Төлен Тілеубай: Бізде журналисті қорғайтын заң жоқ!

Журналистиканың өзін бүгінде бір өнер түрі десек, оған таласушының қарасы көп. Әрине, көкжәшікті қосып қалсаңыз, сұңғақ бойлы сымбатты жігіттер мен қыпша бел арулардың сайрап тұрғанына күнде куәміз. Бірақ, солардың бәріне халықтан бұрын өздері «журналист» деп ат тағып алды. Тіпті, кейбіреуі танымалдылығын алға тартып, сырттай білім алып, қарсы келгенге дипломын сылтауратып жатуы әсте мүмкін. Алайда, елге шешен, көпке көсем болып жүрген «мықтылардың» бәрін журналист деп атауымыз қаншалықты орынды? Керек десеңіз, журналистиканы жан-тәнімен қалап, бала кезінен армандап, қазір жазудай-ақ жазып жүрген жас журналистердің өзіне күмәнмен қарайтын азаматтар да жоқ емес. Солардың бірі «Жас қазақ» республикалық қоғамдық-саяси газеті арқылы көпшілікке танымал журналист, қаламы қарымды көсемсөз шебері – Төлен Тілеубай. Өзінің соңғы он бес жылда жазған материалдарының ішіндегі шоқтығы биік, қоғамда пікір туғызған өзектілерін ғана жиып-теріп, тәуелсіздік мерекесі қарсаңында кітап етіп шығарған баспасөз майталманымен ашық әңгіме айту маңдайымызға бұйырған болатын.

%d1%82%d3%a9%d0%ba%d0%b5

-Төлен мырза, «Тәуелсіздік – тұмарым» деп атын қойып, жуырда ғана таныстырылымы өткен жаңа кітабыңыз құтты болсын! Еңбектеріңізбен етене таныс ағайындар қайта оқып, мен секілді артыңыздан ерген бауырларыңыз өз шығармашылығына азық етеді деп сенемін. Сұхбатымызды су жаңа кітабыңыздан бастасақ…

-Ниетіңе көп рахмет! Өз басым жазуды сонау 95-жылдардан бастасам да, 1999 жылы Қарағандыдағы img_9900Е.Букетов атындағы Мемлекеттік университетін бітіріп, кәсіби қазақ журналистикасына қадам жасадым. Қарап отырсам, содан бері он бес жылдан астам уақыт қас-қағым сәттей өте шығыпты. Осы аралықта түрлі басылымдарда, телевизия саласында да қызмет істеп көрдім. өз өкілі, өз адамы болып қалыптастым деп ауыз толтырып айта аламын. Жазушы  Ғабиден Мұстафиннің: «Мұралардың ең қымбаты-сөз.Сөз күн шалмас қараңғы көңілді шалады,күн жылытпас суық көңілді жылытады, асылы адам да, нәрсе де тозады, жоғалады. Асыл сөз мәңгі жасайды» дегені бар-тын. Осы бір қанатты сөз жадымда студенттік кезден жаңғырып, жүрегімде қалып қойған еді. Кейін журналистикаға араласып, көптеген дүниелер жаздым, көкейтесті мәселелерді қозғап, белгілі тұлғалармен сұхбаттастым, т.с.с. Міне, осылардың бәрінде айтылған қоғамдағы еркін пікір, азат ойды кітап қып басып, соңымнан еріп келе жатқан іні-қарындастарыма бағдар көрсетуді мұрат еткен едім. Осыдан он жыл бұрын, яғни, 2006 жылы «Аласапыран Америка» атты алғашқы кітабым жарық көрді. Онда аталарымыздың ізімен мен де мұхит асып барып, АҚШ-та көрген-білгендерімді қарапайым қазақ оқырмандарына жеткізуге тырыстым. «Мен көрген Үндістан» деп жазған Ғабит Мүсірепов секілді жаза алмасам да, Құдай жаза алатын талант бергеннен кейін қолдан келгенше жолсапар очерктерін жазып шықтым. Бірақ, ол кітап өте аз мөлшерде таралды. Десе де, Аллаға шүкір, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесіне орай жаңа кітабым жарық көрді.

