Тағылымды жыр кеші

Ғ.Сланов атындағы  Атырау облыстық ғылыми әмбебап  кітапханасында ақын,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Махамбет атындағы және Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлықтардың иегері,  Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиевтың 70 жасқа толуына орай «… Шежіреңде қолтаңбам қалса деп ем!» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Шараны жүргізген ақын, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран- при иегері Әлия Даулетбаева ақынның шығармашылығы туралы ойын әдемі сөз өрнектерімен әңгімесіне арқау етті. Шараға кітапхана оқырмандары, облыстық балалар кітапханасының, облыстық көрмейтін және нашар көретін азаматтар кітапханасының, қалалық  №1 ОКЖ және №2 ОКЖ-ның кітапханашылары, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледждің, Агротехникалық колледждің студенттері және Ы.Алтынсарин атындағы №11 орта мектептің оқушылары қатысты.

Шараға қатысушылар  слайд арқылы Қойшығұл Жылқышиевтың шығармашылығымен кеңінен танысты. Шарада белгілі ақын, журналистика саласының ардагері Төлеген Жаңабайұлы,тарихшы-өлкетанушы, ҚР Мәдениет қайраткері  Аманғали Әміржанұлы мерейгер қаламгердің шығармашылығы, азаматтығы, жастар әдебиетіне қамқорлығы туралы салиқалы пікірлерін айтып, ақжарма тілектерін арнады.Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапхананың басшысы Сара Салахединқызы Измұханбетова мерейгер –қаламгерді құттықтап, кітапхана атынан естелік сыйлық табыстады.

Шара барысында Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж студенттері Н.Саду, А.Сағынғалиева, Г.Тоғай, Ж.Патриотова, Х.Досболатұлы, Х.Мақсат және Ы.Алтынсарин атындағы №11 орта мектептің оқушылары Д.Махабатұлы, Д.Сембаев ақын Қойшығұл Жылқышиевтің   «Ақындық», «Жылдар жыры», «Қайран шеше», «Тарпаң-тағдыр», «Дархан өмір», «Мінез» атты өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Сонымен бірге, кітапхананың ақпараттық-библиографиялық бөлімі қызметкерлері құрастырған мерейгер қаламгердің шығармашылығы туралы басылымдардың және бүгінгі күнге дейінгі жарыққа шыққан кітаптары мен мерзімді басылымдар беттеріндегі жарияланымдарының тізімін қамтитын «Арынды жыр, асқақ ой иесі» тақырыбындағы библиографиялық көрсеткіштің таныстырылымы көпшілік назарына ұсынылды.

   Гүлжан Ескендір, Ғ.Сланов атындағы

облыстық ғылыми әмбебап

кітапхананың жоғары санатты әдіскері