Табыл Құлияс, жазушы, сатирик: Өткен ғасырдың басында қазақтардың саны 10 миллион еді…

1922 жылғы Қазақстандағы аштықты Сталин өзі естіген

— Сіз Ресей федерациясының біраз мұрағаттарын зерттеп көрдіңіз, солардың арасынан қазақтардың нақты саны туралы деректер кездестіре алдыңыз ба?
— Мен Ресейдің 11 қаласында, сосын Татарстан мен Башқұртстанның қалаларындағы мұрағаттарға барып зерттеу жүргізіп көрдім. Солардың ішінде Орынбор архивтен мынадай дерек кездесті. «1890 жылғы әлемдік статта, қазақтардың саны 10 миллион. Әрбір шаңырақта орта есеппен 7 адам бар, олар өзбектерден 5 есе көп» деп тайға басқан таңбадай анық жазған. Бұл деректі ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл әлемдік статтың дерегі. Сол кездері Патшалық Ресей өкіметі қазақтардан салық жинау үшін қызметкерлерді арнайы дайындаған. Олар әр төбенің басында отырған 5-10 үйге дейін барып анықтап жазып алған. Мұншалық «ұқыптылық» танытып жүргендері өкіметке салық жинау үшін ғой. Қазекемнің бала санын, мал санын тектеп айтатыны бір жағы ырым еткені болса, екінші себебі — орыс патшасына төлейтін алым-салықтан жалтарудың жолы болса керек. 10 баласы бар адамнан, «қанша балаңыз бар» деп сұраса, «4-5 қара домалақ жүр ғой» дей салады. «Қанша жылқың бар» дегенге «ортасы ой түскен біраз жылқы бар ғой» деп сыр бермейді екен. «Ортасы ой түскен» дегені кемі мың жылқыны меңзейді. Қайталап айтамын, мал мен бастың санын жасырғаны — салықтан қорыққаны, қашқаны болар.

