Таңсәріде
Жаңбырдан шарап қайнатып,
Сепсем бе қардан тұз оған.
Жаhанның жүзін жайнатып,
Естілсе кенет қызық ән.
Естілсе кенет қызық ән,
Алыстан талып құлаған.
Жақындап барсаң, ұзаған,
Алыстап кетсең, жылаған.
Бұлттардан жасап балмұздақ,
Күлтеге кепкен орасам.
Жалғанда өзім жалғыз қап,
Жарымның шашын тарасам.
Ешкімнен қолдау күтпей-ақ,
Ешкімге сенім артпай-ақ.
Отырсам шашым сүттей ақ,
Желкеме түйіп, шарт байлап.
Немесе жап-жас батырдай,
Ай асты жатсам шайқасып.
Туғаның үшін жат ұлдай,
Отаным үшін айқасып.
Немесе жынды баладай,
Молаға қашсам бұрмалап.
Алдымнан бұта, қарағай,
Жүзімді тіліп, тырмалап.
Бір кезде ескі қорғанның,
Қасында тұрсам дірілдеп.
Бір дауыс ішкі орманның,
Ішінен шықса гүрілдеп.
«Осынау шақты сүй!» десе,
Жалп етіп құлар жарқанат.
Апырай қандай күй кешем,
Көзімнен үрей сорғалап.
Миымда зулап жарық ой,
Жұлдыздай ақса шоқтана.
Сәулесін төгіп, анық Ай
Жолдарға түссе қап-қара.
Дөңгелеп күміс ақшадай,
Баратса Айың шырқырап.
Мен тұрсам кәрі патшадай,
Бойымнан құдырет бұрқырап.
Жарқ етсе сонда үмітім,
Солқ етсе өлген арманым.
Дүр етіп тұрса көне Күн,
Жап-жарық етіп жан жағын.
Жап-жарық Күнім мұңымды ап,
Жүрегім соқса жайланып.
Бір кезде ұшсам шырылдап,
Бозторғайға айналып.
Ақберен Елгезек