        Тәуелсіздік дегенді қалай түсініп жүрміз? Шыны керек, осы сұрақ әлі күнге өзекті, күрмеуі қиын мәселе болып тұр. Мемлекет тәуелсіз болуы үшін «азат ой», «еркін қоғам» деп айдар таққан атаулар шынайы болуы керек, яғни, адамның айтар сөзі, пікірі, санасы тәуелсіз болуы қажет. Осыны мұрат еткен соңғы он бес жылдағы сүбелі сұхбаттарымды, сараптамалық мақалалар мен публицистикалық шығармаларымды топтастырып, оқырманға қайта ұсынып отқан жайым бар.

img_9894

-Аталмыш кітаптың таныстырылымында журналистикадағы ұстазыңыз Талғат Батырхан ағамыз сіздің жалындаған жиырма бес жасыңыз, яғни, 2000 жылдар мен бүгінгі таңдағы журналистиканың айырмасы жер мен көктей деген болатын. Алып-қосарыңыз бар ма?

Ол рас. Қазіргі журналистика қожырап кетті. Ағамыздың көңілінің толмауы да сондықтан. Жаңа жанрлар пайда болды, бұрынғы керемет очерктер, памфлеттер келмеске кетті. Сондай-ақ, журналистикамыз кім көрінген «есіктен кіре сала төр менікі» дейтін жағдайда тұр. Ол қанша айтылып та, жазылып та жатыр. Алаш арыстарының, «Қазақ» газеті, «Айқап» журналдарында түрлі жанрды қолданып, елдің мұңын, халықтың зарын жеткізген бабаларымыздың ізін жалғаушы буын болғандықтан осы жинағымды шығаруда бүгінде кітапқа қарағанда қолындағы телефоннан бас алмайтын іні-қарындастарымыз оқып үлгі алар деген мақсат та болған еді. Өзің сияқты бауырларым, келер ұрпақ керегін оқып, өзінің қажетіне жаратып жатса, сол менің бір арманымның орындалғаны деп білемін.

-«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, кітап шығаруға көмектескен атымтай азаматтарды оқырмандарға айта кетсеңіз артық болмас деп отырмын…

Кітап 500 данамен шықты. Астанада бес-алты жыл көлемінде жұмысын бастаған «BAQORDA» атты жекеменшік компания бар. Соның басшысы, өзімнің досым, халыққа белгілі азамат Мәди Манатбек қол img_9928ұшын созып, тәуелсіздіктің төл мерекесіне орай кітаптың жарық көруіне атсалысты. Алла мені кіл мықтылармен, әсіресе, Отанын жан-тәнімен сүйген азаматтармен дос қылғанына шүкірлік айтамын. Мәди де – ұлт ұпайын түгендейтін жерлерде жүретін, ұлтымызға қатысты игі шаралардың басы-қасында жүретін азамат. Осындай азаматтармен етене араласып, пікір алмасып, өз ойымызды ашық айта алып жүргендіктен, мақсатымды басқалардан жақсы білгендіктен өзі демеуші боламын деп ағынан жарылды. Дәл 16 желтоқсан күні жарық көрмесе де, сәл он күнге кешіктік. Әйтсе де, бұл – бағындырған белеске шыққандай сезімде жүрмін. Бұл да аз да болсын көңілге медеу, халыққа берген есебім деп топшыладым. Бұйыртып жатса, алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі тұлғалардан алған сұхбаттарымды, бұл кітапқа енбей қалған өзге де өзектілігін жоймайтын материалдарымды тасқа қашап жазғандай кітап қылып шығарамын деген ойым бар.

-Замандастарыңыз кітапханаға басқадан ерте кіріп, кеш шығатын деген еді. Мұндай қасиетіңіз бала кезден қалыптасқан болар?

Менің балалық дәуренім оңай кезге дөп келді деп айта алмаймын. Алайда, бүгінгі жастардан бір айырмамыз көп оқығанымыз шығар. Кітап жеткіліксіз болса басылым беттерін ақтаратынбыз. Үйде «Даналардан шыққан сөз» деп аталатын кітап болды. Сол кітапты жата-жастана оқыдым. Әкем коммунист болғандықтан үйге бума-бама газет-журналдар келетін. Ол кездегі газеттің исі де бөлек. Ішіндегі жазылған дүниені сөзбен айтып жеткізе алмаймын. «Жаңа фильм», «Жұлдыз», «Жалын» сияқты журналдарды ерінбей оқып, сол кездегі публицистикамен сусындап өстім. Соның септігі тиді ме, журналист болуды армандадым. Бірде жаңа жылдық шыршаға басқалардан ерекше болып киініп бардым. «Сен кімнің кейпіндесің?» десе, мен «журналистпін» деп қоямын. Бәрі маған қарап күледі. Сонда өзімше көзіме көзілдірік тағып, қолыма портфель ұстап, журналистің рөлінде жүретінмін. Міне, осылайша жазу өнері, журналистика саласына армандап және көп оқумен кедім.

