ТАРАЗ МӘДЕНИЕТ ҒИМАРАТТАРЫНА ӨТЕ МҰҚТАЖ

Үйірмелер жұмысы көңіл көншітпейді

«Егемен Қазақстан» газетінің 2023 жылғы 15 қарашадағы санында жарияланған журналист Табиғат Мұсылманқұлдың «Өңір мәдениетіне тың серпін керек» атты мақаласын оқып, қолыма қалам алдым.

Мақалада қаптаған үйірмеден қайыр бар ма дейді. Облыстық мәслихат төрағасының өкілімен құрылған депутаттық жұмыс тобы Тараз қаласындағы мәдениет саласына қатысты мекемелердің жұмысымен танысқан. Осыған орай зерделеу жұмыстары барысында мемлекеттік тапсырыс аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған жеке шығармашылық үйірмелерге жергілікті бюджеттен 2023 жылы 1 112500 мың теңге қаражат бөлінген. Осы жылдың 1 шілдесіндегі дерекке қарасақ, қызмет көрсетуші саны 48-ді құрап, 4-17 жас аралығындағы 5626 балаға қаражат бөлінген. Осы жылдың 1 шілдесіндегі дерекке сай, бұл дұрыс ақпарат. Әрине, өте сапалы қызмет атқарып отырған кәсіпкерлер де жоқ емес. Дегенмен үйірме қызметімен таныспақ болған жұмысшы топтың мүшелері оған қатысушылар түгілі үйірме ететін ғимаратты таба алмай қалған кездері болды. Облыстық мәслихаттың депутаты келтірген уәжге сүйенсек, үйірмелердің жұмысын жүргізу мақсатында қазынадан қомақты қаражат қарастырылғанына қарамастан, жұмыс өз деңгейінде жүргізілмегенін аңғаруға болады.  Халық қалаулысының айтуынша, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін үйірме жұмысын жүргізудің мәні зор. Әйткенмен талапқа сай жабдықталмаған бөлмелердің жетіспеушілігі үлкен мәселеге айналған. Бұл да назар аударарлық проблема екендігі даусыз.  Біздің ұсыныс-тілегіміз балалар мен жасөспірімдер үйірмені өз деңгейінде өткізетін Оқушылар сарайы салынса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында бой көтерген «Көне Тараз» музейінің халі мүшкіл екені БАҚ беттерінде талай рет жарияланғаны белгілі. Өңір тарихын танытуға тиіс ғимаратқа  қыруар қаражат қарастырылса да, елдің үміті ақталмады. «Көне Тараз» музейінің құрылысын салуға жалпы құны 950,2 млн теңгеге 2015 жылы келісімшарт жасалған. Өкінішке қарай, көне мұралар мен жәдігерлердің музейі болады деген уәде де орындалмады. Қазіргі уақытта ғимараттың шатырынан су өтіп, жертөлесі жарамссыз күйге түскен. Зерделеу барысында ғимараттың сыртқы қабырғаларының гипокартонмен қапталып, тасына жылу материалдары салынғаны анықталды. Осы кемшілікке жол берген мердігер мен қабылдап алған басшыларға неге айыппұл салмасқа? 7 жылдан бері ғимарат пайдаланусыз тұр. Осы ғимаратқа 1 миллиард теңге қаржы бөліп, ғимаратты іске қосса, халықтың игілігіне жарар еді.

 

«Қос қошқар таласып бір сахнаға»

 

Облыс орталығы Тараз қаласында бір ғана театр ғимараты бар. Өйткені екі театр А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры мен облыстық орыс драма театрдың сахнасын бөлісіп жүр. Өңір театрларына бөлек ғимарат қажет екені талай рет айтылса да, бір шешімін таппай-ақ қойды. Осындайда құдайы көршімізге көз тігетініміз бар. Мәселен, Шымкентте 7-8 театр бар. Ал біз екі театрымызды жарылқай алмай отырмыз. Біздің ұсыныс-тілегіміз 2024 жылы Жамбыл облыстық қазақ драма театрына қаражат бөлінсе, нұр үстіне нұр болар еді. А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры мен облыстық орыс драма театрына режиссерлер, актерлер жетіспейді. Қазақ ұлттық өнер академиясын бітіргендер Тараз қаласына келмейді. Себебі драма театр актерлерінің жалақысы тым аз. Сондықтан Қазақ ұлттық өнер академиясынан Тараз қаласында филиалын ашса деген тілегіміз бар. Тараз қаласында дайындайтын мәдениет мамандары білім алатын колледдж бен институт жоқ. Тараз қаласында ашылған мәдениет және өнер колледжді 2 жыл өтпей жабылды. Жамбыл педагогикалық институтының ашылуының 50 жылдығын атап өткен соң, артынша педагогикалық институт жабылды. Тараз қаласында педагогикалық институт пен мәдениет және өнер колледжін жабу барып тұрған облыс мәдениеті мен педагогтерге балта шабу. Жаңадан құрылған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі көңіл аударып, Тараз өнер және мәдениет колледжін ашуға көңіл бөледі деген ойдамыз. 2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласының халқы 440 мыңға жетті. Бұл – 2021 жылғы Қазақстан халқының санағы жөніндегі мәлімет. Тараз қаласында 2 жоғары оқу орны бар. Жастарды тәрбиелейтін – мәдениет орындары. 3 мәдениет ғимаратында облыстық 2 драма театр, қалалық Баласағұн мәдениет сарайы орналасқан.