Табыл Құлияс

— Ахмет Байтұрсынұлының «Әлһамдулилла, алты миллион қазақпыз» дегені бар. Сосын қазақтың ең алғашқы конституциясының бетінде (қолжазбасында) «жеті миллион қазақ бармыз» дейді? Сонда кімге сенеміз?
— Мен архивтерді ақтардым, яғни, өз көзіммен көрген әлемдік статтың деректеріне сенемін. Ал Ахмет Байтұрсынұлының олай айтатын себебі бар. 1903 жылы қазақ даласына оба ауруы таралған. Сол аты жаман жұқпалы ауру талай адамның өмірін жалмап кетті. «Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер» Мұхаммеджан Қарабаев деген кісі болған. Ол туралы да талай архивтерді ақтарып, мақалалар жаздым. Кітабым да басылып шықты. Мұхаммеджаннан қалған жазба бар. Сонда айтады. «1903 жылы қазақ даласында оба ауруы талай адамды қырып кетті. Ауруларды емдеуге менің қолымда дәрі-дәрмек түгел, бір ақ дәке жоқ» деп жазыпты. Мұхамеджан Қарабаевтың туған жері Қостанай облысы. Петербургтың Медициналық университетінің түлегі. Жаяу — жалпы жүріп халыққа дәрігерлік көмек көрсеткен, әр жерден медпункттер ашуға көмек сұрап патшаға хат жазған. Сол жылғы обадан нақты қанша адамның опат болғанын айта алмаймын, бірақ айтарлықтай кеміп кеткендігі белгілі. Тағы бір мысал, француз тарихшысы Иззабэлланың деректерінде тұр. «Қазақстандағы аштық халықтың 70-80 пайызын қырып кетті. Салдары геноцидтен асып түсті», — дейді ғалым. Мұнан кейінгі нәубет, 1919 жылғы аштықтың да зардабы осал болмаған. Бұл аштық Россияға қараған біраз елдерді шарпыды. Апаттан есеңгіреген ел араға үш жыл салып тағы да аштыққа ұрынды. 1922 жылы Сталин Барнауылға келіп кеңес өткізген. Бұл жиналыста, солтүстік өлкенің бірінші хатшысы Эихо деген адам сөз сөйлеп, халықтың қиын жағдайын баяндапты. «Қазақстанда аштық қатты жүріп жатыр. Қазірге дейін ата-аналары өліп қалған қазақ балаларын жинап үш жерден жетімдер үйін аштық. Ашыққан халықты құтқару үшін бізге Мәскеудің көмегі керек. Әр жерде жатқан өліктерді машинамен жинап, көміп үлгере алмай жатырмыз», — дейді. Барнауылдың дәрігерлері де Мәскеуден медициналық көмек керектігін айтып, Сталинге мәселе көтерген. Бұл деректер «Степная правда» газетінде бар. Сол тұстағы журналистер өткір болған ғой. Шындықты жасырмай жазыпты. Сонан кейінгі тағы бір нәубет — 1928 жылы жүргізілген кәмпескелеу науқаны еді. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұрандарының өзі қандай жаман десеңізші. Бұл саяси науқанның кезінде де ел аштыққа ұрынды. Қаншама қазақ шетелдерге босып кетті. Онан кейінгі сұмдық қырғын, 1931-1933 жылдар аралығындағы алапат аштық еді. Сондықтан қазақтың басынан өткен төрт бірдей ашаршылықтың кесірінен, қалың қазақтың саны күрт кеміп кетті.
Кеңес үкіметі қазақ жерін «қазақтарсыз игергісі» келді. Оған түрлі себептер де бар еді. Бұл өзі Патшалық Ресей заманында жоспарланып, астыртын жүзеге асырылып келе жатқан құйтырқы саясат болатын. Кезінде Пелле деген француз ғалымы Петр I-ге «Россияның бүгіні де, болашағы да қазақ жеріндегі байлықты игеруге байланысты» деп «ақыл» қосыпты. Орыстың қатын патшасы Екатеринаның, Орынбордың губернаторы Неплюевке жолдаған құпия нұсқаулары болған. Соның ішінде «қазақтарды бірін-бірі етін жеп, сүйегін далаға лақтырғандай өшіктір» дейді. «Қазақтардың старшиналарын өзара қырқыстырып, бір-бірінің қарауындағы халқын қырып салғандай өшіктір» депті тағы бірде. Соған қоса «қазақтар қалтасынан пышағын шығармасын, шығарса салып алады» деп сақтандырып та қоятын тұстары бар екен.
Қазақтың керемет қаласы Сарайшық еді. Сол қаланың мыңдаған тұрғындарын Суворовтың армиясы бір түнде пушкамен қырып салды. Бұл жауыздықтың артында да орыс патшалары тұрды. Олардың ойынша «Мәскеумен тетелес қала болмауы керек екен». Яғни қазақтарды жер бетінен құртып жіберудің жоспары арыдан басталған ғой.

 

