ТҰМАУДАН САҚТАН

Жедел респираторлық вирусты жұқпалар мен тұмау – қоздырғышы ауа тамшы механизмімен берілетін бір біріне жақын аурулар.
Жедел респираторлық вирустық инфекциялар – өз белгілері бойынша тыныс алу мүшелерінің зақымдануымен сипатталатын және тұмауды, парагрипп, респираторлық-синцитиальды инфекцияны, риновирустық және аденовирустық инфекцияларды және жоғары тыныс алу жолдарының басқа да катаральды қабынуын біріктіретін әлемдегі кең таралған аурулар тобы.
Тұмау — эпидемиялық және пандемиялық таралуға бейім, жоғары тыныс жолының зақымданумен көрініс беретін жедел респираторлы вирусты инфекция.
Тұмау әлемнің барлық елдеріне таралған.
Инфекция көзі – тұмаумен ауыратын адам. Аурудың жасырын кезеңі 1-2 сағаттан 1-2 күнге дейін созылады. Инфекция көзінің ең қауіпті уақыты-аурудың алғашқы күндері. Науқас адам ауру қоздырғышы – вирусты қоршаған ортаға тыныс жолдары секретімен бөледі (түшкіру, жөтелген кезде). Адамнан бөлінген ауру қоздырғышы 1-3,5 метр қашықтыққа дейін таралады.
Ауруға шалдығу балалар арасында өте жоғары, жалпы ауырғандардың 40-50 % құрайды. Ауруға шалдығу балалар мен жастар ұжымдарында (балабақшаларда, мектептерде, студенттер арасында) бір мезгілде бұрқ ете қалу түрінде болады.
Тұмау жедел басталады, жеңіл, орташа немесе ауыр клиникалық түрде өтеді.
Жедел пайда болған дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бас ауруы, жөтел, бұлшық еттердің ауыруы 2-3 күннен бастап бәсеңсіп, асқынбаған түрінде 7–ші күнге қарай басылады.
Тұмаудың асқынуы: вирустық пневмония, бактериялық пневмония, отит, гайморит, фронтит, гломерулонефрит, менингит, энцефалит. Септикалық жағдайда бактериялар қанға түсіп, онын ары көбеюімен жүреді. Өте ауыр жағдайда өліммен аяқталады.
Тұмаудың алдын алу шаралары:
— Тыныс жолдарын бетпердемен тұмшалау, яғни жабық үй-жайларда және адамдар көп жиналған орындарда бір рет қолданылатын бетпелерді пайдалану;
— Вирустар қалуы мүмкін заттармен байланысқаннан кейін қолды жуу. Сондай-ақ, лас қолмен мұрынды, көзді, ауызды ұстамау;
— Адам көп жиналатын орындарда және қоғамдық көлікте болу уақытын мүмкіндігінше қысқарту;
— Ауру белгілері, мысалы түшкіру немесе жөтелу белгілері бар адамдармен байланысты мүмкіндігінше шектеу;
— Үй-жайларда жүйелі түрде ылғалды жуып-тазалау жұмыстарын жүргізу, жиі желдету;
— Құрамында С витамині бар өнімдерді көбірек пайдаланып, сұйықтықты көп ішу;
Аурудың негізгі алдын-алу шараларының бірі – тұмауға қарсы вакцинациялау. Тұмаудың эпидемиялық маусымның алдында қыркүйек-қараша айларында адамдарды тұмауға қарсы егу — ауруға шалдығуды, асқынуларды болдырмауды, ауыр түрлерін азайтатындығы дәлелденген жәйттар.
Құрметті аудан тұрғындары! Өз өміріңізді, денсаулығыңызды және жақындарыңыздың денсаулығын бағалаңыз! Дәрігердің нұсқауынсыз дәрі-дәрмектерді қолдануға асықпаңыз! Денсаулығыңызға жауапкершілікпен қараңыз!
Сарысу аудандық санитарлық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бөлім басшысы
А.Ермек