 

Қазақ драма театрына жеке ғимарат керек. 

Ал Неке сарайы ше?

 

Екі театр бір ғимаратта, ал Баласағұн мәддениет сарайында Жамбыл облыстық филармония мен облыстық өнер шығармашылық орталығы орналасқан. Біздің ұсынысымыз – Жамбыл облыстық қазақ  драма театрының жаңа ғимаратын салса. Облыстық қазақ драма театрын Тараз қаласы, Төле би көшесі бойында бұрын резеңке зауыты болған, сол зауыт корпусы қала көркін бұзуда. Осы резеңке зауытының орнына облыстық қазақ драма театры салынса қанеки. Тараз қаласындағы Баласағұн мәдениет сарайында облыстық жиындар өтеді. Алматы мен Астанадан келген өнерпаздардың да концерттері осында өтеді. Жамбыл облыстық филармония ғимаратын салсақ, ел қуанып қалар еді. Бұл ғимаратты Төле би көшесі бойындағы облыстық драма театрға қарсы Нан комбинатының орнына салса құба-құп.

Нан комбинатын қаланың оңтүстігінде 15 мөлтекаудан аймағына ауыстырса деген көпшіліктің тілегі ескерілсе.

2022 жылы көктем мезгілінде Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев қаладағы көпқабатты тұрғын үйдің астыңғы қабатында орналасқан Неке үйіне барып, қазіргі талапқа сай емес екендігін, келесі жылы Неке сарайы салынатынын айтып, қала тұрғындарынан сүйінші сұрап еді. Өкінішке орай, облыс әкімі Б.Сапарбаев зейнет демалысына шығып, Неке сарайы салынбай қалды. Кеше ғана облыс орталығы болған Түркістан қаласында Неке сарайы салынды. Жас жұбайларға тарту етілді. Ал Тараз қаласында Неке сарайы қашан салынар екен деп жас жұбайлар армандап жүр. Қала тұрғындарының дені жастар. Болашағымыз – жастар мәдениетті, тәрбиелі, білімді болу үшін облыстық қазақ драма театры, Жастар театры, облыстық филармония, цирк, кинотеатр, қалалық кітапхана, облыстық архив ғимаратын салуға Жамбыл облыстық әкімдігі ұйытқы болса деген тілегіміз бар.

Тараз қаласында тойхана, мейрамхана, кафе, түнгі клуб, сауна т.б. көп, санына жете алмаймыз. Жастардың дамуы, болашағы үшін мәдениет орындары ауадай қажет. 2024 жылы Тараз қаласының халқының саны өсуіне байланысты екі аудан әкімшілігіне бөліну жоспарланған. Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Нұржан Нұржігітовтың облыстық «Ақ жол» газетіне берген сұхбаты 2023 жылы тамыз айында жарияланды. Мақалада екі аудан ашылатынын, қала оңтүстік және солтүстікке бөлінетінін атап көрсеткен. Елімізде Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында аудан  әкімшілігі құрылғаны баяндалған. Тараз қаласында екі аудан әкімшілік аумаққа бөлінеді. Оңтүстік аумақты Әулиетат ауданы, солтүстік ауданды А.Асқаров ауданы деп атаса деген ұсыныс білдіріп еді. 2023 жылы қыркүйек айының басында Жамбыл облысының жаңа әкімі тағайындалды. Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеев зиялы қауыммен, мәдениет қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жамбыл облысы, Тараз қаласының зиялы қауым өкілдері облыс әкімдігіне, Үкіметке, Президентке кездесуде облыстық қазақ драма театрын, облыстық филармония ғимаратын, Неке сарайы, цирк, кинотеатр, қалалық кітапхана, студенттер жатақханасын салып берсе деген тілегіміз бар. Сонымен бірге Тараз қаласына Тараз педагогикалық институты мен Тараз өнер және мәдениет колледжін ашуды да ұмытпаған жөн.

Боранбек ҚОШМАҒАНБЕТОВ,

Махан ИЛАНБАЕВ,

Жамбыл облысы

Тараз қаласы

 

Редакциядан:

Оқырмандарымыз жазған бұл мақалада ащы шындық бар. «Мәдениеті төмен» деп Таразды қалай ғайбаттаймыз? Алайда мына нақты деректер кімді де болса ойландырары хақ. Біздің таңғалатынымыз лауазымды орындар, тұлғалар уәде берді ме, орындау қажет. Әзірге мұндай пиғыл арманға айналып отыр. Оқырмандардың бұл жанайқайына билік енді құлақ түрер ме екен?