Алғашқы қырғын  обадан басталып,
содан соң жаппай аштыққа ұласты

— 10 миллион қазақтың әрбір қырғын кезінде қаншалық адамынан айрылып отырғанын мөлшерлеуге бола ма?
— 10 миллион халықтан қазан төңкерісіне дейін де бірнеше миллионын жоғалтқанымыз байқалып тұр. Алғашқы қырғын 1903 жылғы обадан басталды. Майкөтов деген қазақтың революционері болған, өзі медицинадан хабары бар адам екен. Атбасар, Торғай өңірінде оба таралған кезде, іші тоқтамай өтіп жатқан адамдарға тұз ішкізіп жүріп кейбіреулерін аман алып қалыпты. Ол кезде, Майкөтов сияқты халыққа жаны ашитын, медицинадан хабары бар адамдар жоқтың қасы. Кейінгі кездегі Алаш арыстарының айтып жүрген қазақтың саны туралы деректері, сол обадан қалған халықтың ұзын-ырғасы еді. Ал 1919 жылғы ашаршылық туралы деректер, сол тұстағы баспасөз беттерінде жарияланып тұрған. Кемеровадан жолықтырған деректердің ішінде «Ақмоладан 15000 адам босып келді. Жолшыбай балалары көптеп өліп кеткен» деп тұр. Бұлардың арасында қанша адамның зауыттарға жұмысқа тұрғандығы, өкімет асханаларынан қанша адамның тамақтанғаны жайында да нақты мәліметтер кездеседі. Сосын Новосибирге жеткен вагондарынан қаншама адамның өліктері жинастырылғандығы туралы жазбаларды оқыдым.
Сол уақытта, халықаралық «Қызыл крест» қоғамы әрбір аштық жайлаған елдерге гуманитарлық көмектер жіберіп отырыпты. Башқұрттар мен татарлар ашыққан адамдарға күніне бір уақыт тамақ үлестіріп жүріп, аман сақтап қалыпты. Ал қазақ даласына аштық таралған кезде, халықаралық қоғамның көмегі түгілі жергілікті өкімет халықтың өз малын өзіне қимаған. Алматыда қызметте жүргенімде, қала шетіндегі жер астынан қазып дайындалған азық-түлік қоймасын көріп едім. Бұл өзі сонау 1930 жылдардың кезінде жасалған мемлекеттік үлкен қойма болып шықты. Ішінде азық-түлік пен киім-кешек қоры сақталыпты. Сол қордағы дүниелерді, жұрт аштан қырылып жатқан кезде орталық комитеттің қызметкерлерінен тартып облыс басшылары, аудан, колхоз, совхоздың басшылары мен жалаңдаған белсенділеріне ғана үлестіріліп отырған екен. Қордан игіліктеніп отырған адамдар, есігінің алдына келіп жығылып жатқан туысқанына нәр таттырмаған ғой, өзіме тамақ жетпей қалады деп. Міне көрдіңіз бе?
Ақтөбе облысының Темір ауданының тумасы Жиенғали Тілепбергенов деген жазушы, сатираның классигі өткен. Сол Жиенғали аштан өлейін деп жатып, райкомның бірінші секретарын шақыртыпты. «Ал енді мынау партбилетіңнің маған керегі қалмады. Қырылып жатқан халықпен бірге, менде ана дүниеге кетейін деп жатырмын», — дейді. Сонда бірінші секретарь: «Жиенғали қателесесің, қателесесің», — деп шығып кетіпті. Жиенғали белсенді болмаған, руханиятқа қызмет еткен адам ғой. Сөйтіп аштан өліпті. Осындай қыруар мысалдарды көргенде, Иззабелланың есебі бойынша тірі қалған 20 пайыз қазақ, сол тұстағы белсенділер және олардың төңірегіндегі адамдар болса керек деп ойлап қоямын. Мұндай қатыгездік күні кешеге дейін жалғасты ғой. Колхоз, совхоздарда «кілтші» дегендер болды. Солардан абыройлы, солардан паң адам болған жоқ. Өкімет саясатын шығара қалса болды, халықты қырғынға итере салудан тайынбайтын, өз ұлтына жаны ашымайтын қазақтардың ортамызда көп болғанын несіне жасырамыз?
1928 жылдары басталған жаппай тәркілеу кезінде білек сыбана кіріскен белсенділер милициямен бірлесе отырып халықтың қолындағы жалғыз сиырына дейін айдап әкеткен. «Мұнымыз ұят қой, бір үйлі жанның таңдайына талшық етіп отырған жалғыз сиырын алсақ, ары қарай немен күн көреді» дегенді ойламаған. Малдың барлығы қырылды. Мұны Сталин басқарған орталық комитет біліп отырды. Сол тәркілеуге дейін қазақтардың қолында малы көп еді. Аштық Мәскеуде де болды. Алайда Қазақстаннан шыққан ет тиелген вагондар, сол жаққа тоқтаусыз жөнелтіліп жатты. Қанша вагон ет борсып, бұзылып кетті. Сөйтіп бұзылып қалатындығын біле тұра, жергілікті орындағы басқарушылар аш халыққа дым татырған жоқ. Кезінде Ақмоланың бір ақсақалы айтып еді маған. Жезқазған жақтан жиналған қисапсыз көп ет бұзылып кетіп, амалсыз мұнай өнімдерін құйып өртеп жіберген. Бұл үнемі қайталанып отырғандықтан, жыл бойы жанып жатыпты. Бұл сол тұстағы Кеңестер одағын басқарып тұрған коммунистік партия орталық комитетінің әдейі жасағаны еді.
— Мәскеудегілер төбеден төніп, қадағалап тұрған жоқ қой. Сонда жергілікті орындағы басшылар мен белсенділерде халыққа деген жанашырлық болса, қаншама халық аман қалар еді…
— Қазақ халқы Патшалық Ресейдің езгісінен кейін әбден су жүрек болып қалған еді. Қазақтардың қолында мылтық болған жоқ. Болған күнде де оны бейуаз адамға оқтамайтын. Абақты салған жоқ. Сондай момын, адал халық еді. Ұлтымыздың осындай дарқан мінездері біртіндеп сұйыла берді. Мұны Кеңес өкіметінің қаһары онан ары өзгертіп жіберді. Бара-бара өзінің туысқандарын да аямайтын халге жетті. Бұл үрей мен жасқаншақтық қазірге дейін қанымызда сақталып келе жатқандығы еді.

