Тамыз кеңесіне үш тілділік тамызық болды

Ақмола облысы ұстаздары, білім саласының қыз-меткерлерінің Тамыз конференциясының тақырыбына   «Білімді ел — мәңгі ел»  атауын таңдапты. Алқалы жиынға облыс әкімі С.Кулагин, Білім  және ғылым вице-министрі Б.Асылова қатысып, сөз сөйлеп, кеңес берді.  Конференция алдында қатысушылар, оқу орындары-ның өз жетістіктерін насихаттауға дайындап әкелген көрме, көрнекті құралдарын тамашалады.  Жиынды бастап, сөз алған облыс әкімі С.Кулагин жиналғандарды жаңа оқу жылымен құттықтап, табыс тілеп, келесі мәліметтерді жеткізді. Қазіргі таңда облыста 599 мектеп, 579 балабақша,  орта мамандар даярлайтын 38 колледж және 4 жоғары оқу орны бар екен. Осы білім ордаларында 112 500 оқушы, 26 782 студент білім алады. Бұларға 22 мыңнан астам ұстаз тәлім береді. Өткен жылдары 137 бала әртүрлі деңгейдегі олимпиадаларға қатысып, жүлде алған.

Жиынның негізгі өзегі — өзекті баяндаманы білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова талқыға салды.

Үстіміздегі жылы Ақмола облысының білім саласына 60,6 млрд. теңге  қаржы бөлінген. Бұл  1991 жылғы деңгейден 20 есеге  артық. Елдегі  3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді біліммен қамту 91 пайызға жеткен.  Биыл оқушылар  оқулықпен 100 пайыз қамтылады. Оқу жылын Щучинск, Ерейментау қаласы, Целиноград ауданының Тайтөбе, Еңбекшілдер ауданының Мақпал елді мекенінің оқушылары жаңа мектепте қарсы алады.

Биылғы оқу жылынан бастап мектептерде  жаңа жүйе енгізіліп, тек бірінші сынып оқушылары ғана   5 күн сабақ оқиды.  Осыған сай  бастауыш сыныптарға сабақ беретін 55 ұстаз жаңа жүйемен дайындықтан өткен. Облыста үш тілге көшу барысы да қарқынды. Облыста 26 мектеп пилоттық жоба аясында үш тілде білім беруге көше бастаған.  Баяндамадан соң жарыссөз басталып, облыс мектептерін үш тілділікке көшіруде жетістікке жетіп жатқандар сөз бастады.

Зеренді ауданы Абай орта мектебінің биология пәнінің мұғалимасы Гүлназ Тасболатова  үш тілге көшу даярлығынан өтіп, ағылшын тілін үйренген жеке тәжірибесімен таныстырды. Шешен сөзде:

— Естеріңізде болса, алғашында мектептерде компьютер көрмеген ұстаздарға компьютер қиын сияқты көрінді. Бірақ олай болмады.  Ұстаздар компьютерді тез меңгеріп кетті. Сол сияқты  ағылшын тілін меңгерудің де қиындығы жоқ. Мен ғаламтор желісі арқылы ағылшынша-орысша  сөздік арқылы ағылшын тілін үйреніп алдым —  деп, өз  тәжірибесін көпшілікке насихаттады.

Келесі кезекте сөз алған Целиноград ауылдық округінің әкімі Белла Гадзиева тіл үйренуде жазғы демалысты нәтижелі өткізу  арқылы өз ауылында тіл үйренген нәтижелерін баяндады. Родина ауылының 9-10 сынып оқушылары жазғы демалыста ағылшын тілін үйрену оқуларына қатысқан. Ауыл әкімдігі Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов және А.Мырзахметов атындағы университет студенттерімен келісіп, ағылшын тілінен тегін сабақтар өткізген. Аз уақыттың ішінде балалар әжептәуір ағылшынша тіл сындырғанын жеткізді. Сонымен қатар, бұл ауылда балаларды  кәсіби мамандыққа баулу да жолға қойылған, — дейді ауыл әкімі.

Степногорск қаласындағы «Даму орталығы» ЖШС-ның  директоры С. Досетова «Мега ментальдық арифметика» жобасы  жайында баяндап, жетістіктерін атаса, Ақкөл балалар үйінің тәрбиеленушісі Ардақ Молдахметова сіңілісімен бірге, он жыл  тәрбиеленген шаңырағына және мамандық берген  Көкшетаудағы Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледж ұстаздарына:  «Қамқорлық жасап, баспана берген облыс, аудан әкімдеріне алғысым шексіз, бұл игі істердің бәрі еліміздің тәуелсіздігі, Елбасымыздың бізге деген қамқорлығы», — деп, алғысын жаудырды.

Келесі кезекте сөз алған Қарағанды медициналық академиясының студенті Наталья Филякина облыс әкімінің ауылдық жерлерді медицина мамандарымен қамтамасыз ету үшін жыл сайын жүз баланы грантпен оқытып, өз ауылына тұрақтандыруды аудан әкімдеріне тапсырған, игі бастамасының нәтижелі болатынына сенім білдірді. Өзі де осындай  грантпен оқып жатқанын айта келе, жіберген аудан, ауыл әкімінің сенімін ақтайтынын жеткізді.

Жиын соңынан сөз алған Білім және ғылым вице-министрі Б.Асылова білім саласының тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталды. Тәуелсіздік жылдары елімізде 499 балабақша, 1356 мектеп салынған. Заман талабына сай  жоғары стандартты білім беретін Назарбаев интеллектуалдық 20 мектеп нәтижелі жұмыс жасауда. Мұғалімдердің қағазбастылықтан арылуына  зор көмек болатын электронды журналдар мен күнделіктер енгізіледі. Биылғы тағы бір өзгеріс — оқушылардың бірыңғай киім үлгісінің енгізілуі жайлы да атап өтті. Алқалы жиынды әкім С.Кулагин қорытындылады. Кеңес соңында білім саласында нәтижелі жұмыс жасаған оқу орындары  басшы, ұстаздары  Ы.Алтынсарин және  «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерімен қатар облыс әкімінің алғыс хаттарымен  марапатталды. Жыл сайын жарияланатын  «Облыстық үздік білім мекемесі» конкурсының жеңімпазы атанған Көкшетау қаласының №6 орта  мектебіне арнайы сертификат және  ақшалай сыйлықты облыс әкімі С.Кулагин табыс етті.

Дахан Шөкшир