Таңдау өз еркімізде.

Мен дер кезінде аузын жауып, бақытты күйде күйеуге шыққан әйелдерді көрдім.

Бар ынтасын отбасына арнаған әйелдерді көрдім, солардың күйеулері тау қопарып, жетістікке жетіп жатты.

Өз-өзін қинап, үйге қамап, карьерадан бас тартқан әйелдерді көрдім.

Бала үшін өзін құрбандыққа шалған әйелдерді көрдім.

Өзіне ашулануға рұқсат етпейтін әйелдерді көрдім.

Өзін сабыр мен мойынсұнуға әбден даярлаған әйелдерді көрдім.

Ата-анасын ұлықтаған әйелдерді көрдім.

Айналасындағы жағдайдың бәріне өзін жауапты сезінетін әйелдерді көрдім.

Азға қанағат қылатын әйелдерді көрдім.

Үндемей төзіп, жақсылық күткен әйелдерді көрдім.

Сосын мен оларды қайтадан көрдім.

Дер кезінде аузын жауып, бақытты күйде күйеуге шыққан әйелдер – артынан аузын ашып, ажырасып жатты.

Бар ынтасын отбасына арнаған әйелдер мен солардың тау қопарған күйеулері – қайтсе де елден ерек болуға тырысты, шамасы жетпейтінін түсінгендері – ішіп кетті.

Өз-өзін қинап, үйге қамап, карьерадан бас тартқан әйелдер – сосын ең жақын адамдарына күн көрсетпей, солардың жанын өртеумен өмір кешті.

Бала үшін өзін құрбандыққа шалған әйелдер – баласы өтей алмайтын аналық махаббаттың шырмауығынан шыға алмай қиналды.

Өзіне ашулануға рұқсат етпейтін әйелдер – олар өзіне сүюге рұқсат етпеді, ашу жоқ жерде махаббат та жоқ екен.

Өзін сабыр мен мойынсұнуға әбден даярлаған әйелдер – ішке жинап-жинап, ақыры жарылып тынады, жолындағының бәрін қиратып, құртып, тып-типыл етеді. Не көз алдыңда ауырып, солып қалады.

Ата-анасын ұлықтаған әйелдер – олар сол күйі бала болып қап кетті, тіпті жасөспірімдік қарсылық көрсету кезеңін бастан кешпеді.

Айналасындағы жағдайдың бәріне өзін жауапты сезінетін әйелдер – олардың алаңдаушылығы мен гиперқадағалауы етене жақындарының бастамасын жоқ қылып отырды.

Азға қанағат қылмайтын әйелдер – көп игіліктен қағылды.

Үндемей төзіп, жақсылық күткен әйелдер – үнемі ренішпен өмір сүрді.

Бірақ мен басқа әйелдерді де көрдім, олар:

Ең алдымен өзін таңдағандар;

Керек кезінде ұрысатын, мән-жайды түсініп, жан-дүниесін реттейтіндер;

Ашық, адал болғандар – өзімен де, өзгемен де;

Баласын тәртіпке салмайтын, олармен бірге қуанатындар;

Күйеуін бар болмысымен танитын, идеал сурет деп қарастырмағандар;

Қателесіп, сүрініп, құлағандар, сосын қайта тұрғандар;

Әр түрлі іспен шұғылданатындар, соның арқасында өзіне, еріне, баласына қызық бола білетіндер;

Көмек сұрап, жеңілетіндер;

Тамақ пісіруді жек көретіндер мен жақсы көретіндер;

жай ғана бақытты болғандар;

Осы әйелдердің бәрін өз бойымнан көрдім. Әрбіріміздің өн бойымызда түрлі әйелдер бой көтереді. Бірін демеп жатсақ, бірін еркіне қоя береміз.

 

Мария Воеводина.

Аударған Шынар Әбілда.