 

15 жылда 3 мәрте аштыққа ұшыраған

— Аштықтың өзі адам психологиясын қатты бұзып жіберетін көрінеді ғой. Бас-аяғы 15 жылдай уақыттың ішінде 3 мәрте аштыққа ұрынған халықтың жағдайы тым күрделі болды ғой.
— Аштықтың 4 кезеңі болды. Алғашқы аштық 1919 жылы басталды. Биыл осы нәубетке 100 жыл толып отыр. Қазіргі адамдар ашаршылық туралы сөз болғанда, 1931-1933 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылықты еске ала береді. 1919 жылғы аштыққа орыстар да ұрынды. Бұл деректерді Орынбордың архивтерінен көрдім. Алдында ғана революцияға қатынасқан орыстар аштыққа ұшыраған кездері топырақты қайнатып ішіп жан сақтапты. Ол кезде Орынбордың 60 пайызы қазақтар болатын. Қазақтың әйелдері жеуге жарайтын шөптерден 30-ға тарта тағам түрін дайындап, отбасындағыларды аман алып қалған. Екінші кезеңі — 1922 жылдары қайталанды. Жоғарыда айтылған Сталиннің Барнаулға келуі, осы оқиғамен байланысты.
Ақ патшаны аударып, билікті қолдарына алған қызылдардың Мәскеудегі басшылары «біз дамыған елдерден 50 жыл артта қалып қойдық» деп, шаруашылыққа мықтап кіріспекші болған. АҚШ-нан 12000 трактор алдырған. Жерорта теңізі арқылы Кеңес одағына жеткізілген сол техникалар Ресей мен Украина еліне ғана бөліп беріліпті. Ал жаңадан құрылып жатқан Кеңес елінде аштық жайлап жатты 1920 жылдардың қарсаңында АҚШ бидайдан мол өнім алып, қоймаға сидыра алмай бұзылып кететін болған соң теңізге төгіп жатты. Еуропаның кейбір елдері артылған бидайды, тепловозға көмір орнына жаққан екен. Кеңес елінің басшылары, сондай халықаралық жағдайларды біле тұрып, шетелден техниканы ғана сұрап алып, аштан қырылып бара жатқан халқын аман сақтау үшін неге бидай сұрап алмағанын күні бүгінге дейін түсінбеймін?
Алапат аштық Қазақстаннан өзге елдерді де шарпыды. Бізден кейін қырғын көрген ел — Украина. Олар да халқының біраз бөлігінен айрылды. Сол украиндар кейін келе «халықтың 11 пайызы аштан өлді» дегенді Мәскеуге мойындатып алды. Халықаралық қоғам бұл оқиғаны «Украинадағы алапат аштық» деп еске алады. Ал, «халқының 80 пайызынан айрылған» Қазақстан бұны күні бүгінге дейін Мәскеуге батылы жетпей отыр. Керек десеңіз, тәуелсіз Қазақстанның билігін ұстап отырғандардың өзі бұл жайлы тым сирек айтады. Осыны ойлағанда, мынау еркіндікке масайрап, әбден тойынып алған соң өткен күндерін ұмытып кететін адамдар көбейе ме деп қорқамын. Ұрпақтар ертеңін ойлау үшін, өткен күннен сабақ алуы тиіс қой.