-ҚарМУ-де бірге білім алған достарыңыз, тәлім берген ұстаздарыңыздың сөзінен байқағаным, студент кезінде журналист ретінде басыңыздан біршама оқиға өткен секілді. Солардың біріне тоқталып өтіңізші…

-Ол студенттік дәурен керемет кездер еді ғой. Е.Букетов атындағы ҚарМУ-ге әскерден әскерден келген соң түстім. Қызықты сәттер өте көп. Оны айта берсек таңды таңға ұрарымыз хақ. Соның бірі ретінде шіркеуге барғанымды айта кетейін. Олар әлі күнге еліміздің түкпір-түкпірінде бар, сол кезде Қарағандыға енді ғана шоғырланған кезі екен. «Греис» атты христиандардың миссионерлік ұйымы, негізі АҚШ-та қаланған. Бір күні студент кездегі досым бір жерден тамақтанып қайтайық деді. Басында бір асхана ма, әлде туысының үйіне баратын шығармыз деп ойлаған едім. Бірақ, мені шіркеуге алып барды. Есіктен ене бергенде қанша тосырқасам да, бөшке-бөшке болып тізіліп тұрған салаттардың исі мұрнымды жарып, ақыры асханаларына алып барды. Таңқалғаным, олар иістің өзінің адамдарды тартатынын жақсы біледі екен. Өкініштісі, сол арқылы қаншама мұсылман қазақ баласын шоқындырды десейші… Ашқұрсақ жүрген менің бар ойым тегін тамақ та болса да, көп қазақтың қарасын көріп, келесі келгенде диктафонымды ала келдім. Жанында өзгеше киінген екі адамы бар шіркеу басшысымен сұхбаттастым. Ол кезде тілді онша білмесем де әңгімесін дұрыс жеткізуге барымды салдым. Ол да қу екен. Сұрақтарыма мүдірмей жауап беріп, лицензияларының бар екенін, заңды жұмыс жасап отырғанын айтты. Кейін қарасақ, олар Қарағандының орталық бағынан ойып тұрып жер сатып алып, соған шіркеу салдырған екен. Содан дүркіреп тұрған тәуелсіз «Дат» газетіне «Греис сатып алған ғимарат» атты мақалам жарық көріп, елді шулатқаным бар. Әр нөмірін іздеп жүріп оқитын, қолымызға көбі түссе таратуға асығатын едік. Сөйтіп, «…қазақтар шоқынып кетер-ау деген уайым бар» деп аяқтаған мақалам университет басшылығына дейін жеткені бар. Айта берсем, елдің проблемасын қозғаймын деп жүріп бастан өткен қиын да қызықты оқиғалар жетерлік.

-Газеттердің жағдайы күрт нашарлағанын көріп те, біліп те жүрсіз. Журналист ретінде газетті «құтқарып» қалуға қандай идея ұсынар едіңіз?

-Шынында, қазақ баспасөзінің бәсекеге қабілеттілігіне көңіл толмайды. Тіпті, сайттардың өзін уақыт бөліп оқитындар азайып бара жатқандай көрінеді. Қазір ақпарат іздегеннің бәрі «Фейсбукке» үңілетін заман болып тұр. Ғаламтордың дәурені жүріп тұрғанда баспасөздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін «БАҚ туралы»  Заңды түбегейлі өзгерту керек. Көп жерде үнемі айтып та жүрмін, газеттің әлеуетін көтеру үшін бізге екі заң керек. Оның бірі – қаламақы туралы заң, екіншісі – журналистерді барлық жағынан қорғау. Яғни, еркін ойлай алған журналист еркін жаза алуы керек. Біздің бәсекелестікте көбіне ұтылып қалатынымыз да осы – еркін жаза алмау, ананың көңіліне тиіп кетермін деп немесе биліктен, бай адамдардан қорқу, жалтақтық. Дамыған демократиялық мемлекеттерде де әлеуметтік желілер алға шығып кеткен, бірақ, газет те өз биігінен түспеген. Неге? Себебі, олар да азат ойлаумен қатар, еркін жазу бар және барлық жағынан қорғау бар, қаламақылары өте жоғары. 

img_9952

Соңғы сұрақ. Желтоқсаншылардың жанын бір кісідей түсініп, 86-дағы аталмыш оқиғаның анық ақиқаты бұқпасыз, бұрмалаусыз айтылса екен деп жүрген журналистердің бірісіз. Ызғары әлі бойымызда тұрған тарихи көтеріліс тәуелсіздік мерекесінің тасасында қалып қойған жоқ па?

