатыр. Егер біртұтас экономикалық кеңестік құрып жатсаң, бір мемлекетке айналып кеткендей жайымыз бар екен. Әйтпесе, Петропавл, Қостанай, Павлодар облыстарының аумақтары сірескен орыс тіліндегі атаулар. Бұл суық өлкелерге қазақтарды толтыру да, әй, оңай емес! Павлодар облысында кейінгі жылдары бірнеше әкімі бірінен кейін бірі тағайындалды. Солардың бірде-бірі облыс аудандарына өзінің бұрынғы тарихи атауларын қайтарып бере алмады. Ал ауылдар-дың атауларын айтпасақ та болады. Егер болса да некен-саяқ. Неткен жалтақтық! Сонда қазақтың жерін осынша жылдар бойы қазақшалай алмағанымыз ба? Көрші Ресей большевиктер заманындағы атаулардың бәрін алып тастады, ал біз болсақ, сонау Патшалық уақыттағы атаулардың өзін әлі де жалтақтап өзгерте ала алмай келе жатырмыз.
Енді республика көлеміндегі қалалар мен аудандарды қазақшалайтын уақыт жеткен сияқты. Біз бұны мүмкінді-гінше тез атқаруымыз керек. Егер біз Қазақстанда қазақтілді орта құра алмасақ, үнемі көрші мемлекеттің тілінде сөйлеп, құжаттарымызды ресми тілде (орыс тілінде) сөйлетсек, болашақ буын жастарға обал болады. Тағы бір ескерте кететін жағдай, біз Наурызбай, Қарасай деп кейбір аудандарымызды атадық. Неге Наурызбай батыр, Қарасай батыр, Райымбек батыр деп аудандарды нақты атамасқа? Әйтпесе, болашақ буын бұларды кім деп таниды? Бұл жастарға үлгі әрі тәрбие емес пе? Елдің де көкейінде жүрген сұрақтардың бірі осы топонимдік өзгерістер, ол қашан болары әзірге белгісіз.

Бейсенғазы Ұлықбек