Тараз қаласында гидропоника әдісімен жемшөп өсіру цехы ашылды

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерін молайтып, сапасын арттыру және мал шаруашылығын дамыту үшін ғылыми жетістіктерді игерудің қажеттілігі туындап отыр. Бәсекеге қабілетті мал шаруашылығы өніміндерін өндіру үшін сапалы, экологиялық таза мал азығы қажет. Бұл ғылыми негізде дәлелденген, сондықтан өндірісте жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін берік жемшөп базасын жасап алу бүгінгі күннің талабы.  
    Осы орайда, соңғы кезде ел арасында жиі айтылып жүрген «гидропоника» әдісін айтуға болады. Жалпы гидропоника жаңа технология болғандықтан «Қазгидропоника» ЖШС-гі фермерлерді мал азығымен қамтамасыз етудің инновациялық тәсілін ұсынып отыр.
Бүгін аталған серіктестіктің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Б.Нығмашев, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері А.Карентаев, С.Әміреқұлов және аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары мен шаруа қожалық жетекшілері қатысты.
— Қазгидропоника» ЖШС-нің лентасын сала ардагерлері Аманкелді Карентайұлы мен Сағынхан Әміреқұлұлы қиғаннан кейін, серіктестіктің атқарушы директоры Данияр Әубәкіров күніне 400 келі  гидропоникалық қондырғы өндіретін цех жұмысымен таныстырды.
– «Гидропоника технологиясын пайдалану арқылы бір шаршы метрінен сауын сиырды күні бойы азықтандыруға жеткілікті 20-25 келі  жасыл желек ала отырып, сүт өнімділігін 30-40 пайызға, ал майлылығын 3-4 пайызға дейін арттыруға және ет бағытындағы ірі қара малдың күндігіне 800-1500 грамм қосымша салмақ қосуына мүмкіндік туады, – дейді серіктестік басшысы Данияр Оңыласынұлы.
Тараз қаласындағы автобекет маңында орналасқан цех толығымен жарақтандырылған және 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта серіктестік гидропоника технологиясын қолдана отырып, облыстағы шаруашылықтарды гидропонды құрылғылармен жабдықтауды көздеп отыр. Енді шаруалар жаңа технологияның арқасында жер жыртып, мал азығы аз деп алаңдамайтын болады.
Атқарушы директордың айтуынша, гидропоника әдісі арқылы дайындалған өнімдер арпа дақылының құнарлығымен пара-пар екен. «Жасыл жемді пайдаланған шаруа ветеринарлық ауруларды да біржолата ұмытады», — дейді ол.

Осылайша, шаруалар төрт түлігіне қаржы үнемдеп, таза, әрі құнарлы жеммен азықтандыра алады.

Бөрі Сұлтан