2016 жыл еліміз үшін үш атаулы датаға тұспа-тұс келді, айтулы, айшықты, тарихи жыл болды. Олар – жыл бойына кеңінен насихатталған Алаш арысы, ЮНЕСКО-ның өзі «әлемдік деңгейдегі тұлға» деп мойындаған ұлтымыздың бірінші көсемі Әлихан Бөкейхан бабамыздың 150 жылдығы, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығы. Осы айтулы даталарға орай түрлі іс-шаралар жыл бойына өтті. Оған шама-шарқынша мен де өз үлесімді қостым деп ойлаймын. Дегенмен, Әлихан бабамыздың 150 жылдығы өз деңгейінде өтті деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Ол жағынан ұятты да шығармыз. Кезінде Абылай ханның тойы Көкшетауда өткенде Мырзатай Жолдасбеков ағамыз «Қазақтың ханының, үш жүздің басын қосқан атақты Абылайдың тойы неге Көкшетауда өтуі керек? Сонда Абайдың тойы Семейде өтуі керек пе? Қазақтың біртуар азаматтарының тойлары Елордада өтуі керек еді ғой…» деген болатын. Мен де ағамызды толық қолдаймын. Сол секілді, Әлиханның да 150 жылдығын тойлау ғылыми конференция, кездесулерден әрі аса алмады. Десе де, оның орны биыл Алашорданың 100 жылдығында толады деп үміттенеміз. Сондай-ақ, Тәуелсіздік мерекесі ұлтымыздың төл мерекесі болғандықтан ел болып, жұрт болып жыл бойына қолдан келгенше жұмыс атқардық деп есептеймін.

Ал, Желтоқсан көтерілісінің, тарихи оқиғасының жөні бір басқа. Оның шындығы толық айтылмай келеді. Ол туралы айтып та, жазып та жатырмыз. Бұған дейін желтоқсаншылар жайлы жазбай қалған кезім болған емес. Соның ішінде 2000 жылдардың басында осы тақырыпта «Алтын орда», «Жас қазақ үні» газеттерінде өткір сұхбаттар жарияладым. Ортамызда жүрген желтоқсаншылардың жанына үңіліп көрдім, сол оқиғаның құрбаны Ербол Сыпатаевтың өлімі туралы да жаздым. Ақиқаты қанша жерден анық, ашық айтылмай жатыр десек те, Желтоқсан оқиғасындағы жалынды жастардың ерлігі біздің бүгінгі тәуелсіз заманға жетуімізге бірден-бір жол ашып берді.  Жаңа кітабымның іші тәуелсіздік тақырыбына тұнып тұрғандықтан, Желтоқсан оқиғасын бірінші беруді жөн санап, мұқабасына да көтерілістен көрініс беріп, беташар материалды «Көңге көмілген кек» деген Сабыр Қасымовтың сұхбатымен бастауды жөн көрдім. Сондай-ақ, осы көтерілістің 30 жылдығы қарсаңында шетелдік ғалымдарды жинап, Астанада желтоқсаншылар үлкен көлемде ғылыми-практикалық конференция өткізген еді. Аталмыш жиындағы баяндамаларды жинастырып, мақалаларды құрастырып шығарған жинақтың редакциялық алқасына мен де мүше болдым. Мұндай міндетті мақтанышпен мойныма алып, ағаларымызға көмектестім. Жәрдемдесе жүріп, тың дүниелерді кездестірдім. Мәселен, польшалықтардың Қайрат Рысқұлбековтің суреті бейнеленген пошта маркасы шыққанын шетелдік ғалымның аузынан естіп таң қалғаным бар. Жинақ қалың кітап болып басылып шығарылды. Бәлкім, таныстырылымы елеусіздеу өткен болар. Бірақ, ішінде қазақ баласы оқуға тиісті, білуі міндетті болған деректер көп екенін айта кеткім келеді.

-Сұхбатыңызға көп рахмет! Қаламыңыз түскенше қазаққа қызмет ете беріңіз!

Сұхбаттасқан ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