Түркі әлемін зерттеуге арналған симпозиум өтті

Әзербайжан астанасы Баку қаласында Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы аяқталды. Баку Еуразия университетінің ұйымдастыруымен алтыншы рет ұйымдастырылған алқалы басқосуға 4 мемлекеттен 500-ге жуық ғалым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және өнер ұжымдары қатысты.

Дәстүрлі жиынның ресми ашылуы 13-маусым күні Баку қаласындағы «Caspian Business Hotel» қонақ үйінің конференц залында өтті. Кеңесті Баку Еуразия университетінің ректоры Назим Гусейнли ашып, симпозиум жұмысына сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде бұл шара туыстас түркі мемлекеттері ғылымының керегесінің кеңеюіне тың серпін, жаңаша тыныс беретіндігін атап өтті.

Ал Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетінің ректоры Мухсин Кар қазіргі күнде түркі əлемін зерттеу – рухани бренд екендігін тілге тиек етті.

– Жаһандық күрестің ортасында тұрған түркі халықтарының мүдделерін ортақтастыру арқылы бірлігі мен тыныштығын сақтап, ынтымақтастығын əртараптандыра отырып нығаюын, тарихтағы түркі халықтарына жасалған зұлымдықтың, қырғын мен мəдени геноцидтерді пайдаланбауын қамтамасыз етуіміз керек. Мың пікірден гөрі ортақтасып шешкен бір пікір артық. Ақпарат тудыратын, сол тудырған ақпаратты өнімге айналдыра білетін, жаһандық бір күшке ие бола алатын белсенді күшке айналуға ұмтылудамыз, – деді Мухсин Кар.

Өз кезегінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова жиын қатысушыларына 75 жылдық тарихы бар Қыздар университетінің ұжымы мен студенттері атынан жолдаған құттықтауын оқыды.

– Түркі дүниесіне ортақ құндылықтың бірі де бірегейі – ғылым. Түбі бір туысқан халықтардың төл тарихына үңілер болсақ, түркі әлемінен шыққан ғалымдар әлемдік ғылымның шамшырағын жағып, жаһандық өркениеттің өрістеуіне елеулі үлес қосты. Бір бұл ғана емес. Түркі дүниесі әлемдік өнер мен мәдениеттің және экономиканың қарышты дамып, гүлденуіне жол ашты.  «Екінші ұстаз» ретінде танылған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз орта ғасырда Қазақ еліндегі Отырар қаласында философия, математика, өнер және әдебиет саласы бойынша 150-ге жуық ғылыми еңбек жазды. Ұлы ойшылдың құнды трактаттары әлі күнге дейін өзінің мәні мен маңызын жойған жоқ. Ал күллі түркі әлемінің рухани көсемі Қожа Ахмет Иассауи Түркістан қаласында өмір сүріп, діни ілім таратты. Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашғари, Әбу Райхан әл-Бируни, Ахмет Иүгінеки сынды ғалымдар тек түркі дүниесінің ғана емес, сонымен қатар әлемдік ғылымда да өзіндік дара қолтаңбаларын қалдырды, – деп атап өтті Гаухар Алдамбергенова.

Сондай-ақ ол бабадан балаға жалғасып келе жатқан алтын арқауды үзбеу мақсатында және тегі бір, тамыры ортақ туыстас халықтардың ғылымдағы өзара ынтамақтастығын одан әрмен нығайту орайындағы Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумының маңызына назар аударды.

– Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетінен бастау алған тағылым аларлық алқалы жиынның жыл өткен сайын ауқымы да, маңызы да кеңеюде. Ағартушы Исмаил Гаспринскийдің «Тілде, пікірде, істе – бірлік» деген ұлағатқа айналған сөзінің өміршеңдігі айқын дәлелденуде. Түркі әлеміне ортақ тұлғаның орамды ойының іске асуына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұйытқы болды. Түркі дүниесін жақындастырудағы Гаспринскийдің «тілде бірлігі» латын әліпбиінде көрініс тапса, «пікірде бірлігі» – тарихи тамырластық арқылы ұлттық жад пен кодты жаңғырту арқылы жүзеге асырылуда. Ал «істе бірлігі» дегеніміз – түркі дүниесінің саяси-әлеуметтік және ғылымда өзара ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуы.  Расында да, қазіргі күнде аумалы-төкпелі заманның бел ортасында тұрған түркі халықтарының ортақ мүддесі арқылы туысқан елдердің тыныштығы мен бірлігін сақтап, бауырлас жұрттың достығын нығайтуға ерекше назар аударылып отыр. Дәстүрге айналған симпозиумның да басты мақсаты – тілегі мен ниеті, ойы мен тойы бір ағайынның ортақ сұхбат алаңын құру. Келелі кеңес құрып, жаңашыл жаңалыққа жол ашу, – деді Қыздар университетінің ректоры.