 

Қазақтар астана болған Орынборды неге тастады?

— Сол қиын күндерде Алаш қайраткерлерінің аш халыққа мал айдап апарып беріп, көмек көрсеткені туралы деректер бар. Осы төңіректе айтыңызшы?
— Алаштың көп қызметі бар. Менің қолымда Алашқа қатысты біраз материалдар бар. Кейбіреулері күні бүгінге дейін жарияланған жоқ. Біз белгілілерін ғана айтып отырмыз. Қаншама Алаш арыстары аты белгісіз күйде өліп кетті. Олар бүгінгі біздер сияқты емес, қаны күшті текті қазақтар еді. Қазақ халқына көрсеткен жақсылықтары көп, армандары да асқақ еді.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, «қазақтар өз астаналары Орынборды неге тастап кетті?» деген сұрақ туралы көп ойланып жүрдім. Әрине, белгілі себептері де болды. Алаш өкіметі құлағанымен де астананы сақтап қала алмауымызға не кедергі болды? Байлығы тасыған, ата-баба аруағы жатқан жерден айрылдық. Мен дерек іздеп Орынборға көп бардым. Онда бүкіл Ресейге танымал Сайкин деген академик досым тұрады. Әр жолы соның үйіне барып жатамын. Бірде Сайкин досымнан сұрадым. «Мен мынау архивтеріңді қанша ақтарып отырсам да, Алаштықтардың Орынборды неге тастап кеткендігі туралы нақты себеп, дерек таба алмадым. Сен білесің ғой, айтшы» дедім. Ол ойланып отырды да «бұл дерек табылмайды, ол баяғыда жоғалған. Себебі оның басында Ленин тұр. Ленин айына неше мәрте адамдарын жіберіп, Алаш көсемдерінен, Орынборды тастап, ішкі қазақ жеріне кетуді талап еткен. Түрлі айла-шарғы мен тәсілдерді де іске қосқан. Алаштықтар талай айқасты. Қолдарынан келмеді» деді. «Ленин көкемізге не жазып қойдық сонда?» деймін мен ентелей түсіп. Ол күлді де, «мына жағында татарлар, мына жағында башқұрттар отырған Орынборда қазақтардың болуы социализмге қатер төндіреді деп алаңдаған болуы керек. Яғни, геосаясаттың қажеттілігі үшін солай жасады» деді. Міне, қандай жоғалту?! Сол Орынборда қазаққа қатысты қаншама деректер, күні бүгін ғылыми айналысқа енбеген күйінде шаң басып жатыр. Маңызды дегендердің бір бөлігі партиялық архивтерде сақтаулы тұр. Тәуелсіздіктен кейін бұларды жоқтайтындар, баратындар көбейді. Алайда Путин мырза, «архивтерді ашуға мороторий жариялады». Жасыратыны жоқ, осыдан 5-6 жылдың алдында, Ресейдегі әскери салада қызмет еткен беделді таныстарымды араға салып жүріп, КГБ-ның кейбір архивтеріне қолым жетті. Бір полковник әйел, 1930 жылдардағы жазалауға қатысты материалдарды алдыма әкеліп жайып салды. Соларды ақтарып отырып көз жасыма ие бола алмадым. Басқа халықтың қырылып жатқанын айтпағанда, өкіметке қызмет етіп жүрген чекистер мен «Сталинге адал қызмет етті» делінетін сот, прокурорлардың өзінен 20 мыңдайын атып тастапты. Әйелдерін түрмеге айдап әкетіп бара жатып, бастарын кесіп алып пойыздан лақтырып жіберіпті. Балаларын өкіметтің кеңселерінде отырып өлтіріп жіберген. Аштықпен қосамжарласа келген сұмдық саяси қырғын еді бұл. Осыларды қорыта отырып «Миға қойылған бомба» деген кітап жаздым. Ал аштық мәселесі туралы ашылмай жатқан талай деректер, Уфа, Барнаул қалаларының мұрағаттарында әлі тұр. Ендігі жастар соның соңына түсіп іздесе, тарихтың ашылмай жатқан құпиялары халыққа жетер еді.
— Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан — Ерқазы Сейтқали