Таразда қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті
Бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен сегізінші шақырылған қалалық мәслихаттың кезектен тыс 33-сессиясы өтті. Күн тәртібінде қала өміріне қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралып, маңызды шешімдер қабылданды.
Сессияның алғашқы бөлігі кадрлық өзгерістерге арналды. Шаһар басшысы Жібек жолы ауданы әкімінің лауазымына Қарлығаш Әмірқызы Аралбекованың кандидатурасын ұсынып, оның еңбек жолына қысқаша тоқталды. Өз сөзінде қала әкімі үміткердің мемлекеттік қызмет саласында жинаған мол тәжірибесін, ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігін атап өтті.
– Қарлығаш Әмірқызы ұзақ жылдар бойы қалалық және облыстық деңгейдегі түрлі басқармалар мен бөлімдерде қызмет атқарды. Соңғы уақытта Жібек жолы ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарып, өз кәсібилігі мен жауапкершілігін көрсетті. Сондықтан оның кандидатурасы ауданның одан әрі дамуы үшін лайықты деп санаймыз, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Депутаттар ұсынысты бірауыздан қолдап, ашық дауыс беру нәтижесінде Қарлығаш Аралбекова Жібек жолы ауданының әкімі болып бекітілді. Халық қалаулылары жаңа әкімге сенім білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.
Күн тәртібінің келесі бөлігінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін мәселелер қаралды. Атап айтқанда, «2025–2027 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы шешіміне өзгерістер енгізу туралы ұсыныс талқыланды. Бұл өзгерістер негізінен бюджеттік бағдарламалар мен жобалардың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ алдағы үш жылға арналған шығыстар құрылымын оңтайландыруға бағытталған.
Сонымен қатар депутаттар қалалық кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында Тараз қаласында оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесін төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл бастама шағын және орта бизнес субъектілерінің дамуына серпін беріп, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға ықпал етпек.
Жиында тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатына бағытталған бірнеше шешімдер де қаралды. Оның ішінде «Тараз қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы» бұрынғы шешімге өзгерістер енгізіліп, әлеуметтік қолдау тетіктері жаңартылды. Сонымен қатар «Тараз қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары туралы» шешімге толықтырулар енгізілді. Бұл жаңалықтар аз қамтылған және әлеуметтік осал топтар үшін маңызды көмек болмақ.
Сессия барысында қалалық мәслихаттың бірқатар тұрақты комиссиялары мен кеңесші органдарының құрамы да жаңартылды. Атап айтқанда, «Тараз қаласы әкімдігі жанындағы рәміздер жөніндегі комиссия» мен «Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның» құрамы қайта қаралып, жаңа мүшелер бекітілді. Бұл өзгерістер аталған құрылымдардың жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталып отыр.
Күн тәртібіндегі барлық мәселелер егжей-тегжейлі талқыланып, депутаттар тарапынан қолдау тапты. Сессия қорытындысында қала әкімі Бақытжан Орынбеков қабылданған шешімдердің маңыздылығына тоқталып, олардың барлығы Тараз қаласының тұрақты дамуы мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
– Қаланың өркендеуі нақты істер мен нәтижелі шешімдерге байланысты. Біздің мақсат – Тараз тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік саланы күшейту. Осы бағытта бірлесе жұмыс істейтін боламыз, – деді шаһар басшысы.
Осылайша, кезектен тыс өткен қалалық мәслихат сессиясы қаланың алдағы даму жоспарларына тың серпін беріп, әлеуметтік және экономикалық мәселелердің шешімін табуға бағытталған нақты шешімдермен аяқталды.