Гаухар Алдамбергенова өз сөзінде сонымен қатар Қазақстанның туысқан түркі халықтарының бірлігіне ұйытқы болып отырғанын да баяндады.

– Жаңа мыңжылдық Еуразия кеңістігінде үлкен саяси өзгерістермен бастау алды. Түбі бір түркі мемлекеттері тәуелсіздік алды, бабалар арманы шындыққа айналды. Бұл өзгерістер – жаңа саяси-экономикалық және мәдени кеңістіктің пайда болуына жол ашты. Бүгінде Қазақстан туысқан халықтар ынтымақтастығының нығаюына негізгі ұйытқы болып келеді. Бұған негіз де жоқ емес. Өйткені, Қазақ жері – ежелден Шығыс пен Батысты, Еуропа мен Азияны жалғайтын алтын көпір саналып келген. Құрлықтар мен құндылықтар тоғысқан Ұлы Дала елі – түркі әлемінің алтын бесігі, қастерлі қарашаңырағы. Күлтегін бабамыздың: «Егер сен, түркі халқы, өз қағандығыңнан бөлініп кетпесең, онда бақытты, қайғы-қасіретсіз өмір сүресің» деген түркі халқының мәңгі мақсат-мұраттарын көздейтін «Тұтас түрік елі» идеясы бүгінде жаңа белеске көтерілді. Соның нақты айғағындай болып отырған Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы түркітілдес елдердің мәдениеті мен өнерінің, тілі мен әдебиетінің дамуына үлес қосуды көздейді. Бұл –  түркі өркениетінің дамуына, дәуірлер жалғастығына алтын арқау болады деп сенемін, – деді қазақстандық жоғары оқу орнының басшысы.

Әлемдегі ғылым, білім саласында түркі әлеміне қатысты зерттеу жасап жүрген ғалымдардың басын қосып, ғылыми бағытта пікір алмасуды қамтамасыз ету, жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасау симпозиумның басты мақсаты. Биылғы жылғы жиынға Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан мен Башқұртстаннан 500-ге жуық ғалым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және танымал өнер ұжымдары қатысты. Оның ішінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 40-тан астам қызметкері мен студенті бар.

Басқосудың секциялық жұмысында ғалымдар педагогика, тіл, әдебиет, тарих, мәдениет, өнер, халықаралық қатынастар, экономика, философия, әлеуметтану, гендерлік мәселелер жайында және жаратылыстану ғылымдары саласында пікір алмасып, болашақта түркі әлемінде ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру турасында уағдаласты. Түбі бір түркі халықтарының өзара ынтымақтастығының нығаюын, әлемде бейбітшілік пен тыныштықтың қамтамасыз етілуін көздейтін жиын «Жаһандық бәсекеге қабілетті филолог маман даярлаудың әлемдік тәжірибесі», «Әдебиет арқылы ұлттық сананы кемелдендіру», «Жаһандық білім беру жүйесі: әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді жаңаша оқыту әдістемесі», «Латын графикасы: тарихы, теориясы және оқыту әдістемесі», «Түркі қауымы: тарихы мен мәдениеті», «Қазіргі замандағы білім беру үрдісінің ұлттық және халықаралық даму тенденциясы» және «Түркі тілдес мемлекеттердегі гендерлік білім берудің өзекті мәселелері» бағыттары бойынша өткізілмек.

Айта кетейік, Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Баку Еуразия университеті және М. Акмулла Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің ұйытқы болуымен Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы алғаш рет Түркияның Өмер Халисдемир университетінде 2014 жылдың 18-21 наурыз күндері аралығында өткен болатын. Сонымен қатар шара аясында аталған жоғары оқу орындарының студенттерінің қатысуымен «Түбіміз бір Түрікпіз» фестивалі да тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Жиын соңында симпозиумға қатысушы университет басшылары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, арнайы қарар қабылдады.

«Симпозиумның түркі мемлекеттерінің өзекті мәселелерін шешуде маңызды рөлі белгіленіп, жетекші ғылыми ортаға айналдыру мақсатында халықаралық деңгейде танылуына жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс. Түркітанудың өзекті  мәселелері бойынша ортақ дүниелерді жүйелі түрде  талқылаудан өткізіп отыру мақсатында симпозиум жұмыстарын жылына бір рет түркі мемлекеттерінің  бас  қалаларында ұйымдастыруға мүмкіндік жасау қажет деп санаймыз. Университеттер арасында басталған осы ынтымақтастықтың басқа салаларда да дамуы және мемлекеттері мен қауымдастықтарының әр саладағы ынтымақтастығы өздерінің береке мен бірлікте дамуына ғана әсер етіп қоймай, сонымен қатар аймақтар мен әлемнің бейбітшілікте өмір сүруін  қамтамасыз етеді» делінген қарарда.

Жандар АСАН,

Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы